Жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсарту, олардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жоспарға сәйкес, Қордай аудандық орталық ауруханасының «Салауатты жастар» жастар денсаулық орталығы мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп, маңызды іс-шара ұйымдастырды.
«Салауатты жастар» орталығының базасында өткен кездесу «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің білімгерлеріне арналды. Шара аясында білікті медицина мамандары мен психологтар студенттерге арнап дәріс оқып, қызықты тренинг өткізді.
Кездесу барысында жасөспірімдік кезеңдегі физиологиялық және психологиялық өзгерістер, репродуктивті денсаулықты сақтаудың маңызы туралы жан-жақты сөз болды. Жиында тәжірибелі мамандар: уролог Насиров Замирбек Расулұлы, салауатты өмір салтын қалыптастыру (СӨС) дәрігері Касаболатова Құралай Амангелдіқызы, психолог Оспанкулова Жұлдыз Қайратқызы, гинеколог Ахвердиева Тарана Ягубовна және мейірбике Омарбекова Камила Бақытқызы өз бағыттары бойынша құнды мәліметтермен бөлісті.
Сонымен қатар, шара барысында бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі – АИТВ (Адамның иммундық тапшылық вирусы) және ЖИТС (Жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы) ауруларының алдын алу, сақтану жолдары жайында кеңінен ақпарат берілді. Мамандар жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Кездесу соңында студенттер өздерін мазалап жүрген, көкейкесті сұрақтарын білікті мамандарға тікелей қоюға мүмкіндік алды. Әрбір бойжеткен мен бозбаланың сұрағына мұқият қараған дәрігерлер мен психолог оларға жеке кеңес беріп, медициналық-психологиялық консультация жүргізді. Студенттер өз денсаулығына қатысты пайдалы кеңестер алып, мұндай кездесулердің маңыздылығы жоғары екенін атап өтті.
Карима АХАН