2026 жылғы 3–5 шілде аралығында Ресей Федерациясының Саха (Якутия) Республикасында ЮНЕСКО қамқорлығымен өткен «Ысыах Олонхо» ұлттық мерекесі аясындағы «Әлем халықтарының эпостары» («Эпосы народов мира») халықаралық жобасы ұйымдастырылды. Аталған халықаралық шараға Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртісі, жыршы, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Бекарыс Жәнібекұлы Көштаев қатысып, қазақтың дәстүрлі жыршылық өнерін халықаралық деңгейде насихаттады.
Бағдарлама аясында Бекарыс Көштаев Саха (Якутия) Республикасының Басшысы Айсен Сергеевич Николаевтың алдында арнайы өнер көрсетіп, ұлттық жыр өнерінің терең мазмұны мен көркемдік ерекшелігін таныстырды.
«Бұл – шығармашылық ғұмырымдағы ең айтулы сапарлардың бірі болды. Бұл жобаға Саха Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Ил Тумэн Мемлекеттік жиналысының бұрынғы төрағасы Александр Николаевич Жирковтың арнайы шақыртуымен бардым. Саха Республикасының басшысы Айсен Сергеевич Николаевтың алдында қазақтың дәстүрлі жырын орындадым. Сол сәтте өзімді емес, ғасырлар бойы үзілмеген қазақтың жыраулық мектебін таныстырып тұрғанымды сезіндім. Көрерменнің ықыласы мен құрметі қазақ өнерінің құндылығын тағы бір дәлелдеді”, – деді сапар туралы Бекарыс Жәнібекұлы.
Халықаралық кездесу барысында «Қасиетті көлдер одағы» («Союз Священных Озер») мәдени және рухани серіктестігі туралы келісімге қол қойылды. Бұл бастама түркі және әлем халықтарының рухани мұрасын сақтау мен мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Одақтың бастамашысы – «Арктикалық эпос және өнер орталығы» мәдени кешенінің бас директоры, Ресей Федерациясының халық әртісі Андрей Саввич Борисов.
Жобадағы белсенді қатысып, қазақтың дәстүрлі өнерін халықаралық деңгейде дәріптегені үшін Бекарыс Көштаев Саха (Якутия) Республикасы Үкіметі Төрағасының орынбасары Сергей Васильевич Местниковтың арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Халықаралық жобаға Қазақстан Республикасынан профессор, филология ғылымдарының докторы Бұлдыбай Анарбай Сағиұлы, ақын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет қатысса, сондай-ақ Қырғыз Республикасы, Башқұртстан, Алтай және Тыва республикаларынан белгілі ғалымдар мен өнерпаздар бас қосты.
Ғалия АБЫЛАЙ