Күз мезгілінің басталуымен бірге мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажеттілігі артып отыр. Қазіргі уақытта күзгі дала жұмыстары, егін жинау және шөп шабу науқандарының жүргізілуіне, сондай-ақ ауа температурасының жоғары болып, күннің ыстық әрі құрғақ сақталуына байланысты өрт қауіптілігінің екінші шарықтау кезеңі қалыптасуда.
Осыған байланысты Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі мемлекеттік орман қоры аумағында өрттің алдын алу және орман алқаптарын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейтіп отыр. Құрғақ шөп пен өсімдік қалдықтарының көп болуы, егістік алқаптардағы жұмыстардың қарқын алуы және жоғары температура табиғи өрттердің туындау қаупін едәуір арттырады. Әсіресе орман қорына іргелес орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптарында қауіпсіздік талаптарын сақтамау өрттің орман аумағына таралуына себеп болуы мүмкін.
Осыған орай мекеме тарапынан мемлекеттік орман қорының күзетілуін күшейту, бірінші кезекте өрт шығу қаупі жоғары учаскелер мен аумақтарда жерүсті патрульдеуді күшейту, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылау жүргізу және алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар орман қоры аумағына жақын орналасқан елді мекендерде және ауыл шаруашылығы алқаптарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар мен табиғат пайдаланушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілуде.
Алдын алу – баршаға ортақ міндет
Орман – табиғаттың баға жетпес байлығы. Оның сақталуы тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан орман аумағында демалыс кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызы зор.
Мемлекеттік орман қоры аумағында және оған іргелес жерлерде:
от жағуға және жағылған отты қараусыз қалдыруға;
сөндірілмеген темекі тұқылын немесе сіріңкені құрғақ шөпке тастауға;
шыны бөтелкелерді және басқа да жанғыш қалдықтарды қалдыруға;
рұқсат етілмеген жерде қоқыс жағуға;
көлік құралдарын құрғақ шөп пен жанғыш өсімдіктер орналасқан аумақтарға қоюға;
дала және ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын елемеуге болмайды.
Әсіресе егін жинау және шөп шабу жұмыстарын жүргізетін шаруашылық субъектілері мен жер пайдаланушылар өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауы қажет. Өрт шыққан жағдайда оның алғашқы минуттары шешуші рөл атқарады. Сондықтан жалын немесе түтін байқалған кезде жағдайды дереу тиісті қызметтерге ТЖБ 112 нөміріне немесе орман шаруашылығының жауапты қызметкерлеріне 4-52-66, 7-11-17 нөмірлеріне хабарлап, өрттің таралуына жол бермеу үшін мүмкіндігінше қауіпсіздік шараларын қабылдау қажет.
Қоршаған ортаны қорғау, орман алқаптарын сақтау және табиғи өрттердің алдын алу – баршамызға ортақ міндет.
«Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-сі