ЖАЙЛЫЛЫҚ ЖОЛДАН БАСТАЛАДЫ

0

Жыл сайын аудан орталығы абаттандырылып, заманауи сипатқа ие болып келеді. Қордай ауылының келбеті өзгеруде: жолдар жаңартылып, жаңа тұрғын үйлер салынуда, тұрғын алаптар дамып келеді. Бүгінде автокөлік жүргізушілеріне ғана емес, жаяу жүргіншілерге де ерекше көңіл бөлінуде.

 

Егер ауылішілік жолдардың жағдайы көлікпен қатынаудың қолайлылығын анықтайтын болса, сапалы тротуарлардың болуы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан Қордай ауылында автомобиль жолдарын жөндеумен қатар, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да белсенді жүргізілуде.

Биыл Қордай ауылында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары айтарлықтай жанданды. Орташа жөндеу жұмыстары бірден бірнеше маңызды көшені қамтып отыр.

Бірқатар учаскелерде жұмыстар аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта жол құрылысшылары Байзақов, Жібек жолы, Қазыбек би және Панфилов көшелерінде жұмыстарды жалғастыруда.

Орташа жөндеу жұмыстары 2026 жылғы 26 наурызда басталды. Жоба аясында Жеңістің 50 жылдығы, Аңырақай, Қонаев, Шу және Жамбыл көшелері жаңартылуда. Сонымен қатар Қордай, Байдібек би көшелерінде, сондай-ақ «Батыс» шағынауданында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жоба аясында асфальтбетон жабындысы жаңартылып, жол төсеміндегі ақаулар жойылады. Бұл жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және аудан орталығы көшелерімен жүруді барынша қолайлы етуге мүмкіндік бермек.

Жолдармен бірге ауылдың жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы да біртіндеп жаңарып келеді. Қазіргі уақытта Қордайдың бірнеше көшесінде тротуарлар салынуда. Атап айтқанда, Төле би көшесінде, Домалақ ана көшесінен Жібек жолы көшесіне дейінгі аралықта тротуар мен көше жарығын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Өтеген батыр көшесінде жарықтандыру жүйесі мен негізі дайындалып, тротуар плиталарынан жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары атқарылуда.

Қазыбек би көшесінде де ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мұнда Жібек жолы көшесінен Кенесары көшесіне дейінгі учаскеде тротуар мен автотұрақ, сондай-ақ оған іргелес жаңбыр суын ағызатын арна қарастырылған.

Жамбыл көшесінде жаңа тротуарлар мен су бұру науалары пайда болады. Жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы Жібек жолы көшесінен каналға дейінгі учаскеде абаттандырылып, одан әрі Домалақ ана көшесіне дейін жалғасады.

Әл-Фараби көшесінде, Жамбыл көшесінен Қордай көшесіне дейінгі аралықта тротуар мен автотұрақ салу жұмыстары жүргізілуде.

«Болашақ» шағынауданында да тротуар төсеу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар Қонаев  және Жамбыл көшелерінде автотұрақ орындары абаттандырылуда.

Жалпы, округ аумағында шамамен 20 шақырым тротуар салу жоспарланып отыр. Бұл жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың, қарттардың және кішкентай балалары бар ата-аналардың қауіпсіз әрі қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасайды.

Ауылды дамыту жұмыстары жолдарды жөндеу және тротуарлар салумен ғана шектелмейді. Аудан орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жалғасып, жаңа тұрғын алаптардың инфрақұрылымы толық аяқталды.

Аудан орталығының тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен және газбен қамтамасыз етілген. Жаңа шағынаудандарға да су жүйелері тартылып, бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуде.

Әрине, әлі де шешімін қажет ететін мәселелер бар. Дегенмен бүгінде аудан орталығында болып жатқан өзгерістер көзге анық көрінеді. Жаңартылған жолдар, жаңа тротуарлар, көше жарығы, автотұрақтар мен тұрғын үй инфрақұрылымының дамуы ауылдың заманауи әрі жайлы келбетін қалыптастыруда.

Шолпан САБАНОВА

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.