Қордай аудандық Мәдениет үйінде «Бақытты бала – мықты отбасы – жарқын болашақ» атты ата-аналар форумы өткізіліп, спикерлер қоғамдағы ең маңызды мәселенің бірі бала тәрбиесі мен отбасының рөлі туралы ойларымен бөлісті.
Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бұл шара жастардың дұрыс бағытта өсуі үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталды. Шара модераторы білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Қонбаева қатысушыларға сөз кезегін ұсынып, ең өзекті мәселелерге талдау жасауға мүмкіндік берді.
«Құрметті ата-аналар, қадірлі қауым! Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Балалар – біздің болашағымыз. Отбасы – олардың алғашқы мектебі. Отбасы беретін тәрбие мен қамқорлық бала өмірінің барлық кезеңінде ерекше маңызға ие. Мемлекет пен қоғам қолдау көрсетіп жатыр, енді әр отбасы осы мүмкіндікті пайдаланып, балаларды мықты етіп тәрбиелеуі керек»,-деді аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл форумда сөйлеген сөзінде.
Білім бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов болашақ ұрпақ тәрбиесін жүйелі түрде назарда ұстаудың маңыздылығын атап өтіп:
«Қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесі жаңғыртылуда. Бірақ оның тиімді болуы көбіне отбасының, ата-ананың тәрбиесіне байланысты. Сондықтан білім беру мен ата-аналар арасындағы байланысты нығайту – басты мақсатымыз. Форум осындай ортақ ұстанымдарды қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді»,-деп өз ойымен бөлісті.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет жиын барысында отбасындағы тәрбиенің дәстүрлі құндылықтарын сақтап қалу қажеттігіне тоқталды:
«Ел боламын десең бесігіңді түзе», «Тәрбие – тал бесіктен» деп, дана халқымыз айтқандай, парасатты, кішіпейіл, адамгершілігі мол ұрпақ болашағымыздың кепілі. Бала тәрбиесінде ең маңызды рөл атқаратын әрине, ол отбасы екені мәлім. Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы болғанын қалайды. Баланың бойына имандылықты, әділдікті, еңбексүйгіштікті сіңіру – әр ата-ананың парызы»,-деді.
«Аяла» отбасын қолдау орталығының өкілі қазіргі заманның бала тәрбиесіндегі қиындықтары туралы атап өтті:
«Қазіргі әлеуметтік желілер мен заманауи технологиялар балалар өміріне терең ықпал етуде. Бұл жақсы қырлары барымен қатар, кейбір қауіптіліктерді де алып келеді. Сондықтан біз ата-аналарға балаларымен ашық сөйлесіп, олардың қызығушылықтары мен проблемаларын уақытында білуіне кеңес береміз. Бұл – жас ұрпақты қорғаудың негізгі жолы»,-деді.
«Ана – бұл отбасының жүрегі. Ана балаға тек өмір сыйламайды, сонымен бірге оның рухани құндылықтарының, тәртібінің және өмірлік ұстанымдарының негізін қалайды. Ана тәрбиесі арқылы ғана бала ішкі жан дүниесін қалыптастырады, өмірлік қиындықтарға төтеп бере алатын, жауапкершілікті мойнына алатын тұлғаға айналады. Сондықтан ананың рөлін бағалай білу және қолдау – біздің ортақ парызымыз»,-деді Айман Ашимова облыстық Әйелдер қанатының төрайымы.
Сонымен қатар, ол бүгінгі заманда ананың қызметінің көпқырлылығына назар аударды.
«Ана үй шаруасымен ғана шектелмей, қоғам ішіндегі әртүрлі маңызды салаларда – білім беру, мәдениет, медицина, кәсіпкерлік салаларында да белсенді және жауапты болуы тиіс. Қоғамдағы әрбір ана өзінің отбасында ғана емес, сонымен қатар жұмыс орнында, қоғамдық іс-шараларда, білім мен тәрбие саласында үлгі көрсетуі қажет. Ана мен қоғам арасындағы бұл сабақтастық келешекте мықты және тәрбиелі ұрпақтың қалыптасуына себепкер болады»,-деді ол өз сөзінде.
Полиция өкілі өз кезегінде баланың қауіпсіздігі мәселесіне назар аударды: «Отбасындағы тыныштық пен тұрақтылық балалардың рухани дамуына өте қажет. Қиын жағдайлар туындағанда, зорлық-зомбылық немесе құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін ата-аналар қоғам мен құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеуі шарт. Біз әрқашан көмекке дайынбыз»,-деді.
Аудандық аурухананың өкілі, денсаулық мәселесіне арнайы тоқталып, баланың психикалық және физикалық саулығы үшін ата-аналардың қамқорлығы аса маңызды екендігін айтты.
«Бала – дені сау, бақытты болуы үшін ата-ана ерте жастан оның дұрыс тамақтануы, спортпен айналысуы және рухани дамуы туралы ойлануы қажет. Біз медициналық жағынан да ата-аналарға кеңестер беріп, қажет болған жағдайда көмек көрсетуге әзірміз», – деді.
Форум барысында қатысушылар бала тәрбиесінің түрлі қырларын, соның ішінде отбасындағы қарым-қатынас, білім беру, денсаулық сақтау, алаяқтық пен зиянды ортадан қорғау сияқты мәселелерді талқылады.
Әділет Құттыбай