27 шілде — 3 тамыз аралығында Талдықорған қаласында өткен IV Ауыл жасөспірімдерінің жазғы республикалық ойындары өз мәресіне жетті.
Бұл жуырда ғана құрылған Жетісу облысында ұйымдастырылып отырған алғашқы ірі спорттық шара. Шара барысында ауылдан шыққан жастар 12 спорт түрінен (шағын футбол, волейбол, баскетбол (3*3), көгалдағы хоккей, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, армрестлинг, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес пен үстел теннисі) сайысқа түсіп, жүзден жүйрік шығуға тырысып бақты.
Жазғы ойындардың мақсаты – ауылдарда бұқаралық спортты дамыту, өңірлердегі дарынды спортшылардың көзге түсуіне жағдай жасау, ел Президенті Қ.Тоқаевтың халық арасында салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту туралы Жолдауын іске асыру болып табылады.
Айта кетейік, төрт жылда бір өтетін дәстүрлі жарысқа тек облыстар ғана команда қосады. Жетісуға 14 өңірдің ауылдарынан келген 3000-ға жуық жас спортшы жиналды. Жамбыл облысынан жалпы 130-дан аса спортшы қатысты. Облыстық құрама командада өнер көрсеткен қордайлықтар да өзгелерден қалыспай, жақсы нәтиже көрсетті.
Ауданымыздағы №5 Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының еркін күрес үйірмесінің оқушысы Исмаил Рзаев 51 кг салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, еркін күрестен жүлделі үшінші орынды иеленді. Ал тоғызқұмалақтан №19 БЖСМ-ның спортшысы Азихан Жарылғас үшінші орынды қанжығасына байлады. Жеңіс төрінен көрінген спортшыларға алдағы уақыттарда өтетін жарыстарда сәттілік тілейміз.