ОРЫНДАУШЫЛЫҚ ТӘРТІПТІ ОҢАЛТУ ҚАЖЕТ

0

Өткен дүйсенбі Қордай ауданы әкімдігінде аудандық аппараттық кеңеспен басталды. Күн тәртібіне шығарылған бірнеше сұрақ талқыға түсіп, бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы да айтылды. Әрине, аудан басшысы тарапынан жұмысы бойынша кемшіліктерге бой алдырған басшыларға ескертулер мен сөгіс те берілді. Осының барлығын ретімен баян етсек.
Аппараттық кеңес аудан әкімі Бегзат Болатбековтың соңғы уақытта тағайындалған бірқатар бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерін таныстырып, жұмыстарына сәттілік тілеуімен бастау алды. Осыдан кейін күн тәртібіндегі бірінші сұрақ – аудан басшысының бөлім мен мекеме басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне берген тапсырмаларының орындалуы турасында болды. Яғни, желтоқсан (2022 ж.) айынан бастап қазірге дейін қандай тапсырма жүктелді, орындалуы қалай?, жалпы орындалып жатыр ма? Осы және өзге де көкейтесті мәселелер хақында бірінші сұрақ талқыға түсті. Ол бойынша аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев баяндама жасады. Баяндамасын ауыл шаруашылығы саласы бойынша бастаған Жұлдызбек Төленұлы аудан әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысы қазіргі таңда тек статистикалық сипатқа ие болып отырғанын жеткізді.
-Бөлімге берілген хаттамалық тапсырмалар уақытылы орындалмайды. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында бөлімге 13 хаттамалық тапсырма берілсе, оның 8-і бір айға жуық кешіктіріліп орындалды. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында шаруа қожалықтарға көкөністі арнайы қоймаға өткізу бойынша түсіндіру жұмыстары да орындалмаған. Сондай-ақ, облыс әкімінің қант қызылшасына қатысты және гидропоника саласында жүзеге асыру бойынша тапсырмалары орындалмауы қауіпі бар. Бөлім тарапынан бірқатар индикаторлар да іске аспаған. Ет өндірісі бойынша да жоспар орындалатын емес, — деді Ж.Бақаев. Аудан әкімінің орынбасары осымен бірге ауылды жерлерде жайылым тапшылығын жою мақсатында жүргізілген бес бағыт бойынша жұмысты жер қатынастары бөлімі қанағаттанарлық деңгейде жүргізбей отырғанын мәлім етті. Жер қатынастары бөліміне жүктелген мемлекеттік шекараға шектескен жерден 100 метр мемлекеттік меншікке жер бөлу бойынша да жұмыстар өте төмен деңгейде жүргізілуде екен. Бұл тапсырмалар уақытысында орындалмайтын қауіпі бар. Ал, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің жұмысы қанағаттанарлық деңгейде екенін жеткізді баяндамашы.
Осылармен қатар Жұлдызбек Бақаев құрылыс, тұрғын үй, қаржы және экономика мәселелері бойынша да баяндама жасап, қазіргі таңда көкейтесті болып отырғандарына ерекше тоқталды. Биыл «Асар» жобасы бойынша 15 мұқтаж отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланыпты. Алайда, қазіргі таңда тек Жамбыл ауылында ғана бұл жоба іске асқан. Өзге округтерде тіпті бос жер телімдерінің ситуациялық сызбасы да дайындалмаған.
Баяндама барысында өзге де өзекті жайлар туралы айтылды. Мәселен, Жамбыл ауылынан шығатын күл-қоқыс қазір Арал ауылына дейін жеткен. Оны реттеу бойынша тапсырма әлі күнге шешімін таппаған. Ал, Алға, Бетқайнар, Сұлутөр, Қарасай ауылдық округі әкімдеріне ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ауыз су жүйесін қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжатттама әзірлеуге тапсырма берілгенімен әлі күнге орындалмаған. Яғни, бюджеттік өтінім берілмеген. Отар ауылы әкіміне Гвардейский қалашығына инвестор тарту бойынша берілген тапсырма, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне Жібек жолы көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің кәріз шұңқырын мердігер есебінен ретке келтіру бойынша тапсырма да әлі күнге орындалмаған.
Қарасай батыр ауылының әкіміне ауылдағы үйлері заңдастырылмаған азаматтардың тізімін жасақтау, заң аясында шешу жұмыстарын жүргізу бойынша берілген тапсырма іске аспаған…
Бұл баяндамашы тарапынан айтылған, тапсырма талабына мән бермеген бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің бір парасы ғана.
-Мерзімі 2023 жылдың 1 сәуірі болып белгіленген тапсырмалар осы мәжіліске дайындық барысында бірқатар бөлімдер мен әкімдіктерден кешіктіріліп жолданды. Бұл жауапты азаматтар орындаушылық мәселесіне немқұрайды қарайды деген сөз. Осыған орай бөлім басшылары Б.Садырбаевқа, Б.Юсуповқа, Е.Мендекеевке, Жамбыл, Отар, Қарасай, Алға, Қасық, Қарасу, Қаракемер, Кенен, Сортөбе, Масаншы және Ауқатты ауылдық округі әкімдеріне тәртіптік жаза қолдануды сұраймын, — деді Ж.Бақаев.
«Тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынысын қолдаймын. Айтылған, көтерілген проблемалардың барлығы орынды. Тапсырма берілген, бірақ орындалмайды. Бөлімдер мен округ әкімдері арасында байланыс жоқ. Әр ауылға барған сайын тапсырмалар бердім, еш нәтиже шықпады. Мәселен, «Асар» жобасы бойынша ауыл әкімдіктеріне ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Бұлай жалғастыра беруге болмайды , — деді аудан басшысы.
Бегзат Сейсенқұлұлы екінші тоқсан қорытындысы бойынша жұмысына немқұрайдылық танытқандардың жауапкершіліктерін қарайтынын айтты.
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай І тоқсан қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік саласындағы өзекті мәселелер туралы баяндама жасады. Алдымен халықты жұмыспен қамту туралы мәлім еткен Дамира Маратқызы осы бағыт бойынша тұрақты жұмыс орындарын құруда Масаншы, Сортөбе, Қақпатас, Сарыбұлақ ауылдық округтерінде жоспар орындалмағанын, ал, ақылы қоғамдық жұмысқа тартуда Отар, Ауқатты, Алға, Ноғайбай округтерінде көрсеткіштер төмен екенін жеткізді. Сондай-ақ, «Күміс жас» жобасы аясында Қақпатас, Қасық, Кенен, Отар, Сортөбе, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр ауылдарында жұмыс орындары мүлдем құрылмаған. Дамира Сүгірбай баяндама барысында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек қаншалықты тағайындалғаны туралы да мәлімет беріп өтті. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс, сол бағыт бойынша берілген бірқатар тапсырмалардың орындалмауы, мемлекеттік қолдаудан тыс қалған отбасыларды анықтау турасында сөз ете келе аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Заурбаеваға тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Дамира Маратқызы ішкі саясат, мәдениет, жастармен жұмыс турасында да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, осылардың ішінде көктемгі әскерге шақыру науқанында белсенділігі төмен округтерді де атап өтті. Олардың ішінде Кенен мен Сұлутөрден көктемде бірде бір азамат әскерге аттанбаған. Бұдан бөлек білім бөлімінің берілген тапсырмаларға салғырт қарайтындығы айтылды. Ауылдардағы сыртқы көрнекі ақпараттарды ретке келтіру бойынша ескертулер болды баяндама барысында. Осының барлығын ескере келе білім бөлімінің басшысына облыстық білім басқармасы арқылы тәртіптік жаза қолдануға ұсыну және бірқатар ауылдық округ әкімдерін тәртіптік жазаға тартуға ұсыным айтылды.
Ал, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл орындаушылық тәртіп, кіріс-шығыс құжаттарының, хаттамалық тапсырмалардың орындалуы және аудан басшысының халықпен кездесуі барысында берілген тапсырмалардың орындалуы турасында баяндама жасап, кемшілік тұстарды көрсетіп берді. Олардың қатарында мемлекеттік қызмет көрсету, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша кемшілік жіберген бөлім мен ауылдық округ аппараттары аталып өтілді.
Жиын барысында ауданның 2023 жылдың І тоқсан бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы, оның ішінде индикаторлардың көрсеткіштері, даму жоспарының орындалуы және басқа да бағыттар бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Светлана Абдужалиева баяндама жасады.
Жоғарыда аталған мәселелер бойынша жиынды қорытындылаған аудан басшысы жүйелі жұмыс жүргізу үшін барқатар ескертулер айтты.
«Жұмыс істейтін адам амалын табады, істемейтін, сылтау айтады». Сіздердің жұмыс осыған сайып тұр. Сол себепті де жоспарлы жұмыстар орындалуы қажет. Бүгінгі жиында айтылған мәселелер, тапсырмалар хаттамаға енгізілетін болады. Сол бойынша да жұмыс сұралады, — деді аудан басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.