ЖАҢА ТЕХНИКА – МОЛ ӨНІМ КЕПІЛІ

0

Қордай облыс бойынша ауыл шаруашылығы дамыған аудандар қатарына жатады. Егін мен мал шаруашылығын қатар жүргізетін қордайлықтар мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары егіс алқаптарын ұлғайтып, соның арқасында алатын өнім көлемі де арта түскен.

Бүгінгі таңда ауданда агроөнеркәсіптік кешен қарқынды даму үстінде. Ауыл шаруашылық өнідірісті тиімді жүргізу үшін саланы жаңа технологиялармен, жоғары білікті мамандармен, заманауи техникамен қамтамасыз ету қажет. Бұл жоғары өнімділік пен ауылшаруашылық өнімнің ұлғаюына қол жеткізудің жалғыз әрі тиімді жолы саналады. Мемлекет басшысы халыққа жолдаған жолдауларында бұл бағытқа аса назар аударып, шаруалармен кездескенде де бұл тақырып жөнінде үнемі сөз қозғап, заман ағысынан кем қалмауды айтып отырады.

Былтырғы жылы ауылшаруашылық техниканы жаңарту мақсатында қордайлық шаруалар 158 дана техника сатып алған, оның 107-і өз қаражатына алынса, 51 техника лизингке алынған. Ал, бүгінгі күнге фермерлер 61 дана ауылшаруашылық техникасын алған, олардың 13-і лизинг арқылы жеткізілген.

Осы орайда бүгінде шаруасын дөңгелетіп отырған «Қарасу» шаруа қожалығы турасында сөз етсек. Егін шаруашылығына ден қойған қожалық Қарасу ауылында орналасқан. Мәлік Нұрмахамбетовтың басшылық ететін шаруашылықта 5 мың гектар жері бар, соңғы жылдары агроқұрылымда техникалық қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай өзгерістер орын алған. Дәнді дақылдар мен техникалық дақылдарды өсіріп-өндірудің негізгі процестерін механикаландыруға қажетті техника жаңартылыпты. Бұл үшін ірі көлемде қаражат жұмсалған, бірақ таңдалған бағыт шаруашылықты дамудың жаңа деңгейіне шығарған.

Былтыр «Қарасу» ШҚ «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке құны 40 миллион теңге болатын «Lovol» тракторын алыпты. Толық автоматтандырылған, көп функциялы техника жерді өңдеу, қопсыру, дән себу жұмыстарын қатар атқара алады. Одан басқа, заманауи техниканың арқасында механизаторлар барынша қолайлы жағдайда жұмыс жасап, шығын азайып, жұмыс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туындаған.

-Бұл машинаның көмегімен біз шығынсыз егістіктерді өңдеп, егін егіп жатырмыз. Инновациялық техниканың экономикалық көрсеткіштері жоғары. Мемлекеттің қолдауымен жұмысымызды мінсіз атқарудамыз. Лизингке 3 пресс-тайлағыш, өз қаражатымызға 4 түркиялық дәнсепкіш алдық, — дейді Мәлік Нұрмахамбетов.

Алқапта жүрген «Lovol» тракторының жұмысын да байқадық. Арнайы жазылған бағдарламаға алқаптың электрондық картасы тіркелген. Жоба АӨК цифрландыру бағдарламасы аясында іске асырылған. Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген шаруашылық өзгелерге үлгі болатындай жағдайда. Шарушалықта дәнді дақылдарға басымдық берілген — 550 гектарға күздік бидай, 520 гектарға арпа, 70 гектарға жоңышқа егілген.

«Қарасу» ШҚ шаруалары егін шаруашылығының заманауи технологияларын, отандық селекция жетістіктерін басшылыққа алып, ғалымдармен үнемі байланыс жасап, семинарларға қатысып, ауданның басқа кәсіпорындарымен тәжірибемен алмасуда бүгінде алдына жан салар емес.

Leave A Reply

Your email address will not be published.