2024 ЖЫЛҒЫ МЕРЕЙТОЙЛАР

0

ШӘКЕН АЙМАНОВТЫҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫ

Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Айманбұлақ ауылында туған.

Режиссердің өмір жолына көз салсақ, Шәкен Аймановтың кәсіби театрға жол тартуына қатысты жазушы Ғабит Мүсіреповтің есімі қатар аталады. Жазушы Шәкен Аймановты қойылымдарда ойнап жүрген кезде байқаған.

Шәкен Айманов 1933 жылдан бастап қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында жұмыс істеп, жүзден астам рөлді сомдайды. Олардың ішінде Петруччио («Асауға тұсау»), Хлестаков («Ревизор»), Қодар («Қозы Көрпеш – Баян Сұлу») және басқа да көптеген образ бар. Театрда бірнеше спектакль жүз реттен қойылды. Олардың қатарында Александр Островскийдің «Таланттар мен табынушылар», Ғабит Мүсіреповтің «Ақынның қасіреті» бар.

Шәкен Айманов ғұмырында 14 фильм түсіріп, 20-дан астам кейіпкердің рөлін сомдаған. Өзі соңғы рет түсірген «Атаманның ақыры» атты фильм көрермен қауымның жылы лебізіне ие болды. 1953-1970 жылдары аралығында Шәкен Айманов ұлттық киностудияның тұрақты жетекшісі және өзі ашқан Қазақстан кинематографистер одағының басшысы болды. Шәкен Айманов 1970 жылы 56 жасында қайтыс болды.

 

РАБИҒА СЫЗДЫҚТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық 1924 жылы 17 тамызда Ақтөбе облысы Ойыл ауылында туған. Рәбиға Сыздық – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі. Рәбиға Сәтіғалиқызы 1940 жылы Ақтөбедегі педагогикалық училищені бітірген.

1947 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіреді. 1951 жылы аспирантураны тәмамдаған.

Сыздық Рәбиға «Абай шығармаларының тілі» (1972) тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтикалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV – XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар, орта ғасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы мен лексика-грамматикалық құрылымы, текстологиясы, тарихи лексика, лингвостилистика, тіл мәдениеті салаларына арналған.

Ғалым 2020 жылы 4 шілдеде Алматы қаласында 96 жасына қараған шағында қайтыс болды.

 

ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВТІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ

КСРО мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген.

Әбдіжәміл Нұрпейісов орта мектепті тәмамдаған бойда әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанды.

1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. Жазушы тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады.

Қаламгердің тұңғыш романы «Курляндия» 1950 жылы жарияланып, кейіннен «Күткен күн» деген атаумен өңделген нұсқада жарық көрді. Бұдан бөлек, ол – «Сең», «Соңғы парыз» роман-дилогиясының, «Толғау» атты сыни еңбектің, көптеген очерктер мен көркем аудармалардың авторы. Ал басты туындысы – «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970).

Ол үш кітаптан тұратын «Қан мен тер»трилогиясының авторы: 1-кітап – «Ымырт» (1961 жыл); 2-кітап – «Сергелдең» (1964 жыл); 3-кітап – «Күйреу» (1970 жылы).

КСРО мемлекеттік сыйлығын үш-ақ қазақ алған. Олар – Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және Әбдіжәміл Нұрпейісов.

Әбдіжәміл Нұрпейісов 2022 жылы 97 жасында Алматыда қайтыс болды.

 

РАХЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген.

Рақымжан Қошқарбаевтың 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалған. Осылайша 13 жасынан жетім қалған Қошқарбаев Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленеді. 7 жылдық мектепті бітірген соң ол Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберілген.

Соғыс басталғанда Рақымжан Қошқарбаев 16 жаста болады. Ол да ер-азаматтармен қатар майдан шебінде Отанын қорғауға ат салысуға сұранады. 1942 жылдың тамызында 18 жастағы бозбала Қазақстан және Орта Азия сарбаздарын әскери дайындықтан өткізген Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынып, осы жерде 1943 жылдың жазына дейін болады. Одан соң Рақымжан Қошқарбаевты Фрунзеге эвакуацияланған Тамбов жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. Тек 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант Қошқарбаев училищені үздік тәмамдап, майдан шебіне қосылады.

Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, Жеңіс туын тікті. Осы ерлігі үшін лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды. Бірақ ол тек «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Рақымжан Қошқарбаев Қызыл Ту, I дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.