ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР ЖҮЛДЕЛІ БОЛДЫ

0

Бойында ерекше қабілеті бар, сахна төрінен ойып тұрып орын алсам дейтін жас дарындардың арасында «Balbulaq» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы ұйымдастырған «Көктем шуағы» атты V республикалық өнер байқауы өтті. Алматы қаласында өткен өнер додасында Қордай аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының оқушылары да бақ сынап, қоржын толы жүлдемен туған өлкелеріне оралды.

Өрелі жеткіншектердің өнеріне журналист, өнертанушы Д.Төлебаев, «ҚР Мәдениет қайраткері Г.Сенбиева, «Құрмет» орденінің иегері, режиссер Р.Байжүнісова, «Balbulaq» БЖШО жетекшісі Б.Шарен сынды өнер десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар әділ бағаларын берді.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен, «Вокал» номинациясы бойынша аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының оқушылары Айсұлтан Акенбай, Кәусар Нұрланқұл бас жүлдені иеленді. Айта кетейік, бұл дарынды балалардың жетекшісі – Ержан Атамқұл. «Көркемсөз» номинациясы бойынша Айсұлу Қалиеваның шәкірттері Бағдәулет Тұрғын — бас жүлде, Нұрикамал Жаңбырбай 1 орынды иеленді.
Сондай-ақ, «Көркемсөз» номинациясы бойынша Гүлжаз Сегізбаеваның шәкірттері Алина Жұмахан бас жүлдені, Дарина Оразқұл, Дархан Темірхан, Айлана Шынгожина 1-орынды, Азамат Қуатбек 2-орынды, Индира Сырымбетованың шәкірті Уәлихан Наурызбай 1-орынды қанжығаларына байлады. Барлық жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. «Біздің балалардың барлығы өнерлі, болашағынан мол үміт күттіретін жастар. Сондықтан қордайлық дарындардың өнердегі жетістіктері мұнымен тоқтап қалмай, алар асулары көп болатынына шүбәсіз сенеміз. Балаларымыздың бойындағы қабілеттерін дамытып, осындай үлкен мүмкіндіктер сыйлап жатқан аудандық БЖШО-на алғысымыз шексіз»,-дейді конкурстан бас жүлде ұтып алған Айсұлтан Акенбайдың анасы Әсем Игібаева.

Leave A Reply

Your email address will not be published.