ЖИ ЖАРЫСЫНДАҒЫ РЕКОРД

0

Астанада жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы халықаралық HackAlem AI хакатоны Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бір мезетте 2 415 адам технологиялық жобалар әзірлеп, бұған дейін Үндістанда тіркелген әлемдік рекордты жаңартты. Жарысқа жиналған жастар энергетикадан бастап білім мен саудаға дейінгі түрлі саланың мәселелеріне ЖИ көмегімен шешім іздеді.

Хакатон деген не? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – қысқа уақыт ішінде тың идеяны нақты жобаға айналдыратын жарыс. Оған бағдарламашылар, дизайнерлер, инженерлер, студенттер және технологияға қызығатын өзге де мамандар қатысады. Олар бірнеше адамнан команда құрып, белгілі бір мәселенің шешімін іздейді. Мәселен, дәрігердің қағазбастылығын азайтатын бағдарлама, оқушыға сабақты меңгеруге көмектесетін қосымша немесе қаладағы көлік кептелісін болжайтын жүйе әзірлеуі мүмкін.

Мұндай жарыста идея ұсыну жеткіліксіз. Қатысушылар оны жүзеге асырып, жұмыс істейтін алғашқы үлгісін жасап, қазылар алқасына таныстыруы керек. Ал HackAlem AI хакатонында командалар осы міндетті жасанды интеллект көмегімен орындады.

Астанада бас қосқан жастар энергетика, қаржы, мемлекеттік басқару, телекоммуникация, логистика, креативті индустрия, білім, инновация, коммуникация және сауда сынды он түрлі саланың мәселесіне назар аударды. Осылайша, қатысушылар жасанды интеллектінің мәтін жазу немесе сурет жасаумен шектелмейтінін, оның экономика мен күнделікті тіршілікте де пайдасы бар екенін көрсетуге ұмтылды.

Бұған дейін жасанды интеллект хакатонына қатысушылар саны жағынан әлемдік рекорд Үндістанға тиесілі еді. 2025 жылғы 21 желтоқсанда Хайдарабад қаласында «Google for Developers» және «Google Developer Groups Hyderabad» ұйымдастырған жарысқа 2 089 адам қатысқан.

Астанадағы «HackAlem AI» бұл көрсеткіштен 326 адамға асып түсті. Алайда әлемдік рекордты тіркеу оңай шаруа емес. Жарыс алаңына келген адамның бәрі бірдей есепке алынбайды. Қатысушы тіркеуден өтіп, белгіленген уақыт аралығында сол жерде болуы, ең бастысы жобаны әзірлеуге тікелей атсалысуы қажет.

Осы талаптардың орындалуын «Guinness World Records» ұйымының ресми төрешісі Гленн Поллард қадағалады. Оған арнайы бақылаушылар мен тәуелсіз куәгерлер көмектесті. Әр қатысушының алаңға кіріп-шығуы жеке бейдж арқылы тіркеліп отырды.

«Хакатон басталмай тұрып, әлемдік рекордтың Үндістанда тіркелгенін айтқан едім. Менің міндетім барлық талаптың сақталғанына көз жеткізу болды. Біз хакатонға шын мәнінде қатысып, қажетті шарттарды орындаған адамдарды ғана есепке алдық. Барлық дерек пен қатысушылардың жұмысын тексергеннен кейін «HackAlem AI» нәтижесі 2 415 адам болғанын ресми түрде жариялай аламын. Сіздер жаңа әлемдік рекорд орнаттыңыздар!» деді Гленн Поллард.

Хакатонға қатысқан жастарға жобаларын әзірлеуге қажетті технологиялық мүмкіндіктер де ұсынылды. Атап айтқанда, олар «OpenAI», NVIDIA және Arizona State University ұсынған жалпы құны 1,5 млн долларға дейінгі технологиялық және білім ресурстарына қол жеткізді. Мұның мәні неде? Айталық, команда жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін бағдарлама жасағысы келеді. Оған идея мен білімнен бөлек, қуатты есептеу жүйелері, дайын жасанды интеллект модельдері және түрлі технологиялық құралдар қажет. Осындай ресурстар жобаның алғашқы нұсқасын әзірлеуге, оның мүмкіндіктерін сынауға көмектеседі.

Ал «Kazakhtelecom» бағытына қатысқан командаларға қосымша қолдау көрсетілді. Компания «AI-Farabium.cloud» платформасында пайдалануға болатын жалпы құны 10 мың долларлық токендер ұсынды.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев әлемдік рекордты еліміздің технологиялық қауымдастығының ортақ жетістігі деп атады.

«HackAlem AI» озық технологияларды пайдалана отырып, экономиканың нақты міндеттерімен жұмыс істеген мыңдаған талантты әзірлеушіні, студент пен жас маманды біріктірді. Бізге мұнда жасалған жобалардың идея мен алғашқы үлгіден бастап, сынақтан өткізу және қолданысқа енгізу кезеңдеріне дейін дамуы маңызды. Бұл нәтиже еліміздің жаһандық технологиялық үдеріске қатысып қана қоймай, оның дамуына да үлес қоса алатынын көрсетеді», деді министр.

«Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев те рекордтың артында ең алдымен жас әзірлеушілердің еңбегі тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, хакатон талантты жастарға халықаралық технологиялар мен білімге қол жеткізуге, жаңа серіктестер табуға мүмкіндік береді. Ал мұндай бастамалардың түпкі мақсаты – тың идеялардың бәсекеге қабілетті өнімге айналып, әлемдік нарыққа шығуына жол ашу.

«HackAlem AI» елімізде өтіп жатқан «AI Month» іс-шаралар сериясының шымылдығын ашты. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен киберқауіпсіздік тақырыптарын қамтитын бұл бастама «AI & Digital Bridge-2026» халықаралық форумы қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Хакатонды өткізуге Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Astana Hub» халықаралық инновациялық кластері, «OpenAI», NVIDIA, Arizona State University және өзге де отандық, шетелдік ұйымдар атсалысты.

Бекзат ҚҰЛШАР

Leave A Reply

Your email address will not be published.