Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында Баткен оқиғаларында қаза тапқан әскери қызметкерлерді еске алуға арналған «Мен патриотпын» халықаралық армиялық қоян-қолтық ұрыс турнирі өтті. Халықаралық додаға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және Өзбекстан мемлекеттерінен 600-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Бұл жарыста Қазақстанның намысын Қордай ауданындағы «Қордай Батыр» жауынгерлік спорт клубының спортшылары жоғары деңгейде қорғап, үлкен жетістікке қол жеткізді. Клубтың жас спортшыларының өнері көрермендер мен төрешілер тарапынан жоғары бағаланды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеті жас Марат Тамир мен Исабеков Әлібек өз салмақ дәрежелерінде барлық қарсыластарын жеңіп, бірінші орынға ие болды. Тоғыз жасар Каримов Мирага тамаша өнер көрсетіп, чемпиондық белбеуді жеңіп алды. Он жасар Ербол Әлихан да қарсыластарына дес бермей, бірінші орынды иеленіп, чемпиондық белбеу иегері атанды. Он бес жасар Адаи Сырым турнирдің үздік спортшыларының бірі ретінде танылып, бірінші орын мен чемпиондық белбеуді жеңіп алды. Ал он үш жасар Серікжан Айсұлтан өз салмағында үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленді.
Сонымен қатар, он алты жасар Кенжебай Мейіржан күміс жүлдегер атанса, он үш жасар Бут Тамара қола медаль жеңіп алып, команданың қоржынына маңызды ұпай қосты.
Осылайша, «Қордай Батыр» клубының спортшылары халықаралық турнирде алты алтын, бір күміс, бір қола медаль және үш чемпиондық белбеу иеленіп, Қордай спортының мәртебесін тағы бір мәрте асқақтатты.
«Команданың бұл жетістігіне зор үлес қосқан клуб жетекшісі Асқар Жұмабаевқа, жас спортшыларға әрдайым қолдау көрсетіп жүрген ата-аналарға шынайы алғыс білдіреміз. Сондай-ақ клубтың дамуына қолдау көрсеткен Қырғыз Республикасының армиялық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Нұрлан Бойқұловқа ерекше ризашылығымызды жеткіземіз», дейді.
Жас чемпиондарды халықаралық деңгейдегі жарысқа дайындаған жаттықтырушы Орманбек Қазбектің еңбегі зор. Сонымен қатар Қордай ауданындағы аралас жекпе-жек спортын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген Қатшыбаев Қайраттың да еңбегі ерекше атап өтуге лайық.
Қордайлық спортшылар бұл жарыста өздерінің жоғары шеберлігін, табандылығын және жеңіске деген жігерін дәлелдеп, халықаралық аренада Қазақстанның көк туын биіктен көрсетті.