2026 жылғы 21 маусымда Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Bboxing әлем кубогында қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, бес алтын медаль жеңіп алды. Ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар қатарында Абылайхан Жүсіпов, Виктория Графеева, Назым Қызайбай, Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбай бар.
Қуантарлығы, чемпион атанған бес боксшының екеуі Жамбыл облысының тумалары. Олар – Абылайхан Жүсіпов пен Айбек Оралбай.
Жамбыл облысы Тараз қаласының түлегі Абылайхан Жүсіпов финалда үндістандық Дипак Дипакты 5:0 есебімен айқын жеңіп, Әлем кубогының алтын медалін иеленді. Тәжірибелі спортшы үшін бұл World Boxing аясындағы Әлем кубогы сериясындағы алғашқы алтын жүлде болды.
Ал Жамбыл облысы Талас ауданынан шыққан Айбек Оралбай аса ауыр салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады. Финалда Германия өкілі Никита Путиловпен қолғап түйістірген жерлесіміз қарсыласынан басым түсіп, жекпе-жекті 5:0 есебімен өз пайдасына аяқтады. Осылайша ол Қазақстан қоржынына бесінші алтын медальді салды.
Жамбыл өңірінен шыққан қос чемпионның халықаралық аренадағы жарқын жеңісі облыс спортының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олардың табысы жас спортшыларға үлгі болып, ел спортының дамуына серпін береді.
Қытай төрінде көк Туды желбіреткен жамбылдық былғары қолғап шеберлерінің жетістігі – барша өңір тұрғындары үшін зор мақтаныш.
Асия БАЗЫЛ, М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Конвергентті журналистика» мамандығының 1 курс студенті