Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шара өтті Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ең алдымен баршаңызға медицина қызметкері күні құтты болсын деймін. Өткен жылы біз ардақты кәсіп иелері – медицина мамандарын алғаш рет Ақордаға шақырып, құрмет көрсеттік. Биыл да игі дәстүрге сай өздеріңізді осы жерде көргеніме өте ризамын. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген тағылымды сөзге ерекше мән берген. Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз. Шын мәнінде, денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр қызметкердің еңбегі ерен. Халқымыз сіздерді ең қадірлі мамандық иесі ретінде сыйлайды және құрметтейді. Түптеп келгенде, медицина мамандары еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы салада табанды еңбек етіп жүрген барша қызметкерге шынайы ризашылығымды білдіремін».
Мемлекет басшысы жалпыұлттық референдумға белсенді қатысқан медицина мамандарына ризашылығын білдірді «Қазір біз бәріміз Әділетті, Күшті, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Қоғамның барлық саласында ауқымды және түбегейлі өзгерістер жасалуда. Біздің алға қойған мақсатымыз – айқын. Бұл – жас ұрпақтың игілігі үшін тұғыры берік, қуатты мемлекетті құру. Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум кезінде азаматтарымыз отаншылдық пен жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетті. Медицина саласының мамандары да осы ортақ іске белсене атсалысты. Саяси науқан барысында халқымыз біртұтас ұлт болып ұйысып, тарихи таңдауын жасады. Жұртымыз ел тағдырына бей-жай қарамай, жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Бұл жарқын болашаққа жол ашатын аса маңызды шешім болғаны анық».
Президент: «Жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді» «Мемлекетіміздің мызғымас тірегі – жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді. Біз ұлт саулығы ұғымына алғаш рет кең ауқымда назар аудардық. Соған сәйкес Конституцияда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау қағидаттары айқындалды. Бұл адам өмірін сақтау медицина мамандарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін көрсететін маңызды қадам болды».
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге тоқталды «Баршаңызға белгілі, мемлекет медицина саласын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Қазір де осы бағытта ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар. Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық сақтандыру саласы да заман талабына сай жаңғыртылды».
Мемлекет басшысы Үкіметке бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізу жөнінде тапсырма берді «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бірінші кезеңі сәтті іске асырылды. 2023 жылдан бастап жаңадан 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды. Биыл 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұл азаматтарды тұрғылықты жерде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Елордада және өңірлерде мамандандырылған ғылыми институттар мен көпбейінді ауруханалар, заманауи емханалар және перинатальды орталықтар бой көтеруде. Дегенмен алдағы жұмыс – ауқымды. Елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысан әлі де қызмет көрсетіп тұр. Сондықтан Үкімет бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, олардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуы қажет.