3235 БҮЛДІРШІН МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

0

1 қыркүйек –

Білім күні еліміздің

барлық мектептері

мен оқу орындарында үлкен мереке. Бүлдіршіндер алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, жаңа өмірге қадам басып жатса, үш ай бұрын алтын ұяларымен қоштасқан түлектер «студент» атанып, ғылым атты әлемге құлаш сермеуде.

Өткен оқу жылында ауданда 1310 оқушы мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алды. Ал, биыл ауданның 3235 бүлдіршіні үшін алғашқы қоңырау соғылуда. Айтулы күнге орай аудан мектептерінде жыл сайынғы дәстүрлі салтанатты шара өтті. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудандағы қазақ мектептерінің қара шаңырағы саналатын №3 Абай Құнанбаев атындағы орта мектепте ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымына ыстық лебізін білдірді. «Құрметті оқушылар! Елдің ертеңі сіздер екенін бір сәт естен шығармаңыздар! Қиялдарыңыз ұшқыр болып, қанаттарыңыз талмасын! Жаңа оқу жылы ата-аналарға толағай табыстарға, жағымды жаңалықтарға толы болсын! Мектептің педагогикалық ұжымының жұмысына табыс, жоғары көрсеткіштер мен сәттілік тілеймін! Жаңа оқу жылы жаңа жетістіктерге жетелесін!»-деді аудан басшысы.

Толқыныс пен тебіреніске толы күні ата-аналар да өздерінің құттықтауларын жеткізіп, мектепке енді қадам басқан бүлдіршіндер өлең шумақтарын оқыды.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында ұлы Абай ақынның есімімен аталатын білім мекемесінің табалдырығын 32 оқушы алғаш рет аттады. Жас ұрпаққа тәлімді тәрбие мен саналы білім беріп  келе жатқан бұл мектеп – өткен оқу жылын да жақсы көрсеткішпен аяқтады. Жалпы мектептің білім сапасы 60 %, ал оқу үлгерімі 100 %-ды құрап, мектеп бітірген 40 жас түлектің 18-і  жоғарғы оқу орнына түсті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.