ҚОРДАЙДА ҚАРҚЫНДЫ ҚҰРЫЛЫС

0

Мемлекеттің дамуы өңірлер мен аудандардың дамуынан байқалса керек. Бұл орайда халық саны көп, іргелі аудандарға қолдау көрсету идеясы өз жемісін бере бастады. Мәселен, 150 мыңға жуық тұрғыны бар Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ілгерілетуге биыл мемлекет қазынасынан қосымша 31 миллиард теңге бөлініп, игеріліп жатыр. Нәтижесі көзге айқын көрініп тұр. Былтыр Қордай ауданы тұрғындарының 30 пайызы ғана табиғи газ тұтынып келсе, биылғы газдандыру жобасы аяқталған кезде қордайлықтардың 95 пайызы «көгілдір отынға» қол жеткізетін болады. Яғни, табиғи газға деген қолжетімділік үш есеге артып отыр деген сөз.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы жұмыс сапарын Отар ауылдық округі жанында салынып жатқан автоматтық газ тарату стансасының құрылысынан бастады. Бұл жобаның құны 1 миллиард 50 миллионнан астам теңгені құрайды. Мердігер компания – «Таразстрой-2004» ЖШС. Биылғы 10 тамызда басталған құрылыс алдағы желтоқсан айының алғашқы күндерінде аяқталуы тиіс. Бұл стансаға сол маңайда жер астымен өтіп жатқан «Қазақстан – Қытай» газ құбырынан «көгілдір отын» алынып, Қордай ауданының 12 ауылын газдандыру көзделіп отыр. Қазір мұнда 10 маман,  20 жұмысшы тұрақты еңбек етуде. Жалақылары 90-95  мың теңгеден кем емес. Облыс басшысына мұндағы жұмыстар туралы «Таразстрой-2004» ЖШС-ның басшысы Сембек Тұрдалиев баяндады. Оның айтуынша «Қазақстан-Қытай» газ құбырында «көгілдір отын» 98 градустық атмосфералық қысыммен өтіп жатса, бұл стансада ол мөлшер 6 градус атмосфералық қысымға түсіріледі екен. Аталған құрылыс басында облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев кестеге сәйкес Батыс мұнай жабдықтау компанияларымен келісім бар екенін, енді үш қондырғы және дайын блоктар келетінін түсіндірді.

Қордайдың күншығыс жағы бойынша (Отар аймағы) 12 ауылға газ тартуды, құбыр тартуды «Байсын-А» ЖШС жүзеге асырады. Жобаның жалпы құны 4 миллиард 37 миллион теңгеге жуық. Тамыздың алғашқы күндерінде басталған бұл құрылыстың да аяқталуы төрт ай мерзімге белгіленген. Жұмысқа 60 адам, 28 техника жұмылдырылыпты. 21 бригада тынымсыз жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір жұмыстың 25 пайызы бітіпті.  Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы бұл мәселеге де ерекше мән берді. Ол: «Құбырларды ең қиын учаскелерден қазір өткізіп алыңдар. Ондай қиындық Сұлутөр, Көктөбе таулы аумағында екенін айтып отырсыңдар. Ертең қар жауса, онда жұмыс істеу мүмкін болмай қалады. Газ құбыры темір жол құрылысының астынан қалай өтуі тиіс? Мұны да назарда ұстаңыздар. Бірақ жұмыстың аяқталуы желтоқсан айынан кешікпеуі қажет», – деп ескертті.

Бұл жөнінде Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев: «Биыл аудандағы құрылыс жұмыстарына қосымша 31 миллиард теңге бөлінді. Мұндай қомақты қаржы бұрын-соңды бөлінген емес. Қордай ауданында газбен қамту бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Ол аяқталған кезде ауданның 22 елді мекені газбен қамтылатын болады. Атап айтқанда бүгінгі күні 10 елді мекенге магистральдық газ құбыры тартылып, он елді мекенге ішкі құбырлар жүргізілуде. 15 қазанға дейін 60 мың тұрғын, Отар аумағында 40 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізетін болады. Ал, жалпы осы жоба жүзеге асқан кезде аудан тұрғындарының 95 пайызы газбен қамтылмақ. Бұдан бөлек 4 көпқабатты тұрғын үй  (230 пәтерлі), 6 елді мекенде таза ауызсу құбыры тартылып, 4 ауылда спорттық-сауықтыру кешендері салынып, ел игілігіне берілгелі отыр», – деді.

Мұнан соң өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Гвардейск әскери қалашығы маңайындағы аумақта салынып жатқан иммундық-биологиялық препараттар өндіретін биофармацевтикалық зауыттың құрылысымен танысты. Осындағы аталған зауыттың мамандары мен жұмысшыларына арналып салынып жатқан 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй құрылысын көріп, баяу жүріп жатқан жұмысқа көңілі толмады. Бұл құрылыс уақытынан екі аптаға кешігіп келеді. Облыс әкімі бұл көпқабатты үйдің жылуы мен суы қайдан келетінін де тәптіштеп сұрады. Сонан соң: «Құрылыс қарқынын арттыру керек. Ол үшін  жұмысшыларды көбейту қажет болар. Алдағы дүйсенбіде бұл құрылыста 60 адам жұмыс істейтін болсын», – деп облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровқа, аталған құрылысқа жауапты ЖШС-ның басшысы Рахманқұл Байтелиевке нақты тапсырма берді.

Облыс әкімі биофармацевтикалық зауыттың құрылысына жауаптылармен шағын кеңес өткізді. «Мен бұл зауыттың уақтылы  аяқталуы жөнінде Президенттің алдында уәде бердім. Сіздер маған уәде бергенсіздер. Сол мүддеден шығып, уәдемізде тұрғанымыз жөн. Қаржыдан мәселе жоқ. Құрылыс қарқынын арттырыңыздар», – деді.

Келесі сәтте Бердібек Сапарбаев Отар ауылында құрылысы жүріп жатқан ауылдық Мәдениет үйі және спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен таныс-ты. Аймақ басшысының бұған дейінгі іссапарында тұрғындар ауылда Мәдениет үйі бой көтеріп, «көгілдір отын» келсе деген тілектерін айтқан еді. Осы сапарда тұрғындар сол тілектерінің орындалғанынан хабардар болды. Бұл ауылда 5267 тұрғын бар. Биыл Қордай ауданы бойынша төрт спорттық-сауықтыру кешені салынуы тиіс. Бұған жалпы көлемі 1 миллиард 340 миллион теңге қаражат бөлінген. Ал Отар ауылындағы кешенді «Тараз – Ісмер» компаниясы 323 миллион теңге қаржыға салып жатыр.

Облыс басшысы аталған ауыл ақсақалдарымен және ақ жаулықты аналармен амандасып, әңгімелесуді де ұмытпады. Оларды Отар ауылына «көгілдір отын» биылғы жылдың аяғына дейін келетінін айтып қуантып тастады. Бұл орайда аудан әкімі Рүстем Дәулет: «Жоба бойынша газ құбыры әр көшеге тартылады. Оны үйге кіргізу құны бір отбасы үшін – 350 мың теңге. Бұл қаражат өздеріңізден шығады. Бірақ барынша жеңілдіктері қарастырылады. Мысалы, биыл 100 мың теңге төлеп, қалғанын келесі жылы өтеуге болады», – деп «көгілдір отынның» әр үйге кіргенге дейінгі мүмкіндігін түсіндіріп өтті. Отарлық ақсақалдар да, ардақты аналар да жасалып жатқан игі істерге риза болғанын байқатты. Осы тұста Бердібек Машбекұлы: «Қазір әлеуметтік желіде бәрі ашық айтылып сыналып жатыр. Жақсылықты көріп, бағалаған жақсы. Осының бәрі кім үшін? Ауыл тұрғындары сіздер үшін, қарапайым адамдар үшін жасалуда. Осындай игі істерді сіздер де әлеуметтік желіде көрсетіп, жақсылыққа жаршы болып, барды бардай айтып жүріңіздер», – деді. Отар ауылының тұрғыны Забира Майшыбекова жергілікті тұрғындар атынан Мемлекет басшысына, облыс әкіміне шынайы алғысын білдіріп, Мәдениет үйінің салынуына, спорттық-сауықтыру кешені бой көтеретініне, газ келетініне өте қуанышты екенін жеткізді. Облыс әкімі алдағы жылы Отардағы орта мектептің қүрделі жөндеуіне де көңіл бөлінетінін айтып, отарлықтарға өзге де ауылдарда түйінді мәселелер бар екенін, мемлекеттің мүмкіндігін де түсініп, ынтымақпен жақсы бастамаларды қолдап жүрулері керектігін айтты.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Қордай ауылындағы «Первомайские деликатесы» ЖШС-да жалғасып, аталған ЖШС директоры Нұржан Бажанов мұнда ет бағытындағы ангус тұқымды бұқалардың және ұсақ малдардың сойылуы жағдайларынан өңір басшысын хабардар етіп, жаңа қондырғылармен де таныстырды. Мұнда карантин талаптары да қатаң сақталады екен.

Осыдан соң өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «KazMeat» ЖШС-ында болды. Мұндағы 8 мал бордақылау базасында 8 мың ангус тұқымды бұқа өсірілуде. Базалар канадалық үлгімен, төбесі биік болып жабылғандықтан, мұнда малдан шығатын жағымсыз иіс те жоқ. Жем-шөбі де жабық нысанның ішінде жиналған. Қысқасы, бұқа бордақылауға барлық жағдай жасалған. Аталған ЖШС директоры Саят Жетібаевтың айтуынша, 1400 бұқаға екі жұмысшы қарап үлгереді екен. Жұмыстың көбі технологияның көмегімен жүзеге асып жатыр. Шаруашылығын дамытты деген осы. Саяттың әр бұқасының құны 1 миллион теңгеден кем емес. Өз кезегінде Саят Жетібаев облыс әкімінен 300 гектар жер сұрады. Өңір басшысы бұл мәселені жылдамдатып шешуді аудан әкімі Рүстем Дәулетке тапсырды.

Облыс әкімі Ауқатты ауылындағы №9 орта мектепте жүргізілген күрделі жөндеу жұмысымен де таныс-ты. Мұндағы күрделі жөндеу жұмысы бір айдан астам уақытқа кешіккені үшін «Өмірзақ» мердігер компаниясы 1 миллион теңге айыппұл арқалапты. Облыс әкімі асхана, спорт зал, мәжіліс залын асықпай аралап, кейбір сынып бөлмелерінің едені жұқа екеніне, есік, терезелердің сапасына, тақтайлардың арасындағы саңылаулар көп екеніне назар аударып, мектеп директоры Назира Танабековаға: Мердігерлер ертең кетіп қалатын адамдар. Осы олқылықтардың бәрін жөндетіп алыңыз. Сапа сізге керек», – деді.

Облыс әкімі Ауқаттының қарапайым тұрғындарымен кездесіп, әр үйге «көгілдір отынның» тартылуына байланысты мәселелерге мән берді.

Бұдан кейін сапар Сортөбе ауылында жалғасты. Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ілияс Буларовтың айтуынша, ауылдағы 1646 ауланың 1200 ауласында «көгілдір отын» кіргізу мәселесі шешілгелі отыр. Облыс әкімі газға қолы жеткелі тұрған Динлонсан Шисыр, Рамазан Шербо деген тұрғындардың ауласында болып, қуаныштарын бөлісті. Олар да Президентке, облыс басшысына алғыстарын айтумен болды. Мұнан соң облыс әкімі Сортөбе ауылдық Мәдениет үйіне қойылған газ қондырғылармен танысты. Осы тұста аудан әкімі Рүстем Дәулет Қордайдың күнбатыс аймағындағы 60 325 тұрғынға «көгілдір отынға» қол жеткізу, оған қажетті технологиялар барысы түсіндірілгенін айтып өтті.

Облыс әкімі Масаншы ауылында да болды. Мұнда да тұрғындардың 90 пайызы «көгілдір отынды» үйлеріне кіргізуге келісім беріп, жақсы жаңалыққа қуанып отыр. Сондай-ақ мұнда Қордай «InteLLect» көпсалалы колледжі салынып жатыр. Оны ТИГУ-дың ректоры Ерболат Саурықов мырза қаржы бөліп салып жатса, жаңа құрылыс 2022 жылы іске қосылады деп күтілуде. Облыс әкімі аталған колледж құрылысы аясында жүріп жатқан алғашқы жұмыстармен танысып, Ерболат Саурықовтың бастамаларына көңіл аударды.

Қаракемер ауылында да «көгілдір отынның» келуіне қуанып жатқан тұрғындар көп. Облыс әкімі осындағы Д.Қонаев көшесінің тұрғындарымен жүздесіп, газ кіргізудің қазіргі қарқыны жөнінде сұрады. Ауылдық округ әкімі Жұлдызбек Бақаевтың айтуынша, 9 көшенің 7-еуінде газдандыру алдындағы жұмыстар қарқынды жүруде. Одан бөлек Қаракемерде екі пәтерлік он тұрғын үй арендалық негізде салынып жатыр. Алайда Ұлан Солтанбеков басқаратын «Атырау-ЖВИ» компаниясы кестедегі мерзімінен кешігуде. Облыс әкімі бұл орайда Ұлан Солтанбековке жұмыс қарқынын жылдамдатуды тапсырды. Облыс басшысы бұл жаңа тұрғын үйлерден жас дәрігерлердің, жас мұғалімдердің, учаскелік полицейдің бірінші кезекте пәтерлі болуын ауылдық округ әкіміне ескертті. Қаракемерде жер кезегінде тұрғандар жоқ, 33 отбасы пәтердің кезегінде тұр екен.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарын Қаракемер ауылынан аяқтап, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта да қарқынды жұмыс жүргізе беруді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.