«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ КӨШБАСШЫЛЫҚ ҚАСИЕТКЕ ИЕ БОЛУЫ ТИІС»

0

Ақ жағалы көйлек пен қырлы шалбар киген, жүріс-тұрысы мінсіз мемлекеттік қызметшіні көргенде көзің тояды. Олардың сырт келбеті мен этикасына ерекше назар аударуының астарында іскерлігімен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті жатыр.

 Иә, мемлекеттік қызметші сыртқы бет-бейнесімен де, ісімен де халықтың сеніміне кіре алатын азамат болуы тиіс. Осы ретте Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың  «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі еске түседі. Біз сөз еткелі отырған жанның мінезі осы сипаттамаларға дәл келеді. Ол – жұмысына деген жауапкершілігімен, адалдығы және қарапайымдылығымен қордайлықтарға есімі етене таныс Лизада Нұркеева.

Лизада Сағынтайқызы 40 жылдық еңбек жолының 14 жылын мемлекеттік қызметке арнаған азамат. Қаракемер ауылының тумасы  ауылдағы Чапаев атындағы орта мектепті үздік бітіріп,  Фрунзе қаласындағы К.Скрябин атындағы Ауылшаруашылық Университетінің экономика факультетінде білім алады. Оқуын аяқтағаннан кейін ауылға келіп бухгалтер мамандығы бойынша жұмыс атқарады. 1978-1998 жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданы  Қаракемер ауылы «Чапаев» колхозы, кейінірек Қаракемер ауылшаруашылық бірлестігі, одан «Қаракемер» өндірістік кооперативінде есепші, 1998-2003 жылдар арасында Қордай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде әлеуметтік қызметкер, 2003-2005 жылдар арасында Қордай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйден әлеуметтік көмек көрсетуші, 2005-2008 жылдары «Қаракемер ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде әлеуметтік қызметкер болып қызмет атқарып келді.

2008 жылдың қаңтар айында Қордай ауданы «Қаракемер ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бас маман болып орналасып, 2022 жылдың қазан айына дейін,  яғни 14 жыл табан ауыстырмай мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Өткен жылы зейнетке шыққанымен, бүгінгі таңда келісім-шарт бойынша қызметін жалғастырып, жас мамандарға бағыт-бағдар беруде. «Мемлекеттік қызметші көшбасшылық қасиетке ие болып, халыққа адал қызмет етуі керек,  іскер, әрі жаңашыл бастамаларды жүзеге асыратын бірегей тұлға  болуы тиіс. Жұмыс барысында инновациялық технологияларды тиімді пайдалана білуі тиіс, ойы шексіз, білімді және кең өрісті болу керек»,- деп есептейді кейіпкеріміз.

Еткен еңбектің еленгені кімге де болса қуаныш, көңілге медет беретіні жасырын емес. Мерейлі қызметте жүріп, міндеттерін жауапкершілікпен атқарған маманның осы күнге дейінгі марапаттары жетерлік.  Әр  жылдары Жамбыл облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хаттарымен», Қордай ауданы әкімінің «Құрмет грамотасымен», аудандық мәслихат хатшысының «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

Лизада Нұркеева қызметте білікті маман болса, үйде асыл жар, аяулы ана, немерелеріне ардақты әже. Отағасы Бейсенбай Рахымжанов екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Тұңғыштары  Бахтияр Алматы қаласында заңгер болып қызмет атқарса, қыздары Сабира Қордай ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы мектепте логопед болып жұмыс істейді. Ал кенже ұлдары Айбек Алматы қаласындағы  Т.Рысқұлов атындағы «Нархоз» университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітіріп, қазіргі уақытта кәсіпкерлікпен айналысады.

–Балаларым елімізді көркейту жолында әр саланың тізгінінде жүр. Ұл-қыздарым мен немерелерімнің әр жеткен жетістігі үшін қуанамын,-дейді аяулы ана.

Жас мамандарға жол сілтеп, көп жылғы тәжірибесі және біліктілігімен бөлісіп жүрген мемлекеттік қызметтің майталманын кәсіби мерекесімен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбегі табысты болсын демекпіз.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.