🔰БҰҰ-ның «Жібек жолы керуені» халықаралық бастамасы Қордай ауданында
Бүгін Қордай ауданына БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі Конвенциясы аясында жүзеге асырылып жатқан «Жібек жолы керуені» (Silk Road Caravan) халықаралық бастамасының делегациясы келді.
Жоба жайылым экожүйелерінің маңызын насихаттауға, жер ресурстарын тұрақты басқаруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыруға және табиғи ресурстарды сақтаудағы жергілікті қауымдастықтардың рөлін танытуға бағытталған.
Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары және серіктестік өкілдері қарсы алып, Қордай ауданындағы «Гринвилл» ЖШС жылыжай кешенінде болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Аквапоника әдісі арқылы салат өнімдерін өсіретін жылыжайдың жұмыс барысымен танысқан қонақтар тәжірибе алмасып, өзара пікір бөлісті. Сонымен қатар керуен қатысушылары халықаралық бастаманың мақсаты мен алдағы жоспарлары жөнінде ақпарат берді.
Айта кетейік, «Жібек жолы керуені» биыл Түркиядан басталып, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан арқылы өтуде. Алдағы уақытта Қырғызстан мен Қытайды аралап, сапарын 2026 жылы Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтетін COP17 конференциясында қорытындылайды.