ЖАҢАРУ МЕН БІРЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

0

Наурыз мейрамы – көктемнің келуін, табиғат жаңаруын және халық бірлігін бейнелейтін мереке. Биыл бұл мереке Алға ауылдық округінде ерекше дәріптелді. Ауыл тұрғындары мерекелік іс-шараға жиналып, дәстүрлі қазақы ойындар мен ұлттық өнерді тамашалады.

Іс-шараның басты ерекшелігі – 1972 жылғы түлектерге арналған құрмет көрсету болды. Бұл жылы туған азаматтар ауылдың дамуына үлес қосып, қоғам өмірінде белсенділік танытқан буын ретінде ескерілді. Мерекеге қатысушылардың назары түлектерге аударылып, олардың еңбегі мен тәжірибесі бағаланды. Ауыл ақсақалдары мен белсенді азаматтары түлектерге жылы лебіз білдіріп, баталарын арнады.

Мереке аясында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама қойып, ауыл тұрғындары ұлттық өнердің шынайы маңызын сезінді. Жас келіндер арасында ұйымдастырылған «Келіндер сайысы» мерекеге сән қосса, ауыл ақсақалдары арасында өткізілген бата айту жарысы салт-дәстүрдің сақталуына сеп болды.

Сонымен қатар, спорттық ойындар да кеңінен ұйымдастырылды. Ат спорты бойынша салым көкпар, арқан тарту, асық ату, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойындар халықтың белсенді қатысуымен өтті. Ауыл тұрғындары мерекелік көңіл-күйге бөленіп, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.

Мереке аясында арнайы ақ дастархан жайылып, ауыл тұрғындары наурыз көжеден дәм татты. Ақ жаулықты әжелер мен қонақтарға сыйлықтар табыс етілді. Жалпы, іс-шараға 200-ден аса адам қатысып, ауыл халқының белсенділігі жоғары деңгейде байқалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.