ҰЛЫ ПАЙҒАМБАРҒА ТАҒЗЫМ

0

Алла нәсіп етіп исі  мұсылман үшін киелі саналатын атақты Мекке, Мединеге сапарлаудың да сәті түсті. Тамыз айында жетпіс жас тойымда балаларым тосын сый ретінде тарту еткен жолдамамен жұбайым екеуміз  9 қазанда  Умра қажылығын өтеуге бет алдық. SCAT әуе компаниясының «Боинг 737»  ұшағы Алматы әуежайынан жеңіл көтеріліп қала үстімен қиялай  айналып бағытын оңтүстік батысқа түзеді.  Талтүс мезгілі, оқтын-оқтын иллюминатордан  төменге қараймыз, бұйрат-бұйрат қырқалар біртіндеп қарлы тауларға ұласа бастады.  Әп-сәтте туған жерім Қордайдан өтіп, тіпті, қырғыз, өзбек, түркімен  жерлері де біртіндеп  артта қалып,  біз үшін беймәлім Таяу Шығыс    елдерінің  аспанына қарай қалықтап келеміз. Төменде Иран елі. Алматы мен Медине аралығы ұшаққа алты жарым сағаттық жол екен.  Шамамен соның жартысынан өткенде төменде айдыны жарқырап ашық теңіз көрінді. Қолымыздағы картамен оның Парсы шығанағы екенін бағамдадық. Теңізден әрі Арабия түбегі. Түбектің жартысынан астамын алып жатқан Сауд Арабиясы біздің келе жатқан бағытымыз.

Ұшақта  «Qazaq travel»,   «Zam-Zam Qazaqstan», «Хикмет  Тревел» қажылық компаниялары арқылы кіші қажылыққа келе жатқан жүз елуден аса адам бар. Арасында  жасы да, жасамысы да, мұндай сапарға осымен екінші-үшінші мәрте келе жатқандары да, біз сияқты алғаш ат басын бұрғандары да баршылық.  Барлығының ортақ парызы — Медине мешітіндегі Ұлы Пайғамбарға тағзым етіп, Меккедегі Қағбаны айналып тәу ету.  Сөйтіп, Құдайға бір табан жақыннан сәждеге бас ұрып күнәларына кешірім өтіну, болашаққа игі тілектерін жеткізу.

Ұшақ Медине әуежайына қонуға бет алғаны хабарланды.  Сыртта шырттай қараңғы, төменде қаланың  самаладай шамдары жарқырайды. Алматымен үш сағаттық айырма бар екен. «Біссімілла» деп  араб жеріне аяқ бастық. Бірден байқалғаны оттай қарыған ыстық леп болды, кештің өзінде 28 градусты ұрып тұр. Әуежайдың іші  кондиционерлермен салқындатылады екен.  Бізді «Qazaq travel» компаниясының қажылық миссиясының өкілі Ақберді Ақынұлы деген азамат қарсы алды. 2019 жылы Алматыдағы Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетін бітірген. Алдағы он күн бойы бізбен бірге болып, гид қызметін атқармақ.  Алматыдан аттанбастан бұрын-ақ арнайы чатқа өзі ертіп жүретін елу адамның әрқайсысын  тіркеп, сапардың мән-жайын түсіндіріп телефон арқылы танысқан басшымызбен енді жүзбе-жүз көрістік. Иман жүзділігі, жан-жақты білімділігі бірден байқалады.

Пайғамбар қаласы деп аталатын Медине  жазық жерде орналасқан екен. Жинақы, таза қала көрінді.  Алыстан айнала қоршаған таулар мұнартады. Пайғамбар қаласы деп аталуы осындағы бас мешітте адамзаттың абзалы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) зираты орналасуынан. Пайғамбардың жасыл күмбезді кесенесіне жапсарлап салынған мешіт жылдар өте кеңейтіле-кеңейтіле келе бүгінгі таңда ішінде бір мезгілде 600 мың адам мінәжат ете аларлық алып кешенге айналған. Сыйымдылығы жағынан әлемдегі екінші үлкен мешіт.  Мешіт біз орналасқан қонақүйден онша қашық емес екен.   Мұнда мешітті айнала орналасқан қонақ үйлері 5-тен 16 қабатқа дейін барады. Көпшілігі жаңа үлгіде салынған, жоғары-төмен тынбай лифтлер жұмыс істеп тұр, есігіне дейін электрондық кілтпен ашылады.  Қонақ үйдің иелері араб байлары болса,  қызметшілерінің дені мигранттар. Осы арада айта кетейік, Сауд арабиясында жалпы 33 миллиондай халық тұратын болса, оның жартысына жуығы (48 %)  көрші елдерден келіп жұмыс істеп нәпақа тауып жүрген мигранттар деседі. Оларға азаматтық берілмейді және ешқандай жылжымайтын мүлік сатылмайды  екен. Өткен ғасырлардағы ата-бабасынан бері осында тұратындардың өздерінде жеке баспана жоқ,  үйді тек жалдап қана тұрып жатыр. Шетелдіктерге азаматтық егер  араб қызына үйленіп, немесе араб азаматына тұрмысқа шықса ғана берілетін көрінеді. Қонақ үйде, мешітте, көшеде  қызмет жасап жүргендердің  дені Түркия,  Иемен, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Оман, Египет тәрізді  елдерден келген түрік, парсы, негр нәсілді мұсылмандар екен.   Тіпті, шағын  дүкендер ұстап сауда саласында істейтін  өзбектер мен ұйғырлар да кездесті. Қонақ үйлердің төменгі қабаты тұнған сауда орындары. Сырттан келгеніңді біліп тауарын жарнамалап әлекедей жалаңдаған саудагерлер алды-артыңды орайды. Айтпақшы, елден АҚШ долларымен әкелген ақшамыздың біразын  сауд риялына айырбастап алғанбыз. Біздің ақшамен есептегенде 1 риял — 130 теңге шамасында екен. Оған жайнамаз, таспих, киім-кешек, мешіттердің суреті, қағба бейнеленген жәдігерлер тәрізді естелік заттар алуға болады. Осы қалада орналасқан әлемдегі ең басты Құран баспасында басылған Құранның түр-түрлері қай жерде де самсап тұр.  Одан сатып алып  мешіттегі құран кітаптары тұрған сөрелерге апарып қойсаң, оны кім-кім де алып оқыған сайын сауабы  саған бұйырады деседі. Расында да мешітке  намаздан бұрын келіп, намаздан соң да қалып әлгі кітаптардан алып оқып отырғандарды көп көрген едік. Біз де он риялдық кітаптан бір-екеуін алып, сатушыға мөр бастырып мешіт сөресіне апарып қойдық. Қайсыбір жерлестеріміз оншақты кітаптан сатып алып жұртқа тегін таратып жатты. Бұл елде  мешітке садақа берілмейді екен. Біздің мешіттердегідей садақа жәшіктері атымен жоқ. Өйткені, мешіт мемлекеттің, яғни, Сауд Арабиясы корольдігінің  қамқорлығында. Садақа берер болсаң, сол мешітте еденді жуып, тазалап қара жұмыс істеп жүрген жұмысшыларға берген жөн екен.

Көшеде де, мешітте де ұзын көйлек киген қалың нөпір адамнан көрінбейді. Ұмтыла басып мешітке біз де келдік. Ақ, сары, қара, қоңырқай  өңді ерлер мен әйелдердің  жер бетінің  әр тарапынан келгені байқалады. Мешітке жақындаған бетте-ақ  ақ мәрмәр еденге жайнамаздарын жайып жіберіп нәпіл құлшылығын жасауда. Бір кезде дыбыс күшейткіштерден намазға шақырған азан дауысы естілді. Әлгі қалың нөпір жұрт мешітке қарай ағылды. Оның әр тұсынан ішіне еніп жатыр, еніп жатыр. Бұл  күллі мұсылмандар үшін әлемдегі ең қасиетті, ең үлкен  екі мешіттің бірі екенін айттық. Аумағы 56 гектар жерді алып жатқан мешіттің айналасында  67 есік бар дейді. Мешіттің ішіне 600 мың адам сыйса, үлкен қажылық кезінде сыртындағы орындарды қосқанда бір мезгілде бір миллион адам намаз оқи алады екен. (Қордай ауданының 160 мыңдық   халқы бұл мешіттің бір бұрышында қалғандай екен-ау деп ойладым). Сондай-ақ, мешіттегі биіктігі 63 метрлік 12 мұнараның болуы Пайғамбар 63 жыл өмір сүріп, 12 жыл Мәдинәда пайғамбарлық еткенін білдіреді екен. Оның айналасындағы ашылып-жабылатын шатырлары, шамдары бар тіреулердің 270 болуы құранды соңғы рет 654 жылы Оспан 270 күнде түгелдей қайта жазып бітіргенінен. 25 күмбездің саны құранда жазылған 25 пайғамбардың санына тең. Мешіттегі есіктің 67 болуы Мұхаммедтің 63 жыл өмір сүрген төрт шаһардың қосындысы екен. 730 терезе 365 күн мен 365 түнді білдірсе, 6350 тіреу Құранның 114  сүрелері мен 6236  аяттарымен тең, төрдегі отыз есік отыз пара Құранды білдіреді деген қызықты деректер кездесті.   Көрнекті жерлерге құран аяттары алтындап жазылып қойылған.

Жалпы Мединеде болу қажылық парызына енбейді, алайда алғаш рет рет мұсылманның туы тігілген, алғашқы мешіт салынған, алғаш рет құбыланы Құдыстан (Иерусалим) Қағбаға қаратқан, Пайғамбардың қабірі жатқан  Медине мешітінде болу әркімнің-ақ арманы. Қалада жүзден аса мешіт болса, оның ең бастысы осы Пайғамбар мешіті. Оның бұлай аталуы сонау VII  ғасырдан бері көздің қарашығындай сақталып келе жатқан Мұхаммед пайғамбарымыз бен оны әзіз серіктерінің зираттары болуында. Қажылыққа келген адам ең кемі бір мәрте Пайғамбардың жасыл күмбезді кесенесіне кіріп    намаз оқуға ұмтылады. Ал оған жету оңай емес, бас-аяғы көрінбейтін ұзын кезекте сағаттап  бел талдырып тұруың керек. Келесі күні түннің бір уағында біздің топтың да кезегі жетіп Алланың шарапатты құлының  алдынан иіліп тағзым етіп, сәлем беріп, тілегімізді күбірлеп айтып, шын көңілмен жалбарынып өттік. Алла осылай еткендердің күнәсін кешіреді  деген. Дұға айтып алғашқы сәлем бергеніміз – Мұхаммедтің қайын атасы әрі досы, өзінен кейін халифа болған Әбубәкірдің қабірі еді. Екіншісі – Мұхаммед пайғамбарымыз. Үшіншіде – Омар.  Қабірлердің алдыңғы жағын мықтап торлап, алтын жалатып, нақыштап қойыпты. Сыптай киінген күзет қызметкерлері әр адамның қимылын бағып міз бақпай қарауылдап тұр. Шұбырған жұрт әр қабірдегі көздей тесікке  үңіледі, біз де сөйттік.

Мединеде болған үш күнде бес уақыт намазды өткізіп алмай барынша мешітте оқуға тырыстық. Дыбыс күшейткішпен мақамдап оқылған құранға ұйып, білетінімізді  іштей қайталап, білмейтінімізді үйреніп рухани сабақ алдық десек болады. Бір күн қала сыртындағы киелі жерлерге экскурцияға арналды.  Қаладан 7 шақырымда Мұхаммед Меккеден қашып келе жатып үш күн аялдаған  жердегі Құба мешіті исламдағы ең алғашқы мешіт саналады екен. Сондай-ақ, Пайғамбардың өсиетіне құлақ аспаған  50 садақшының кесірінен мүшріктерден жеңіліс тауып, 70-тен аса сақаба шейіт  болған Ұхыд тауында болдық.  Арабтардың ай қозғалысына негізделген жыл санау жүйесі — хиджра  пайғамбардың осы Меккеден Мединеге қашып келуіне байланысты енгізілген болатын. Діни уағыздарына құлақ аспай, өзін өлтілмек болған арабтардан Мұхаммед 24 сафарда Меккеден жаяулап қашып шығып, екі жұмадан кейін әууәл айының 8-і күні (бізше 622-ші жылы) Ясриб қаласының іргесіне келеді. Ясриб арабтары Мұхаммедті пайғамбар деп таниды, бұл қала кейін Медине аталады. Мұхаммед өлгеннен соң бес жыл өткеннен кейін, яғни біздің заманымыздың 637 жылы хиджра күнтізбесі тағайындалады. Пайғамбардың өмірі жайлы әдебиеттерден оқыған осындай оқиғалар өткен жерлерді  көзбен көріп, топырағын басудың әсері өзгеше.  Сондай-ақ,   Пайғамбардың атақты құрма бағына да барып, үйімізге сәлем-сауқат ретінде киелі жемістің түр-түрінен таңдап алдық.  Бұл құрма ағашы отырғызылғаннан  жиырма бес жылдан кейін  жүз жылдан аса жеміс береді екен. Пайғамбар қаласында үш күн болған соң, жер түбінен  келгендегі басты мақсатымыз – Умра қажылығын өтеуге Мединеден 450 шақырымдағы Мекке қаласына қарай жолға шығуға қамдандық.

Құрманбек Әлімжан, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Алматы – Медине- Мекке – Жидда – Алматы 

Leave A Reply

Your email address will not be published.