ӘР НЫСАН ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА

0

Бейсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаев жұмыс сапарымен Қордай ауданының бірқатар елді мекендерінде болып, спорттық сауықтыру кешені, көппәтерлі тұрғын үй және ауыз су жүйесі сынды стратегиялық маңызы мол нысандардың құрылыс барысын бақылады.
Бұл күні Мәден Тоқтарбайұлы сапарын ауданнан алшақ жатқан Қарасай ауылдық округінен бастады. Мұнда ол бірінші кезекте жақында іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілген заманауи спорт кешенінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысып, мердігер компания өкілдерімен кездесті. Құрылысқа жауапты азаматтарға жұмыстың сапасына мән беру керектігін ескертіп, тиісті тапсырмасын берген аудан басшысы Өтеген және Қарасу ауылдарына жол тартты. Ең әуелі Мәден Мұсаев Өтегенде 2020 жылы салынған ауыз су желісін көріп, «Қордай су» мекемесінің мамандарымен тілдесті. Айта кетсек, ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған нысан құрылысы толықтай аяқталып, арнайы су жинайтын орны мен ауылішілік құбырлары күні қашан тартылып қойған. Алайда, өтегендіктер су мекемесімен келісім жасап, су жүргізуге асығар емес. Мамандар бүгінгі күнге бар болғаны он отбасы үйіне су кіргізгенін алға тартты. Осы орайда аудан басшысы ауыл әкімі мен жауапты тұлғаларға тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мәселенің мән-жайын анықтауды жүктеді. Келесі кезекте М.Мұсаев Қарасу ауылында салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің және Қордай ауылының шығысындағы сумен жабдықтау жүйесінің құрылысымен танысты. Әрбір нысанда құрылыстың сапасы мен өткізу мерзіміне ден қойылды.
Осылайша, мердігерлермен жүздесіп, жұмыстың қамшы басар тұстарына назар аударған аудан әкімі Қордай ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын көрді. Бұл ретте Мәден Тоқтарбайұлы бастаған топ Цемзауыттағы төрт қабаттан тұратын 20 пәтерлі тұрғын үйді, «Батыс» ықшам ауданындағы 50 пәтерлі және №3, №4, №5, №6-шы 60 пәтерлі тұрғын үйлерді, Жібек жолы көшесінің бойындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді аралап шықты. Мұнда да аудан басшысы құрылысқа жауапты мердігерлер мен техникалық бақылау мекемесінің мамандарынан сапа жайында сұрап, құрылыс барысында олқылықтар орын алмауы керектігін баса айтты. Осыдан кейін әкімнің жұмыс сапары Сарыбұлақ және Арал ауылдарында жалғасып, топ мүшелері заманауи спорттық-сауықтыру кешені мен 180 орындық мектептің құрылысын бақылады.
Әлібек ОСПАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.