Жамбыл облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыстық Полиция департаменті және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Антисон» акциясы өтті.
Іс-шараға қатысушылар ұзақ жолға шыққан жүргізушілерге жолдағы қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ, көлік тізгінінде ұйқышылдықтың алдын алу мақсатында жүргізушілерге сергіту үшін «ұйқыашар» құлаққаптары мен салқын су таратылып, ақпараттық жадынамалар үлестірілді.
Жамбыл облысы ПД Патрульдік полиция батальонының командирі Роллан Қуанышбаев жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – жүргізушінің шаршауы мен ұйқышыл күйде көлік басқаруы екенін атап өтті.
– Ұзақ жолға шығар алдында толыққанды тынығу қажет. Егер жүргізуші шаршағанын сезсе, міндетті түрде қауіпсіз жерге тоқтап, демалғаны жөн. Әрбір жүргізуші өз өміріне ғана емес, жолдағы өзге азаматтардың қауіпсіздігіне де жауапты екенін ұмытпауы тиіс, – деді ол.
Акцияның мақсаты – жүргізушілердің құқықтық мәдениетін арттыру, қауіпсіз жүргізу дағдыларын қалыптастыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.