Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең алапат қасіреттердің бірі ретінде мәңгі есте қалады. ХХ ғасырдың зұлмат жылдарында әлем елдері қару-жарақтың күшімен бір-біріне үстемдік жүргізуге ұмтылып, миллиондаған адамның тағдырын тәлкекке салды. Сол сұрапыл кезең қазақ халқына да ауыр тиді. Қазақ елі бұл нәубетке дейін-ақ ашаршылықтың ащы зардабын тартқан еді. Кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру саясаты, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген солақай ұранмен жүргізілген тәркілеу науқаны халқымызды бұрын-соңды болмаған қасіретке ұрындырды. Малынан айырылған ел босып кетті. Елдің бетке ұстар азаматтары «халық жауы» атанып, қуғын-сүргінге ұшырады. Соның салдарынан қазақ халқының саны күрт азайды.
Осындай аласапыран кезеңде тағдыр тауқыметін ерте тартқан азаматтардың бірі – Әсеймбек Әмірұлы еді. Жастайынан жетім қалған ол бауырларын аман алып қалу үшін туған жерден үдере көшкен қазақтармен бірге көрші Қырғыз еліне қоныс аударады. Оның бар мақсаты – Әмір-Темір әулетінен тараған ұрпақты аштықтан аман сақтау болатын.
Жас жігіт жан бағу үшін қандай жұмыс болса да аянбай атқарды. Сол жылдары Қырғыз жеріндегі егістікке су жеткізу мақсатында Атбашы каналы қазылып жатқан еді. Қазіргі техника жоқ кезеңде канал қол күшімен қазылатын. Ауыр еңбекке қарамастан, Әсеймбек күніне үш адамның жұмысын атқарып, ерекше еңбекқорлығымен көзге түседі. Соның арқасында үш адамға берілетін азық-түлік пайогын алып, бауырларын аштықтан сақтап қалады.
Қарапайым қазақ жігітінің табандылығы мен қайраты сол кездегі басшылардың назарын аударып, ол «Стахановшы» ретінде Мәскеуге жіберіледі. Бұл – сол дәуірдегі еңбек ерлеріне көрсетілетін үлкен құрмет еді.
Алайда көп ұзамай ел басына тағы бір ауыр күн туды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, Әсеймбек Әмірұлы қазіргі Қырғызстан аумағындағы Фрунзе облысы, Каганов аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылады. 1941 жылдың 25 шілдесінде атты әскер құрамында аға сержант шенімен майданға аттанады.
Соғыстың алғашқы кезеңінде Кеңес әскері ауыр жағдайды бастан кешірді. Бастан-аяқ темір құрсанған неміс армиясына қарсы қылышпен қаруланған атты әскерлер жіберілді. Әсеймбек секілді азиялық сарбаздар жаумен бетпе-бет шайқасып, жанқиярлық ерлік көрсетті. Бірақ оқ пен оттың ортасында қылыш ұстаған атты әскер қатары сиреп, қаншама боздақ майдан даласында қалды.
Кейін Кеңес әскері соғыс тактикасын өзгертіп, атты әскер құрамындағы жауынгерлерді барлаушылар қатарына қосады. Әсеймбек Әмірұлы да соғыстың соңына дейін майдан шебінде жүріп, талай қауіпті тапсырманы орындаған. Ол 1945 жылдың 13 қаңтарына дейін әскери қызмет атқарып, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің қатарында болды.
Соғыстан кейін Қордай жеріне оралып, бейбіт өмірге араласты. Отбасын құрып, ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп, немере сүйді. Ел ішінде сабырлы мінезімен, ақылгөй қариялығымен сыйлы болды. Өмір бойы көрген бейнет пен соғыстың салған жарасы денсаулығына әсер етіп, 1980 жылы 66 жасында дүниеден өтті.
Қаншама қазақ азаматтары ашаршылық пен соғыстың зардабынан туған жерге жете алмай, арманда кеткені тарихтан белгілі. Ал Әсеймбек ақсақал туған елге оралып, ұрпақ өсіріп, артында өшпес із қалдырды.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Көзі тірісінде өзінің «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын білмей өткен екен. Алайда уақыт өте келе батырдың ұлы Сәрсенбек әкесі туралы деректер жинастырып жүріп, Қырғыз мұрағатынан оның осы жоғары әскери марапатқа ие болғаны жөніндегі құжатты кездейсоқ тауып алады. Бұл – шынайы ерліктің түбі бір ашылатынының айқын дәлелі.
Бүгінде Әсеймбек Әмірұлының өмір жолы – ашаршылықты да, соғысты да көрген қазақ халқының тағдырымен астасып жатқан тарих. Оның өмірі – қайсарлықтың, бауырға деген қамқорлықтың, Отанға деген адалдықтың үлгісі.
Бақыткүл ЕСИМОВА, зейнеткер, тарих пәнінің маманы