ЖАСТАР ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫ ТАҢДАЙДЫ

0

Қордай ауданында жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамда есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру мақсатында «Есірткіге жол жоқ» атты акция ұйымдастырылды.

Акция аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қатысушыларға есірткі заттарының адам денсаулығы мен болашағына тигізетін зияны туралы кеңінен ақпарат берілді. Ұйымдастырушылар өскелең ұрпақты бұл қауіптен қорғау тек қоғам болып бірлескен жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қордай ауылында Халықаралық нашақорлыққа және есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай «Нашақорлыққа қарсы өмір марафоны» атты веломарафон өтті.

Ауқымды шара Орталық саябақта ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу және қоғам назарын нашақорлық мәселесіне аудару болды.

Веломарафонға қатысушылар белгіленген қашықтықты сәтті еңсеріп, Орталық саябақта өткен салтанатты жиынға қатысты. Іс-шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрдин Садықов қатысты.

Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл жастарды спортпен белсенді айналысуға, денсаулығын сақтауға және қоғамның жауапты мүшесі болуға шақырды. Ол нашақорлықпен күресте әр азаматтың жеке жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Удергенов есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, жастарды заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға үндеді. Сондай-ақ ол есірткінің адам мен қоғам үшін аса қауіпті екенін айтып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында қатысушылар арасында нашақорлықтың алдын алу тақырыбында викторина ұйымдастырылды. Белсенділік танытып, жақсы білім көрсеткен жастар естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Акция соңында жастар салауатты өмір салтын қолдау мен жарқын болашаққа ұмтылыстың белгісі ретінде аспанға түрлі-түсті шарлар ұшырды. Сондай-ақ спорттық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың өз өміріне деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып, зиянды әдеттерге қарсы теріс көзқарастың орнығуына ықпал етеді.

Шолпан САБАНОВА, Айбек НӘКЕН, Қуат ЕМБЕРГЕНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.