ЖАМБЫЛДА СПОРТТЫҚ- САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ САЛЫНБАҚ

0

Аудан басшысы Бегзат Болатбековтың тұрғындармен кездесуі Жамбыл ауылдық мәдениет үйінде өтті. Құрамына Жаңатұрмыс ауылы кіретін округ тұрғындарының басын құраған келелі жиын жағымды жаңалықтармен бастау алды.

Аудан әкімі Жамбыл ауылында спорттық-сауықтыру кешенін салуға жобалық смета жасалғанын жеткізді. Яғни, көп ұзамай ауылда алып спорт  кешені бой көтере бастайды. Сонымен қатар, футбол, стрит воркаут алаңшасы салынатын болады.

-Жыл сайын сіздермен осындай кездесуімізде түскен сұрақтарды ескеріп, қолдан келгенше кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселен, былтыр көпір мәселесі болған еді. Оны жөндеуден өткіздік. Осылайша алдағы уақытта да ауыл ажарын ашу үшін жұмыстарды жалғастыратын боламыз, — деген Бегзат Сейсенқұлұлы жалпы аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайына да тоқталып өтті.

Ал, кездесу сұрақ-жауап айдарына өткен тұста ауыл үлкендері Жамбылда жаңа мектеп салынса деген тілектерін айтып, биылғы жылға суармалы судың жайына, жайылым мәселесіне де тоқталды. Өз кезегінде Бегзат Болатбеков бүгінгі таңда аса маңызды болып отырған суармалы су бойынша шаруалар міндетті түрде «Қазсушар» РМК аудандық бөлімшесімен келісімшарт жасау қажеттігін айтты.

-Өткен жыл біз үшін үлкен сабақ болды. Суармалы су мәселесіне байланысты биыл бірқатар өзгерістер жасалуда. Оның барлығы суды мейілінше алқаптарға жеткізу үшін қолға алынып отыр. Ал, «Қазсушармен» келісімді қазірден жасай беріңіздер. Келісім жасамаған шаруа сусыз қалатыны анық, — деді аудан әкімі.

Ал, Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары ауыз су жайын көтерді. Ол бойынша биыл жобалық сметалық құжаттама рәсімделгені айтылып, Жаңатұрмыстағы су жүйелері толығымен жаңартылып, су мұнарасы қойылатындығын жеткізді. Ең бастысы қаржысы бөлінсе болғаны.

Аудан басшысына қойылған сұрақтар мен өтініштер қатарында қос ауылда мал өлігін тастайтын орынның жоқтығы да айтылды. Бұған қатысты Бегзат Сейсенқұлұлы ауыл әкіміне тапсырма беріп, қоқыс орындарын реттеу үшін қолға алынатын жұмыстарды да айтып өтті.

Жалпы жиын барысында ауылдағы көкейтесті мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын сұрастырған тұрғындарға аудан әкімі ризашылығын білдіріп, кейбір сұрақ бойынша жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.