15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні. Бұл күн – еліміздің қаржылық дербестігінің қалыптасу тарихын еске алып, ұлттық экономиканың дамуына үлес қосып жүрген қаржы саласы мамандарының еңбегін бағалайтын маңызды мереке. Биыл төл теңгеміздің айналымға енгеніне 33 жыл толып отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ұлттық валюта – кез келген тәуелсіз мемлекеттің басты нышандарының бірі. Ол елдің экономикалық егемендігін айқындап қана қоймай, ішкі нарықтағы сауда-саттықтың, қаржы айналымының және экономикалық саясаттың негізін қалыптастырады. Қазақстан үшін теңгенің дүниеге келуі тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең маңызды тарихи қадамдардың бірі болды.
ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН БІРГЕ КЕЛГЕН ТӨЛ ВАЛЮТА
1991 жылы Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел алдында дербес экономикалық жүйе қалыптастыру міндеті тұрды. Соның ішінде ұлттық валютаны енгізу мәселесі ерекше маңызға ие болды. Өйткені ортақ рубль аймағында қалу елдің өз бетінше ақша-кредит саясатын жүргізуіне мүмкіндік бермейтін еді.
Ұлттық валютаны әзірлеу жұмыстары 1992 жылы басталды. Арнайы құрылған жұмыс тобы тарихи деректерді зерттеп, болашақ банкноттардың дизайны мен қорғаныс элементтерін дайындауға кірісті. Алғашқы теңгенің көркемдік келбетін жасауға суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов және Хайрулла Ғабжалилов сынды мамандар қатысты.