Алматы облысында IV халықаралық қазақ-қырғыз жастар форумы өтті. Дәстүрлі шараға қатысу үшін Қырғыз Республикасынан келген жастар делегациясын қазақстандық тарап Қордай ауданындағы мемлекеттік шекарада қарсы алды.
Екі мемлекет басшыларының бастамасымен төрт жыл бұрын қолға алынған халықаралық форум Қазақстан мен Қырғызстан жастары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және ортақ бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды алаңға айналып отыр.
Биылғы форум барысында цифрлық сауаттылықты арттыру, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасанды интеллект технологияларын жауапкершілікпен пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды. Astana Hub, IT саласы, стартап қауымдастығы және жастар ұйымдарының өкілдері қатысқан «Орталық Азия жастары AI және цифрлық сын-қатерлер дәуірінде» атты панельдік сессияда цифрлық экономиканың дамуы, медиасауаттылық пен жастардың цифрлық әл-ауқаты сөз болды.
Сондай-ақ форум аясында Қазақстан мен Қырғызстан жастары аралас командаларда жұмыс істеп, цифрлық сауаттылықты арттыруға, лудомания мен нашақорлықтың алдын алуға және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобалар әзірледі.
Форумның мәдени бағдарламасы Қарқара жайлауында өткен «Қымызмұрындық» этнофестивалімен жалғасты. Қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып, мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, халықаралық форум аясында Қазақстан мен Қырғызстан жастары арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән берілді.
Ұлжан БОЛАТҚЫЗЫ