Қордай аудандық орталық ауруханасына мойын омыртқасы бөлігінің ауыр жарақатын алған науқас түсті. Қордай аудандық орталық ауруханасы мен облыстық аурухана мамандарының бірлескен әрі үйлесімді жұмысының арқасында пациентке жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді.
Мойын омыртқасына жасалған күрделі ота нейрохирургтер Нұржан Айтымбетов пен Ғалымжан Байгосынов, сондай-ақ дәрігер Али Гасановтың қатысуымен, жаңа заманауи медициналық құрал-жабдықтарды пайдалана отырып жүргізілді.
Бұл – ауданымыз үшін айтулы оқиға әрі травматологиялық және хирургиялық көмекті дамыту жолындағы маңызды қадам. Қордайда алғаш рет осындай деңгейдегі операция жасалып отыр. Мұндай мүмкіндік заманауи медициналық құрал-жабдықтардың, дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің және бүкіл медициналық команданың үйлесімді жұмысының арқасында жүзеге асты.
Аурухананың бас дәрігері Эльдар Апаев стратегиялық көзқарасы, қолдауы, медицинаның басым бағыттарын дамытуға деген ерекше назары және заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға қосқан үлесі үшін зор алғысымызды білдіреміз. Бұл заманауи жабдықтар ауданымыздың өзінде жаңа емдеу әдістерін енгізуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Жақсымбаев және Али Гасановқа ерекше алғыс білдіреміз. Олар ауданымызда травматология бағытын белсенді дамытып, заманауи емдеу әдістерін енгізуге және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға зор үлес қосып келеді.
Аудандық және облыстық мамандардың бірлескен жұмысы, дәрігерлердің кәсіби білімі мен тәжірибесі, сондай-ақ заманауи технологиялардың қолданылуы – барлығы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
Енді осындай күрделі әрі жоғары технологиялық ота ауданымыздың өзінде жүргізуге мүмкіндік туып отыр. Бұл пациенттердің күрделі ем алу үшін Алматы немесе Тараз қалаларына бару қажеттілігін азайтып, сапалы медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға жол ашады.
Пациентке тезірек сауығып, денсаулығының толық қалпына келуін тілейміз!
Кәсібилігі, жауапкершілігі және атқарған ауқымды еңбегі үшін барлық медициналық командаға үлкен алғысымызды білдіреміз!
Қордай аудандық орталық ауруханасы