ҚАЙНАР – ДОСТЫҚ ҚАЙНАРЫ

0

Сарыбұлақ ауылдық округінің құрамына кіретін Қайнар ауылы аудан орталығынан 51 шақырым қашықтықта орналасқан. Әртүрлі этнос өкілдері мекендейтін бұл елді мекенде бірлік, ынтымақ, келісім салтанат құрған. Соның бір жарқын көрінісі — биыл ауыл тұрғындары бірігіп, жергілікті мешіт жанынан асхана құрылысын қолға алған.
Игі істің басы-қасында жүрген Каптан Кучалиевичтің айтуынша, ас-жиын, құдайы тамақ тарату ниеті бар ауыл тұрғындары ауа райы жағдайы, ыдыс пен жиһаздың жетіспеуі сынды бірқатар қиындықтарға тап болып жүрген. Сондықтан олар ауыл имамына жолығып, мешіт жанынан асхана салу мәселесін көтерген. Жерлестері қолдау көрсететініне кәміл сенген ұйымдастырушылар қаражат жинау туралы хабарлаған.
Ауыл тұрғындары дін мен ұлтқа бөлінбей, бір атаның баласындай жұмылып, бұл идеяны қолдап әкетеді.
-Әрине, ешкімнің этникалық белгілер бойынша бөлінбегені қуантарлық жағдай. Ауылымызда 10-нан астам ұлт өкілдері тұрады, бірақ біз бөлінбей, керісінше бір-бірімізді қолдаймыз. Әр көше бойынша ақшаны ерікті түрде жинауға жауапты адам белгіленді. Ешкім шет қалмады, ғимараттың жобасын менің сыныптасым Виктор Ткачук жасады, — дейді Каптан Мамедов.
Мамандығы бойынша сәулетші Виктор Ткачук ауыл тұрғындарының барлық талап тілектерін ескерген. Ауданы 35х11 метрді құрайтын ғимарат 450 орынға арналған. Бүгінгі таңда барлық жұмыстар аяқталып, тек қана кафель салу қалған. Көктемде аумаққа қырлы тас салу, көгалдандыру, бақ отырғызу жоспарланған. Су құбыры тартылып, жылыту жүйесі жасалған. Қажетті ыдыс-аяқты өз қаражатына Минаханым Мирзаева алып, Қайнар ауылына жіберген. Ол өзі Алматы қаласында тұрғанымен бұл игі іске белсене атсалысқан. Оның айтуынша, бұл ата-анасының құрметіне жасалған іс және туған жеріне деген ықыласын білдіру.
Асхана салынған жер телімі жеке меншікте болған, дегенмен иелері оны нысан салу үшін тегін ұсынған. Қазіргі таңда құжаттары рәсімдеу үстінде.
Жаңа ғимаратта бірнеше іс-шара ұйымдастырылып, көпшілік оған лайықты бағасын берді. Айта кетерлігі, қаражат жинаған кезде де, қазір де ауыл тұрғындары қолдарынан келген көмектерін аямай, барынша қолғабыс етуде. Асхана құрылысы 2 мамыр күні басталған, көмекке көрші ауыл тұрғындары да келген. Сыйлықтарын ала келген Беріктас ауылының тұрғындары асхана салу идеясын қолдап, тура осындай құрылысты ауылдарында бастап, тезарада асхана салып алған.
Каптан ата өз жерлестерінің ұйымшылдығын алға тартып, ризашылығын білдірді.
-Бұл іс бізді біріктіргені қуантады. Әрине, өскелең ұрпаққа жақсы нәрселер қалса екен деген тілек бар. Ресми түрде нысанды Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ашсақ деп жоспарлап отырмыз, — дейді Каптан Мамедов.
Әрине, құрылыстың басы-қасында жүріп, есеп жүргізіп, жұмыс тоқтап қалмау үшін қажетті заттармен қамтитын адам қажет. Мұның бәрі Каптан Кучалиевичке жүктелген, ол құрылыс алаңында күні бойы жүріп, жиналған қаражаттың есебін жүргізіп, құрылыспен байланысты барлық жұмысты бақылауға алған. Жасына қарамастан қария ауыл игілігі үшін еңбектенуде.
Міне, осылай Қайнар және Беріктас ауылдарының тұрғындары ұйымшылдық, халықтар достығы, ынтымақ, түсіністік үлгісін көрсетіп, туған жерлеріне ықыластарын білдірді. Ауыл тұрғындарының игі ісі басқаларға үлгі болатынына сенімдіміз.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.