ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ЖАҢА МЕХАНИЗМІ ӘЗІРЛЕНУДЕ

0

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын әлеуметтік тұрғын үйлердің конкурстық процедуралары оңтайландырылмақ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осындай мәлімет келтірді.

«Мемлекет басшысы халықты қолжетімді баспанамен қамтып, әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін офтейк-келісімшарттар («кілтімен сатып алу») арқылы кредиттік баспана салып, оны мұқтаж азаматтарға 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының бағасымен сатып әперу механизмін енгізуді тапсырған болатын. Аталған механизмді іске асыру үшін «Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының аясында Үкіметтің қорытындысы әзірленіп жатыр. Ол қорытынды Бюджет кодексіне техникалық тұрғыда күрделі емес нысандар салуға қойылатын шектеулерді алып тастайтын түзетулер енгізуді көздейді. Бұл түзетулер «кілтімен берілетін» нысандарды бір ұйымның жобалап, салуына мүмкіндік беретін бір конкурстың аясында офтейк-келісімшарт жасауға мүмкіндік береді», деп жазылған вице-премьердің жауабында.
Оның айтуынша, осының арқасында тұрғын үй салушылардың қолжетімді баспана жобаларын іске асыруға қызығушылығы артпақ. Конкурс жарияланған кезде техникалық ерекшеліктерімен бірге қажетті пәтерлердің өлшемдері мен саны көрсетіледі. Сондай-ақ жер телімі мен жобалық-сметалық құжаттаманың, құрылыс-монтаж жұмыстарының құны бірге есептелген жалпы сомасы көрсетіледі. Сонымен бірге құрылыстың сапасы мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Е-Құрылыс» жүйесі кезең-кезеңмен іске қосылады.
«Жалпы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әлеуметтік кредиттік баспана құрылысын 1 шаршы метрге 290 мың теңге көлемінде, сондай-ақ жеке меншік құрылыс компанияларын ынталандыру кезінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын 1 шаршы метріне 310 мың теңгеге дейін қаржыландыру көзделген. Бүгінгі мемлекеттік сатып алудың моделі инженерлік-комуникациялық инфрақұрылым нысандарын жобалау бойынша жеке баспана мен әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы бойынша жеке конкурс жүргізуді қажет ететінін айту керек. Бұл конкурс процедураларын ұзартып, нысандардың қолданысқа беру мерзімін кешіктіреді», делінген жауапта.

ТҰРҒЫН ҮЙ САЯСАТЫНДАҒЫ ЖАҢА ТӘСІЛДЕР
Еліміздің тұрғын үй саясатында жаңа тәсілдердің жүзеге асырылып жатқанына жұрт куә. Соның бірі – тұрғын үй қорындағы баспананы жалға алғандардың ақысын субсидиялау. Мұндағы мақсат – жекелеген санаттағы азаматтардың баспана мәселесін шешу.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті тұрғын үй қатынастары басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұлдың айтуынша, субсидиялау бағдарламасы басталғалы бері тұрғындардан 27 839 өтінім келіп түскен. Бұл – 13 шілдедегі дерек. Соның 6 918-і мақұлданған. 1 159 өтінім тексеріліп жатыр. 1 272 өтініш иесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен асып кеткен. 1 278 өтінім жүйеден жойылса, 2 943 қатысушы өтініштерін қайтарып алған.
– 13 075 өтінім бойынша бас тартылды. Әрине себептері әртүрлі. Олардың көпшілігі тіркеу кезінде SMS арқылы жіберілген кодты енгізбеген. Кейбірінің жеке куәлігінің жарамдылық мерзімі аяқталған, кейбірінің атында жылжымайтын мүлік болған. Мемлекеттік кірістер комитетінде қарызы бар адамдардың өтініштеріне де теріс жауап берілді. Енді біреулер кезекте тұрғандар тізімінде немесе азаматтардың мобильді базасында жоқ болып шықты, – дейді Сұлтанғали Жалқұл.
Басқарма басшысының айтуынша, жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасының шарттарына сәйкес келетін қазақстандықтар otbasybank.kz платформасы арқылы өтінім бере алады.
– Төрт санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жалдау төлемдері бойынша мемлекет қолдауына үміткер бола алады. Төрт санат деп отырғанымыз – 1 және 2 топтағы мүгедектер; мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; жетім балалар және көпбалалы отбасылар. Соңғы 6 айда жалдау бойынша субсидия алуға үміткер отбасылардың орташа айлық жиынтық табысының мөлшері отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгеге тең, – деп нақтылады Сұлтанғали Жалқұл.
Еске сала кетейік, ел азаматтарын қолдау үшін 2022 жылы 50 млрд теңге қарастырылған. Оның 40 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 10 млрд теңгесі жергілікті әкімдіктерден бөлінген. Осылайша, тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлейтін ақының 50 пайызын мемлекет өтеп береді. Жоба аясында шамамен 70 мың адамды қамтуға мүмкіндік бар.
– Субсидиялауға арналған өтінімдер электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қабылданады. Сондықтан азаматтарға оны алдын ала алу немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның өзектілігін тексеру маңызды. Тұрғындар жалға берілетін тұрғын үйді өздері іздейді. Тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды Отбасы банк ай сайын жалдау шартының және төлемдер кестесінің қолданылу мерзімі аясында төлейтін болады. Шартты мерзімінен бұрын бұзуға және жаңа жалға берушімен шарт жасасуға болады. Ол үшін otbasybank.kz порталында өтінім беру процесін қайтадан бастау керек, – дейді басқарма басшысы.
Атап өтерлігі, Отбасы банк субсидия алушылардың шарттарға қаншалықты сәйкес келетіндігіне жыл сайын, ал төлем тәртібіне ай сайын мониторинг жүргізеді. Ал жергілікті әкімдіктер тоқсанына кемінде бір рет жалға берілетін тұрғын үйлерді және онда тұратын адамдарды тексеріп отырады. Жақын туыстардан, бұрынғы ерлі-зайыптылардан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ бұл тұрғын үйді қайта беруге тыйым салынады.
Министрліктің дерегіне сүйенсек, биыл республика бойынша 15,1 млн шаршы метр немесе 138 мың тұрғын үй салу жоспарлануда. Оның ішінде көпқабатты үйлерде 90 мыңнан астам пәтер және 47 мың жеке тұрғын үй пайдаланылуға берілмек. Жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясаты шеңберінде 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Дәлірек айтсақ, әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандар үшін 4 мың пәтер және жұмыс істейтін жастар үшін 3 мың пәтер қарастырылмақ.
Сонымен қатар өңірлерде кезекте тұрғандар үшін Отбасы банкі арқылы сатылатын кредиттік тұрғын үйдің 9,8 мың пәтері салынуда. Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген қарыздар түріндегі мемлекеттік қолдау шараларымен 5 мыңнан астам кезекте тұрғандарды қамту жоспарланған.
Қазіргі күні әкімдіктерде тұрғын үйге мұқтаж 613 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Соның 222 мыңы – жоғарыда көрсетілген 4-санаттағы азаматтар. Оның ішінде 69 535 – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар, 50 593 – көпбалалы отбасылар, 1 933 – жетім балалар, 9 686 – 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар және 6 963 – мүгедек баласы бар отбасылар.
Сондай-ақ Отбасы банкінің базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарлануда. Ол санаттарға қарамастан, республика аумағында тұрғын үйі жоқ барлық мұқтаждарды орталықтандырылған түрде есепке алуды жүзеге асырады.
– Ұсынылып отырған жаңа модельде тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары есепке қою күніне, табыстың болуына және берілген өтінімге байланысты жүзеге асырылатын болады. Тұтастай алғанда, бұл жаңашылдықтар халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға, азаматтардың тұрғын үй алу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді, – дейді Сұлтанғали Жалқұл.

Leave A Reply

Your email address will not be published.