14 сәуір күні Қордай ауданы бойынша шекара басқармасында «Көктем-2025» шақырылымының әскери бөлімі табалдырығын алғаш аттаған жас сарбаздарымен қызметке баулу жоспарына сәйкес кездесу өтті.
Шараны шекара басқармасының техникалық және кәсіби даярлау бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Жандос Қаженов ұйымдастырды. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Молдабеков, «Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Қырғызбаев қатысты.
Жиында подполковник Жандос Қаженов әскери бөлімде жас сарбаздардың келуіне барлық қолайлы жағдайлар жасалғаны туралы түсініктеме беріп, тәжірибелі офицерлер мен білікті сержанттар сарбаздарға жаңа жағдайларға бейімделуге көмектесіп, әскери іс негіздерін үйрететінін айтты.
«Жас сарбаздар алдымен жалпы әскери дайындық бағдарламасынан өтеді. Бағдарлама барысында күнделікті қызметтік іс-әрекеттің түрлері мен әскери дағдыларды игереді. Даярлық бағдарламасы аяқталғаннан кейін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер салтанатты түрде әскери ант қабылдайды», — дейді әскерилер.
Кездесу барысында шақырылған қонақтар жас сарбаздарға құттықтау сөз айтып, олардың алдағы қызметтеріне табыс тіледі. Сөз арасында жастардың ел алдындағы борышын абыроймен орындап, өз Отанына адал қызметкер болудың маңыздылығына тоқталып, ауданның тарихы, атақты батырлар мен олардың ерліктері жайлы ақпарат беріп, жас сарбаздарға туған жердің әрбір бөлшегін қорғау мен оның өткені туралы білу қажеттігін айтты.
Қордай аудандық ардагерлер кеңесі