Қауіпсіздікті қаперге ілмегендер

0

Пандемия адамдардың өмірін күрт өзгертті. Ұжымдардың көбі қашықтықтан жұмыс істеуге көшіп, жаппай іс-шараларды өткізуге тыйым салынып, көпшілік карантиндік шектеулерге үйрене бастады. Десек те, өткен жексенбіде өткен мониторингтік топтың ұйымдастырған рейд барысында карантиндік шектеулерді елемеу, бүгінгі таңда арақашықтықты сақтамау өздері және жақындары үшін қаншалықты қауіпті екенін түсінбейтін адамдар баршылық екені анықталды.

Аталмыш топ құрамына прокуратура, полиция органдарының, аудан әкімдігінің өкілдері кірді. Бұл түні мониторингтік топ жиын өткізіп жатқан екі ойын-сауық мекемесінде болды. Түнгі сағат 00:00-де басталған рейд «Рублевка» дәмханасының қызметкерлері үшін тосын жайт болды. Мониторингтік топ 20 адамға жуық жиналған банкеттің үстінен түсті. Мекеме әкімгері жиын аяқталып, қонақтар тарап жатыр, деген түсіндірулеріне қарамастан құжаттар толтырылды. Айыппұл салу үшін жиналған құжаттар тиісті органдарға жолданады. Карантиндік шектеулерді бұзған тағы бір нысан – «Рай-Сай» дәмханасы. Топ мүшелері кафе ішіне кіріп, қорқор шегіп, жайбарақат отырған бір топ жастарды анықтаған. Әрине, полицейлерді көрген олар тұра қашқан, бірақ бұл дерек тіркеліп, дәмхана иелеріне қатысты тиісті акт толтырылды. Құжаттар айыппұл салу үшін қаралуға жіберіледі. Мониторингтік топ Қордай ауылын түгел аралап, барлық нысандарды тексерді. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың айтуынша, мұндай рейдтер тұрақты түрді жүргізіліп, карантин талаптарын бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салынады. Халық шектеуден шаршағаны түсінікті, дегенмен ауру әлі де өршіп тұрғанын ұмытпаған жөн.

Естеріңізге сала кетсек, барлық шектеулерді алып тастауға септігін тигізетін пәрменді шаралардың бірі – жаппай вакцинациялау. Адамдардың басым бөлігінде иммунитет қалыптасқан жағдайда, ауру күрт төмендеп, карантиндік шектеулер қажет болмауы анық.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.