Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласатын аудан ардагерлері спорттық сайыстарда да ешкімге дес бермей, үнемі түрлі жарыстар мен турнирлерге ерекше ықыласпен қатысып жүргені. 10 маусым күні Қордай ауылының орталық саябағында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және ҰОС Жеңісінің 76-жылдығына орай аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен аудан ардагерлері арасында дәстүрлі спорттық турнирде ел ағалары ерекше дайындықтарымен көптің көңілінен шықты.
Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, бильярд, үстел теннисі, волейбол, дартс бойынша сынға түскен спортшылар алдында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет спорт мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі. Сонымен қатар, жарысқа қатысушыларға «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мырзағали Күзербаев, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев құттықтау сөз арнап, қатысушыларға жеңіс тіледі.
Тартысты өткен жарысқа тас түйін дайындықпен келген әр ауылдық округтегі ардагерлер намысты қолдан бермеу үшін барын салды. Нәтижесінде, волейболдан ІІІ орынды Масаншы ауылының ардагерлері жеңіп алса, ІІ орынға Бетқайнарлық спортшылар ие болды, ал І орынды Қордай ауылының ардагерлері қанжығаға байлады. Аудан ардагерлері арасында сүйікті спорт түріне айналған үстел теннисінен отарлық М.Құсайынов ІІІ орынға ие болса, шешуші кездесуде қордайлық А.Дегтяровтан басым түскен масаншылық В.Двумаров жарыс жеңімпазы атанды. Жалпы әлем сүйіп ойнайтын бильярды ойынында аудан ардагелерлері өз мықтылықтарын көрсете білді аталмыш жарыс барысында. Тастаяқты мықты игергендер ішінде қордайлықтар А.Воробьев ІІІ орынға, Б.Жанбосынов ІІ орынға, С.Сатов І орынға ие болды. Ойшылдар ойыны саналатын шахматтан Отар ауылының ардагері Т.Исаев ІІІ орынды, тағы бір отарлық ардагер С.Мейірханов ІІ орынды, қордайлық С.Алдабергенов І орынды жеңіп алса, дойбыдан Әлжан ана ауылынан келген ардагер Ш.Иманғалиев ІІІ орынға, кенендік ардагер К.Монтанаева ІІ орынға, Үлкен Сұлутөр ауылының ардагері Т.Садуақасов І орыға ие болды.
Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақ бойынша осы күні кім мықтыны анықтау оңайға түскен жоқ. Бұл ойын нәтижесінде бетқайнарлық ардагер С.Амиров ІІІ орынға жайғасса, ІІ орынды ауқаттылық Ж.Арзыханов жеңіп алды, І орынға қордайлық Н.Өмірзақов ие болды. Аталмыш турнирде ардагерлер асық атудан да сынға түсті. Ептілік пен мергендікті қажет ететін ойында Әлжан ана ауылынан келген А.Беректов ІІІ орынға, қордайлық Қ.Батыров ІІ орынға, бетқайнарлық Ж.Джақаев І орынға ие болса, мергендік сыналатын дартс бойынша сайыста қордайлық Б.Байжігітов ІІІ орынды, Әлжан ана ауылының ардагері Ж.Абдиматов ІІ орынды, бетқайнарлық Ғ.Кенжебаев І орынды жеңіп алды. Ал, әйелдер арасында өткен сайыста шахматтан кенендік Ж.Кененбаева І орынды жеңіп алса, тоғызқұмалақтан қаракемерлік А.Қосшеғұлова үздік атанды, ал үстел теннисінен Л.Калашникова І орынға ие болды.
Жалпы жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте I орынды Қордай, II орынды Бетқайнар, III орынды Әлжан ана ауылының ардагерлер командалары жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға аудандық ардагерлер ұйымы дайындаған дипломдар мен медальдар, сыйлықтар тапсырылды.
Дайындаған Ж.Омаров