ҚОРДАЙ АУДАНЫ ҰЛЫ ОТАН CОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА

0

Майдан даласында

1941 жылдың 22 маусымында тыныш жатқан Кеңес мемлекетіне фашистік Германиямен оның Финляндия, Венгрия, Руминия, Италия сияқты одақтастары басып кірді. Кеңес халқының басына ауыр күн туып, үлкен сынақ болды. Қордай ауданының халқы бұл қаралы хабарды ерлікпен қарсы алып, соғыстың ең алғашқы күнінен бастап еліміздің дербестігін қорғауға әзір екендігін көрсетті.

Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің төрағасы И.В.Сталиннің «Өндірістік жұмыстардың барлығын соғыс жағдайына бейімдеп, жауды талқандауды ұйымдастыру мақсатымен майданға бағыттау керек»,  — деген үндеуіне Қордай ауданының еңбекшілері саяси және өндірістік дамуда ілгерілеу көрсетіп, жоғары патриоттық сана – сезімінің өскенін байқатты.

Отан қорғауға бүкіл қазақстандықтармен бірге қордайлықтар да лек-легімен кетіп жатты. Алғашқы кеткендер майдан шебіне жетіп, сұрапыл соғысқа кіріп те кетті.

1942 жылы жаңатұрмыстық Ыдырыс Толқынбаев қария соғысқа кеткен ұлы Дүйсенбайдың бөлімше командирі, майор Дичковскийден: «Құрметті Ыдырыс Толқынбаев! Сіздің ұлыңыз Дүйсенбай қызмет ететін әскери бөлімше командирлігі ұлыңыздың жоғарғы мемлекеттік наградамен – Қызыл Ту орденімен марапатталуымен құттықтайды. Сіздің ұлыңыз нағыз ерлік жасады. Ол жау пулеметінің оғы қарша борап тұрғанда, жаудың миналанған жерлерінен біздің танкілерімізді асқан ержүректілікпен өткізді. Осы ісімен ол өзінің Отанын беріле сүйгендігі мен жауға деген өшпенділігін көрсете білді. Біз, Сіздің ұлыңызды мақтан тұтамыз, осындай ұл өсірген Сізге шексіз ризашылық білдіреміз», — деген құттықтау хат алды.

Жоғарыда айтылған ерлік Дүйсенбай Ыдырысовтың бір ғана батырлығы еді. 1941 жылы ол Панфилов дивизиясының екінші құрамында болып Мәскеуді қорғады. Сондай-ақ, Ленинград, Севастополь, Украина мен Белоруссияны азат етуге қатысты. Д.Ыдырысов туған жеріне «Қызыл Ту», Отан соғысының І және ІІ дережелі ордендерімен қоса «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталып оралды. Қан майданды кешіп өтіп елге оралған Ұлы Отан соғысының мүгедегі өзі туған «Жаңа-Тұрмыс» совхозында ұзақ жылдар бойы бухгалтерлік қызмет атқарды.

«На боевом посту» — атты әскери газет 1942 жылдың 13 тамыздағы санында қордайлық аға лейтенант Г.Х.Құрмаевтың басшылық етуімен түн ішінде өз автоматшыларымен төтесінен шабуыл жасап, неміс фашистерінің 20 автомашинасын әкеле жатқандарды бүкіл қару-жарағымен жойып, командирдің өзі және екі неміс офицері мен бес солдаттың жер жастандырғанын жазды. Соғыс аяғына дейін подполковник дәрежесіне жеткен Г.Құрмаев соғыстан соң Қордай ауданының дайындау кеңсесінде қызмет етті.

Калинин атындағы колхозда ұзақ жылдар бойы ферма меңгерушісі болып қызмет еткен Қанат Әнетовтің соғыстағы батырлығын екінің бірі біле бермейді. Ленинград пен Ладога үшін шайқаста ержүрек барлаушы асқан шеберлікпен және батылдықпен өзіне берілген әскери тапсырмаларды абыроймен атқарды. Оның қанжығасында 19 неміс «тілін» әкелу сияқты қомақты нәтиже болды.

1941 жылдың күзінде неміс басқыншылары Кеңес Одағының астанасы Мәскеуді басып алмақ болған Дубосеково разъезіндегі жойқын қырғынды бүкіл әлем естіді. Саяси басшы (политрук) В.Клочковтың жетекшілігімен 28 гвардияшылар төрт сағат бойы фашистердің 50 танкісіне қарсы тұрып, оның 16-сын талқандап, қалғанын беттетпей кері қайыруы нағыз барып тұрған жанкештілік пен көзсіз батырлық болды. Бұл соғыста гвардияшылардың барлығы дерлік қаза тапса, соның ішінде біздің жерлесіміз, бұрынғы Қордай – Павловка  колхозының өрені Николай Никанорович  Белашов та бар еді. Осы қырғында көз жұмған ержүрекке қаза болғаннан соң Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, туған ауылы оның есімімен аталды. Аудан орталығынан оған көрікті ескерткіш тұрғызылды.

Сталинград қан майданында ерекше ерлік көрсеткен Александр Иванович Ромышатин   де Кеңес Одағының Батыры атағын алып, елге аман – есен оралды.  Ұлы Отан соғысында ерекше ерліктерімен көзге түскендердің ішінде Қордайдың төл тумасы, соғыстан кейін Қордай аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін ұзақ жылдар атқарған азамат Бейсехан Миразимов та бар еді. Ол «Катюша» реактивті минометтік қару бөлімін сауатты әрі тиімді пайдалануды басқарып, фашистердің көзін аяусыз жойды. Оның бұл еңбегін Отан әділ бағалап, кеудесіне бірнеше ордендер мен медальдар тақты. Даңқты Панфилов дивизиясының сапында жүріп, қан майданды ерлікпен кешіп өткен запастағы капитан Владимир Ефимович Власенко, запастағы лейтенант Жапар Көпбаев, қасықтық Сейілхан Әбдірахманов, қаракемерлік ержүрек танкист Қашқыналы Сүлейменов, Оразай Самақов сынды азаматтар бірнеше ордендердің кавалерлері, медальдардың игері болып, бейбітшілік кезінде елге келіп, әр салада адал қызмет етті. Бейбітшілік орнаған соң елге келіп, бірі Калинин атындағы колхозда бөлімше меңгерушісі, екіншісі «Көк қайнар» совхозында бригадир болып еселеп еңбек етіп, ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен қол жеткізген табыстары үшін «Социалистік Еңбек Ері»  атақтарын алған қос қордайлық Николай Иванович Алемский мен Дмитрий Силович Смаглюктің  тағдырлары әрі қызықты, әрі ұқсас.

Олардың екеуі де майданға бірге аттанып, екеуі бір бөлімшеде әскери қызмет атқарды. Екеуі де әскери наградаларға ие болып, соғыстан аман оралып, Қордай ауданының екі шетіндегі: бірі колхозда, екіншісі – совхозда трактор бригадаларын басқарды. Жоғарыда айтып өткендей, еңбектегі ерекше қол жеткізген табыстары үшін, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Указымен екеуіне бірдей еліміздегі ең жоғарғы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Сондай- ақ, еліміздің әскери бірнеше жоғары наградаларына ие болып келген, «Трудовик» колхозының кәсіпқой шопаны Халық Керімбеков, Қордай автобазасының жүргізушісі Иван Дементьевич  Вальченко, үш орден, алты медаль алған, Масанчи орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс берген Вур Имаров, ол да сонша ордендер мен бірге бес медаль алған алмалылық, кейіннен гидротехник болған Әбілда Ералиевтердің есімдері ұмытылмақ емес. Соғыстың алғашқы күндерінде әскерге алынып, үшінші Украина майданында соғысып, зениттік қондырғы командирі болған, ерекше ерлігі үшін «Қызыл Ту» әскери  орденін иеленген шарбақтылық ержүрек жауынгер Аманқожа Тәттібековтың де майдангерлік жолы қиындыққа толы.  Ленинград түбіндегі жан алысып, жан беріскен соғыста ерекшеленген қордайлықтар Семен Очеретяный, Қасай Оңғарбаев, Сәбит Сегізбаевтар да мемлекеттік наградалардың иегерлері.

Қан майданда мергендігімен аты аңызға айналып бір өзі үш жүзге таяу фашисті жер жастандырған атақты мерген Әбіл Нүсіпбаев екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен қоса көптеген медальдардың иегері атанған азамат еді.

Қордай ауданынан Ұлы Отан соғысына 10734 адам қатысып, олардың көпшілігі Мәскеу, Ленинград, Сталинград сияқты ірі шайқастардың бел ортасында ерлік танытып, фашистік басқыншылар қолынан Украина, Белоруссия, Прибалтика, Молдавия, Польша, Болгария, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Югославия, т.б елдерді азат етуге белсене қатысты. Соғысқа қатысқан қордайлықтардың 7 мыңға жуығы Кеңестер Одағының ордендері мен медальдарының иегері болды.

Ұлы Отан соғысына жіберілген 10734 адамның 4 мыңнан астамы соғыс далаларында қаза тауып, хабарсыз кетсе, қалған 6 мыңнан астам майдангерлер бойына жан жарасымен бірге дене жарақатын алып, елге оралды. Соғыстан оралған майдангерлер елге келісімен қарап отырмай, соғыс кезеңінде қарқыны бәсеңдеген ел тірлігіне етене араласып, еселеп еңбек ете бастады.

 

Қордайлықтардың Жеңіс жолындағы

 үлесі мен еңбегі

 

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан Республикасы Қызыл Әскерге көмек беруде бірден-бір шешуші рөл атқарды. Жауынгерлерге әскери техника, түрлі өндірістік материалдар және азық-түлік жіберілді. Әсіресе оқ-дәрінің көбі Қазақстанда өндірілген қорғасыннан жасалып жатты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі ерен болды. Соғыс жүріп жатқанына, адам күші мен техника жетіспеуіне қарамастан, егіс алқаптарының көлемін арттырып, одан өндірілетін өнімнің еселеп молаюына күш салды. Осындай қайсар еңбекпен Қордай ауданының еңбекшілері де іске кірісті.  Ауданнан майданға аттанған он бір мыңға жуық ер-азаматтардың орнына әйелдер мен  жасөспірім балалар тұрды. Сөйтіп, олар егістік алқаптарында астық, темекі өсіріп, фермаларда төрт түлік малдың басын кемітпей енбек етті. Сол кезде ел арасында:

«Отан қорғау ісіне кетті ері,

Орнына, станокқа кел әйелі», — деген ұранды үндеу халыққа қатты ықпал етті. Қай жерде болмасын жүздеген, мыңдаған әйелдер жұмыстың ауырлығына қарамастан белді бекем буып, білекті сыбанып еңбекке араласты. Көптеген қордайлық әйелдер бірден қысқа мерзімдік механизаторлық курстарға оқуға жазылды. Олардың көбі механизатор, көлік жүргізуші, байланысшы, сауда саласына, колхоз-совхоздарда егін егуге, мал өсіруге барып жатты. Бұл  әрине КСРО ауылшаруашылығы механизатор кадрларын даярлау жөніндегі қаулысының шығуынан бастау алған шешім еді. Соғысқа  дейін пошта тасушы болған Анастасия Ивановна Сукманова ерлерді соғысқа ала бастаған кезден бірден механизаторлар курсына барып, соғыс аяқталғанға дейін тракторшы және комбайншы болып еңбек етті.  Соғыстың алдында 1938 жылы «Киров» атындағы колхозда көптеген қыз-келіншектер механизаторлар курсын бітіріп, трактор, комбайн жүргізді. Солардың қатарында – Еренсіз Бектұрсынова, Нәркеш Жылыбаева, Бүбира Кененбаева, Күлшара Дәулетбақовалар бар. Еренсіз Бектұрсынова 1938-1957 жылдары, күйеуі Смағұл соғыста жүргенде аянбай еңбек етті. Соғыстан аман-есен оралған Смағұл Бектұрсынов екеуі 18 жыл бойы бірге тер төгіп, еңбектің тамаша үлгісін көрсете білді.  «Ақтас»  колхозындағы  үй  шаруасындағы Шайжан Жаманшаева да күйеуі әскерге кеткеннен бастап, мехнизаторлық курсты тәмамдап, 1948 жылға дейін трактор кабинасынан түспей еңбек етті.

Соғыс басталғаннан Жеңіс күндерінен кейін де «Трудовик» колхозының темекі өсіруші звено жетекшісі Александра Николаевна Маркова ұдайы жоғарғы көрсеткішке жетіп отырды.

Темекі өсіруде «Роза Люксембург» атындағы колхоздың Екатерина Демченко басқаратын звеносы соғыс жүріп жатқан кезеңде бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Ол әр гектардан 44 центнерден темекі жинады.

Ерекше табыстарға жеткен «Путь Ленина» колхозының темекі өсірушісі Уәзипа Нұрелова мемлекет тарапынан Ленин орденімен наградталса, «Искра Ленина» колхозында темекі өсіруші болған Лидия Прохоровна Самохваловаға «Соцалистік Еңбек Ері» атағы берілді.

Қордайға соғыс қарсаңында ғана келген Надежда Максимовна Киясова медициналық училищені тәмамдап, емханада жұмыс істей бастады. Бұл кезде дәрігерлер де, дәрі-дәрмектер де жетіспейтін. Бірақ, Надежда Максимовна саспады. Ол акушерка Анна Ивановна Кузенконы өзімен бірге ілестіріп алып, науқастарға көмек берумен қатар, дәрігердің орнына ем жасап, түрлі жұқпалы аурулармен күрес жүргізіп, санитарлық-профилактикалық жұмыстарды да атқарды.

«Талапты» колхозынан Мүслім Қылышева, георгиевкалық Ольга Александровна Волкова сияқты коммунист әйелдер ел арасында үлкен тәрбиелік жұмыстар жүргізді.

Аудандық оқу бөлімін басқарған О.Волкова балалардың оқуын жолға қоюға көп күш-жігерін жұмсады. Мектептерде оқытушылар жетіспей, отын жоқтың қасы, балалардың көбі киімсіз еді. Соған қарамастан оқушы балалардың мектептен қалмауына, оқу процесінің үзілмеуіне барын салды.

Өзгетай Дүйсебаева соғыс басталар алдында Красногор аудандық партия  комитетінің нұсқаушысы болып істеп жүрді. Содан кейін Қордай — Павловка колхозына төрайым болып сайланып, шаруашылықты асқан ұйымшылдықпен жүргізіп, майданға көмек жақсы ұйымдастыра білді. Түйметай Өтеулиева малдәрігерлік курсты бітіріп, «Күнбатыс» колхозының мал шаруашылығының өркендеуі мен одан алынатын өнімдердің артуына қомақты үлес қосты.

Комсомол мүшесі Меруерт Елібекова Киров атындағы колхоз төрағасының орынбасары қызметін атқарды, Седет Пирива осы колхозда ферма меңгерушісі болып еңбек етті. Соңынан Седет осы колхоздың партия ұйымының хатшысы қызметіне көтерілді. Өздерінің жақсы қабілеттіліктерін «Крупская» атындағы колхоздың партком хатшысы болып атқаран У.Е.Шабалина, Тұрар Сахалова мен «Красный Партизан» колхозын басқарып жүрген М.Ф.Тарасенко сияқты коммунист әйелдер де алдыңғы шептен түспеді.

1928 жылдан КПСС мүшесі болған Жамила Қонақбайқызы Шурина негізгі өзінің дәрігерлік қызметінен бөлек, қосалқы тапсырылған Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Ай жұмыстарын жоғарғы деңгейде жүргізді. Ол Мәскеудегі съезге қатысып, Құрмет Грамотасымен марапатталды. Жамила Қонақбайқызымен бірге медицина саласында еңбек еткен Любовь Борисовна Сирота да өзінің жоғары жауапкершілікті әрі іскер маман екенін таныта білді.

1943-1949 жылдарда әйелдер арасындағы жұмысты ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Роза Шакировна Насреддинова өзгеше ұйымдастырушылық қырынан көрінді. Ол әр ауылдан белсенді әйелдерді тауып, олардың күш-жігеріне, білімі мен қабілетіне дұрыс бағыт беріп, аудандағы басқа әйелдердің патриоттық сезімі мен отансүйгіштігін арттырды. Сөйтіп, аудан әйелдерінің барлық қарымын соғыс кезеңіндегі қиындықтарды жеңуге бағыттады. 1950 жылдары Роза Шакировнаның ерекше қабілеті ескеріліп, Қордай аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне дейін өсті. Жоғарыда есімдері аталып кеткен әйелдер аудандағы жүздеген еңбек майталмандары болған әйелдердің бірері ғана. Егер әр колхоз бен совхоздардағы таң қараңғысынан түн түскенше жер қопарып, егін егіп, оны қолмен орып, кендір және темекі өсіріп, оларды өндірістік циклдан өткізіп, мал өргізіп, оның өнімін алып, өндірілген өнімдерді шашау шығармай мемлекетке, майданға жөнелтіп отырған қаншама адал еңбеккер, асыл жар, ардақты аналар болды. Олардың бәрін атап, есімдерін бүгінгі ұрпаққа, елге жеткізу мүмкін емес. Солардың табанды да қажырлы еңбегінің арқасында әр ауданда, облыста, республикада түрлі өнімдер лек-легімен Отан қоймасы мен майдан далаларына жіберіліп, материалдық, моральдік қолдау болып, нәтижесінде Ұлы Жеңіске қосқан үлес болды.

…Коммунистік партия мен Кеңес үкіметі майдангерлердің оның ішінде соғыстан мүгедек болып келген жауынгерлердің отбасына, асыраушысынан айырылған жетім балалар мен соғыста қайтыс болғандар отбасыларының тұрмыстық және еңбекке орналастыру сияқты мәселелеріне тұрақты көңіл бөлді. Ауданда осы бағыттағы атқарылатын іс-шараларды бақылайтын арнайы комиссия құрылды. Ол комиссия бөлінген азық-түліктердің дұрыс үлестірілуі, жәрдемақы мен зейнетақылардың өз уақтында таратылуы сияқты істерді қадағалады. Соғыс кезеңінде ауданда жетім қалған балалар мен балалар үйлеріндегі және мүгедек балалар үйлеріне көмек ретінде бірнеше рет қаржы, азық-түлік, киім-кешек жинастырылды. Жиылған қаржыларға түрлі музыкалық аспаптар, ойыншықтар мен киімдер әперілді.  Партия ұйымдарының және әйелдер кеңесінің басшылығымен колхоз- совхоздарда жаппай түрлі жылы киімдер  тоқылып кеңестік әскерге жіберілді. «Силикат» және «Третья пятилетка» артельдері өнім қалдықтарынан түрлі аяқ киімдер тігіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына және көпбалалы жанұяларға берілді.

Қордай ауданы бойынша 1941 – 1942 жылдары ондаған әйелдер жауапты қызметтер атқарды. Әртүрлі жастағы әйелдер, жас алшақтықтарына қарамастан, өндіріс орындарының шешуші жерлерінде жұмыс істеп, өндіріс жобаларын 2-3 есе артығымен орындады. Әйелдер ұжымдары топтасқандардың арасында стахановшылар көптеп шығып, олар жұмыс жоспарын  2-3 еседен асырды. Қордай өңірінде сол кездегі «фашистік жауды талқандау үшін Қызыл Әскерді жылы киіммен және өзге де барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету» атты Алматы облысы колхозшыларының бастамасы қызу қолдау тапты. Олар жүздеген түрлі жылы киімдерді, тонналаған астық пен ет, сүт сияқты мал өнімдерін қорғаныс қорына тапсырды. Мәселен, Халық депутаттары Жамбыл облыстық атқару комитеті мен Жамбыл облыстық партия комитетінің 1942 жылғы 5 ақпандағы  № 98 қаулысының 34 тармағында Қордай ауданы майданға 10 жылы тон, 6 пар етік, 10 бас киім, 35 жылы төменгі киім, 45 сүлгі, 30 пар қолғап, 3 тонна бидай, 0,5 тонна жарма, 0,2 тонна сарымай, 2 тонна сұлы, 5 тонна шөп өткізуді міндеттесе, бұл тапсырыс 1,5-2 еседен аса орындалған.

Қордайлықтар бұдан соңда әр колхоздан, ауыл-ауылдан майданға деген бума-бума киімдер, азық-түлік жинап, соғыс даласына жіберіп жатты.

«Қазақстанның 15 жылдығы» колхоз басқармасының төрағасы Телтаев Керімбай өз отбасынан 100 мың сом (рубль) қаржы жинап, өз атынан ұшақ (самолет) жасайтын зауытқа аударды. Соңынан Керімбай ақсақалдың қаржысына ұшақ жасалғаны туралы телеграмма да келді.

Мұндай патриоттық сезіммен қолда барының бәрін майданға бергендер ауданда көптеп саналды.

1942-1944 жылдары аудан жұртшылығы материалдық жағдайларының мәз еместігіне, қаржының тапшы болғанына қарамастан, солтүстік Кавказдан, Грузиядан, Польшадан және Ресейден жер аударылып келген қарашай, балкар, шешен, ингуштар, поляктар мен немістерді қабылдап, мүмкіндігінше өз үйлеріне кіргізіп алды. Олардың материалдық жағдайлары өте төмен болды. Тұрғын үй жоқтың қасы, азық-түлік те мәз емес-ті. Еңбекке жарамдылары жергілікті халықпен етене араласып, уақыт өткен сайын бауырласа бастады. Сөйтіп, жұмыс қолы сәл болса да өсіп, еңбек өнімділігі артты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.