ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ КҮНІ

0

Жамбыл облысында жедел медициналық жәрдем қызметі – мыңдаған адамның өміріне араша түсіп жүрген ірі әрі үйлесімді жүйе.

Бүгінде станция құрамында 1700-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында 30 дәрігер, 1005 фельдшер және 414 жүргізуші бар. Әрқайсысы өз ісінің маманы ретінде тәулік бойы тынымсыз қызмет атқарып келеді.

Станция жұмысының жүрегі саналатын диспетчерлік қызмет те бір сәтке тоқтамайды. Әр ауысымда 22 диспетчер кезекшілік етеді: оның 14-і тұрғындардан келіп түскен қоңырауларды қабылдаса, 4 диспетчер шақыртуларды жедел жәрдем бригадаларына бағыттайды. Сонымен қатар, бір маман 4-санаттағы қоңырауларды реттеп отырса, call-орталықтың 2 аға дәрігері тәулік бойы жағдайды бақылауда ұстайды.

Күн сайын станцияға орта есеппен 1600–1800 қоңырау түседі. Әрбір қоңыраудың артында – адам тағдыры, үміт пен сенім жатыр. Осындай жауапкершілігі зор сәттерде жедел жәрдем мамандары шұғыл әрекет етіп, уақытпен санаспай көмекке ұмтылады.

Апталық көрсеткіштер де қызметтің ауқымын айқын аңғартады. Бір апта ішінде жалпы 1346 шақырту тіркелген. Оның 868-і түнгі уақытта орындалса, 329 шақырту балаларға қатысты болған. Ал жүктілікке байланысты 43 шақыртуға жедел көмек көрсетілген. Шақырту орнына жетудің орташа уақыты 13,3 минутты құрайды.

Бүгінде өңірде 101 жедел жәрдем бригадасы халыққа қызмет көрсетеді. Оның 55-і аудандық жерлерде, ал 46 бригада Тараз қаласында жұмыс істейді. Әрбір бригада – жоғары дайындықтан өткен, кез келген төтенше жағдайға сақадай сай мамандар тобы. Олар жол-көлік оқиғалары, жазатайым жағдайлар мен кенеттен туындаған аурулар кезінде жедел көмек көрсетіп, адам өмірін сақтап қалу жолында бар күш-жігерін жұмсауда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.