Түрлі додалардан топ жарып жүрген жастарымызға қарап көңіл марқайып қалады. Ал, осындай жастарға ерік-жігер беріп, намысын қайрау үшін аға буынның ақылы керек-ақ. Осы мақсатта «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен, ауданымыздың абыройын үлкен ареналарда асқақтатып жүрген жас спортшылармен
кездесу өткізілді.
Аталған шараға мекеме директоры Айқаныш Исрайлова, жас спортшылар, белсенді жастар мен БАҚ өкілдері қатысты. Спортшылар қатарында, Отар ауылының №1 Балалар және жасөспірімдер дене шынықтыру клубының тәрбиеленушілері 2024 жылдың мамыр айында Жетісу облысы, Талдықорған қаласында өткен белбеу күресінен Қазақстан республикасы чемпионатының күміс жүлдегері, Астана қаласында дзюдо күресінен өткен «CHEMPIONDAR LIGALARI» біріншілігінің күміс жүлдегері, сондай-ақ дзюдо, самбо күрестерінен 2023-2024 жылғы халықаралық, республикалық біріншіліктерінің бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері Шарлиз Буралкинова, 2024 жылдың қараша айында Астана қаласында дзюдо күресінен өткен «CHEMPIONDAR LIGALARI» біріншілігінің күміс жүлдегері,
Дзюдо күресінен Жаркент каласында өткен республика біріншілігінің 3 орын иегері Руана Досымова, 2024 жылдың мамыр айында Жетісу облысы, Талдықорған қаласында өткен белбеу күресінен Қазақстан республикасы чемпионатының күміс жүлдегері, 2024 жылдың қараша айында Астана қаласында дзюдо күресінен өткен «CHEMPIONDAR LIGALARI» біріншілігінің күміс жүлдегері Ерсін Амантай, 2024жылдың мамыр айында Жетісу облысы, Жаркент қаласында өткен дзюдо күресінен Республикалық біріншіліктің күміс жүлдегері, Астана каласында өткен «CHEMPIONDAR LIGALARI» республика біріншілігінің 3 орын иегері Нұрислам Ботағараев болды.
«Құрметті жастар, қатысушылар! Ауданымызда облыстың ғана емес, бүтіндей еліміздің намысын қорғап жүрген айтулы жас спортшылар көп. Бүгінгі жас қонақтарымызға намысты қолдан бермей, аудан мерейін үстем етіп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көріне бересіздер деген сенімдемін. Еліміздің көк Туы қашанда биіктей берсін. Спортқа құштар жастарды тәрбиелеп, баулып жүрген жаттықтырушыларына да айтар алғысым шексіз», — деді Айқаныш Исрайлова алғысөзінде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» – деп атап өткен еді. Елімізде ұлттың ең құнды қазынасы — балалар мен жасөспірімдердің білім алуы, өнер үйренуі, спортпен шұғылдануы, жан-жақты жетілуі үшін жағдай жасалып, бұқаралық спортты дамытуға зор көңіл бөлініп келеді. Дені сау, білімді, білікті жастарымыз көп болсын демекпіз!
Әділет ҚҰТТЫБАЙ