2009 жылы стратегиялық серіктестік орнатқан екі мемлекет енді байланыстарын болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерді. Жаңа дипломатиялық мәртебе ынтымақтастық ауқымының кеңейгенін және екі елдің ұзақмерзімді мүдделері өзара тоғысып келе жатқанын білдіреді.
Қазақ-корей қатынастарының басты ерекшелігі оның қандай да бір геосаяси бірлестік не үшінші мемлекетке қарсы бағытталмауы. Қазақстан Кореяны технология, инвестиция және өндірістік жаңғырудың маңызды көзі ретінде қарастырса, Сеул елімізді орнықты институттары қалыптасқан, өзара бірлескен өндіріс аясын кеңейту әлеуеті зор, Орталық Азия нарығына жол ашатын сенімді серіктес ретінде қабылдайды. Бұл кез келген геосаяси текетіреске араласпай-ақ, өзара мүддені мойындау және прагматикалық шешімдер негізінде терең ынтымақтастық орнатуға болатынын көрсететін жарқын мысал.