ҚАРАСУДАҒЫ КЕЗДЕСУ

0

Түс ауа аудан әкімінің халық алдындағы есепті кездесуі Қарасу ауылында жалғасын тапты. Күні кеше ғана салынған су жаңа мәдениет үйінде өткен жиынға ауыл жұрты көптеп жиналды. Кездесуге округ құрамына кіретін Өтеген ауылының тұрғындары да қатысып, басшылыққа тікелей сұрақ қою мүмкіндігін пайдаланды.  

Қарасулықтар әдеттегідей аудан әкімі және ауылдық округ әкімінің есебін тыңдағаннан гөрі бірден ашық пікірталасқа көшсек, деген ұсынысын айтты.  Бұл ұсынысты аудан әкімі құптап, қалың көпшілік өз сұрақтарын, тілектерін жеткізе бас-тады. Жалпы, Қарасу ауылдық округінде бірнеше жылда орын алған ауыз толтырып айтатын өзгеріс көп-ақ. Ауылдарға газ құбыры тартылып, сапалы ауыз су да берілді. Жаңа білім ошақтары ашылып, спорт кешені, мәдениет үйі салынды. Ауылішілік көшелерге асфальт төселіп, Өтеген ауылының бас көшесіне тротуар төселді, тағы бірқатар әлеуметтік нысандар жөнделді. Осының барлығын қарасулықтар бірнеше жыл бұрын дәл осындай есепті кездесулерде көтерген болатын. Аудан басшысы алдағы жоспарларды атап өтті. Мысалы, биыл Қарасуда 300 орындық «Жайлы мектеп» салынады, Өтегенде фельдшерлік акушерлік пункт ғимараты сатып алынады, стрит воркаут алаңы салынады, №8 орта мектеп жанына қосымша ғимарат құрылысы жоспарда бар, Өтегендегі ауылдық клубтың шатыры жөнделеді.

Десе де, әлі де болса шешімін таппай жүрген проблемалар да жоқ емес.

Қарасулықтарды бірнеше жылдан бері мазалап жүрген басты проблема ол газдандыру мәселесі. Иә, ауылға көгілдір отын құбыры тартылды, алайда оны үй-үйге жеткізу жұмысы ақсап тұр. Жұмысты жүргізіп жатқан мердігерге қойылар сұрақ көп болды. Мердігер компанияның өкілі жұмыс жақын арада бітеді дегенімен, бұл жауапқа халық қанағаттанбады. Себебі, бұл бірінші рет берілген уәде емес. Аудан әкімі қарасулықтарды сабырлыққа шақырып, бұл қиын жағдайдан шығу жолдарымен бөлісті.

— Тұрғындар жиналып, мәселені бірігіп шешуіміз керек. Газға қосатын үйлердің құжаттарын ретке келтіріп, өткізіңіздер. Мердігерге нақты талап қояйық. Егер де жұмысы көңілден шықпаса, келісімшартты бұзып, басқа мердігермен келісейік. Біз өз тарапымыздан көмекті аямаймыз, әрдайым ашық диалогқа дайынбыз, — деген Бегзат Сейсенқұлұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Есепті кездесуде Өтеген ауылындағы ауыз су мәселесі, Пушкин атындағы №7 орта мектептің жөндеуі және күрмеуі қиын автожол мәселесі де көтерілді. Осы сынды өзге де сұрақтарды қойған тұрғындарға аудан әкімі егжей-тегжей талдап, нақты жауабын беріп, бірқатар өзекті проблемаларды да атап өтті.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.