ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІ ГВАРДЕЙСК ГАРНИЗОНЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРГЕ БАРДЫ

0

Алматы қаласы мен Алматы облысындағы сарбаздар аналары комитетінің өкілдері Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығында және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының танк бригадасында болды.
Сапар барысында олар мерзімді қызметтегі сарбаздардың тұрмыстық жағдайын, сондай-ақ әскери қызметшілердің бос уақытында немен айналысатын көрді. Әрине, сарбаздардың тіршілігін адамның қалауына сай жасалған үйдегі өмірмен салыстыруға болмайды. Әскердегі ықшамдылықты мұнда барлық жерден, атап айтқанда біркелкі жиналған төсек-орындардан, металл ыдыстардан, бірдей ас мәзірлері мен киім үлгісінен көруге болады.
– Біз казармаларды, асханаларды, монша-кір жуу комбинатын, оқу сыныптарын араладық, офицерлер мен сарбаздармен сөйлестік. Десе де аналар әскердегі ұлдарын уайымдамас үшін біз «Әскер аналар көзімен» бағдарламасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Оны қалай ұйымдастыруды басшылықпен талқыламақпыз, – деді Алматы қаласы мен Алматы облысындағы сарбаздар аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропина.
Ол сондай-ақ 30212 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаздарының несиелерін тоқтату мәселесі шешіліп жатқанын ризашылықпен атап өтті. Демек Қорғаныс министрлігі бастама ретінде көтерген бұл жоба қазірдің өзінде жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.
Комитеттің жұмысына әскери жарғының не екенін білетін ер адамдар да тартылатыны қуанарлық жайт.
– 1993 жылы мен Алматыдан Отарға борышымды өтеуге келдім. Отыз жыл бұрын өзім тұрған казармаға кіріп көрдім. Жақсы жөндеуден өтіпті, қазір қарасам бәрі өзгеріпті, балалар әскери тәртіппен қуана борышын өтеп жүргенін байқауға болады. Тамақтану сапасы да жақсы. Кей жігіттердің үйінде де мұндай мәзір түрі көп емес-ау. Біз кезінде әскердің осындай болғанын армандап едік. Бүгін соны шынайы көрдім. Балаларға абыроймен борышын өтесін деген тілегім бар, – деді іс-шараға қатысушы Владимир Воронин.
Отардағы кездесулер 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтті. Сарбаздар, 30212, 21450 әскери бөлімдерінің командирлері гвардия полковнигі Сәбит Үркінбаев пен полковник Нұрлан Айтжанов жылы ілтипатпен Татьяна Тропинаны келе жатқан мерекемен құттықтап, оған ынтымақтастықты нығайту және әскери қызметке деген сенімді арттыру ісінде табыс тіледі.

Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.