15 маусым күні Қордай ауылындағы Орталық саябақта Қордай аудандық Мансап орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шара халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қолдау көрсету, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге ауданның түрлі мекемелері мен Жәрмеңкеге ауданның түрлі мекемелері мен ұйымдарының өкілдері қатысып, тұрғындарға еңбек нарығындағы өзекті ұсыныстармен тікелей танысуға, мамандардан кеңес алуға және жұмыс берушілерге өздерін қызықтырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік берді.
Жәрмеңке барысында аудан бойынша 68 ұйымнан 100 тұрақты бос жұмыс орны ұсынылды. Ең көп жұмыс орындары білім беру саласына тиесілі болды – 40 бос орын. Денсаулық сақтау мекемелері тарапынан 14 бос жұмыс орны ұсынылды. Ал қалған 46 жұмыс орны түрлі қызмет салаларын қамтып, жұмыс іздеушілерге еңбекке орналасудың кең мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашты.
Іс-шара барысында Мансап орталығының мамандары азаматтарға кеңес беріп, жұмысқа орналасу тәртібін түсіндірді және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат ұсынды. Сонымен қатар еңбек нарығында азаматтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жастарды қолдауға бағытталған бағдарламаларға ерекше назар аударылды.
Жәрмеңке қорытындысы бойынша ауданның 8 тұрғыны тұрақты жұмыс орындарына орналасу мақсатында жұмыс берушілермен әңгімелесуге жолдама алды. Көптеген қатысушылар үшін бұл тұрақты табыс көзіне қол жеткізуге және табысты кәсіби мансап құруға бастайтын алғашқы қадам болды.
Бұдан бөлек, келушілер қысқа мерзімді кәсіптік оқыту мүмкіндіктері, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы, жастар практикасы, сондай-ақ еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударғысы келетін азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат алды.
Осындай іс-шараларды өткізу халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жұмыс берушілерге білікті мамандарды табуға мүмкіндік берсе, аудан тұрғындарына сұранысқа ие мамандықтар мен қолданыстағы қолдау бағдарламалары жөнінде өзекті ақпарат алуға жағдай жасайды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және Қордай ауданы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін болады.
Ұлжан БОЛАТҚЫЗЫ