Алаяқтар ақпаратты қайдан біледі? Әлеуметтік желіде тараған бір оқиға осы мәселенің мәнін айқын көрсетеді. Анасы дәрігер қабылдауына алдын ала жазылады. Кешкісін оған өзін «емханаданбыз» деп таныстырған адам хабарласып, ертеңгі қабылдау уақыты мен дәрігердің мәліметтерін нақты айтады. Онымен қоймай, таңертең ерте келіп, иммунограммаға қан тапсыру керектігін, тіркеу бөлімінен жолдама алатынын ескертеді. Әңгіме барысында телефонға келетін SMS-кодты да сұрайды. Қоңырау шалған адамның емханаға қатысты мәліметтерді жақсы білетіні соншалық, анасы оның сөзіне сеніп қала жаздайды. Алайда жанындағы ұлы күмәнданып, қоңырау шалушының кім екенін сұрағанда, әлгі адам бірден ашуланып, телефонды анасына беруді талап етеді. Осы күмәнді әрекеттен кейін отбасы алаяқтық болуы мүмкін екенін аңғарып, анасының электрондық үкіметтегі аккаунты мен банк карталарын қорғауға кіріседі. Бұл оқиғаның әлеуметтік желіде баяндалған нұсқасы болғанымен, онда айтылған тәсіл – азаматтардың сеніміне кіру арқылы құпия ақпаратты иемденуге ұмтылу – шынайы өмірде кездесетін қауіп. Ең маңызды сұрақ: алаяқ дәрігердің аты-жөнін, қабылдау уақытын және медициналық тексерудің түрін қайдан білді? Мұның бірнеше ықтимал себебі бар. Ақпарат медициналық мекеменің ақпараттық жүйесінен, қызметкерлердің аккаунттарынан немесе басқа арнадан тарауы мүмкін. Адамның өзі бұрын жариялаған мәліметтер де алаяқтарға бағыт-бағдар береді. Кейде қаскөйлер түрлі дереккөздерден жиналған ақпараттарды біріктіріп, жәбірленуші туралы толық көрініс қалыптастырады. Ал кейбір мәліметтерді олар телефон арқылы сөйлесу барысында адамның өзінен байқатпай біліп алуы мүмкін. Бірақ бір нәрсені нақты ажыратып алған жөн: алаяқтың жеке мәліметтерді білуі оның телефонды тыңдап отырғанын немесе барлық мемлекеттік базаға еркін кіре алатынын өздігінен дәлелдемейді.
Бір кездері банкке барып, кезек күтіп алатын қызметтің талайы қазір смартфонның ішінде тұр. Төлем жасаймыз, несие рәсімдейміз, дәрігерге жазыламыз, мемлекеттік анықтамаларды аламыз. Қалаған затымызды интернеттен тапсырыс беріп, есігімізге дейін жеткіземіз. Бір қарағанда, бұл – уақытты үнемдеген, тіршілікті жеңілдеткен өркениеттің жетістігі. Алайда цифрлық өмірдің көзге көрінбейтін екінші жағы да бар. Телефондағы деректерімізге кім қол жеткізе алады? Біз туралы ақпарат бөтен адамның қолына қалай түседі? Алаяқтар аты-жөнімізді, телефон нөмірімізді, дәрігерге жазылған уақытымызды, тіпті қай банктің қызметін пайдаланатынымызды қайдан біледі? Ең бастысы, қалтамыздағы ақшаны қолымыздағы телефон арқылы қалай жоғалтып алуымыз мүмкін? Бұл сұрақтар бүгінде әрбір азаматты алаңдатуы тиіс.