Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде өткен Қоғамдық кеңестің отырысында мекеме өкілдері атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Министр Бағдат Мусин Қоғамдық кеңестің мемлекеттік органдар қызметіндегі айрықша рөлін атап өтті. «Қоғамдық кеңестердің арқасында өзекті мәселелер көтеріліп, қоғамдық пікірлер айқындалады. Азаматтық қоғам мен мемлекет бірігіп жұмыс істесе, біздің жобаларымыз да нәтижелі және тиімдірек болары сөзсіз», деді Бағдат Мусин.
Министрліктің аппарат басшысы Арман Кенжеғалиев ведомствоның бюджеттік бағдарламасы бірнеше стратегиялық бағыт бойынша, соның ішінде ІТ-саланы дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру, ақпараттық қауіпсіздік деңгейін көтеру, аэроғарыш саласы мен тағы басқа да бағыттарда жүзеге асқанын атап өтті. «Стратегиялық бағыттар бойынша жалпы сомасы 118 млрд теңгеге 10 бюджеттік бағдарлама іске асырылды. Былтыр министрлік 18 мақсатты индикаторға қол жеткізді және көбінің көрсеткіші жоспарланған межеден асты», деді Арман Кенжеғалиев.
Министрлік пен мекемеге қа¬расты ұйымдар адамға бағдарланған сервистерді дамытуға да күш салып жатыр. Қазіргі таңда 18 цифрлық құжат қолжетімді және бұлтты ЭЦҚ енгізілді. Сондай-ақ негізгі әлеуметтік маңызы бар 23 мемлекеттік қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мысалы, бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді SMS арқылы алуға болады, бүгінде 81 мың адамға осындай қызмет көрсетілген.
«Біз «видео ХҚКО» жобасын іске қостық. Үйден шықпай-ақ қызмет алуға мүмкіндік беретін бұл қызметті 17 650 азамат пайдаланған. Яғни алдағы уақытта адам¬дар ХҚКО-ға бармай-ақ, қашықтан консультация алып, тіпті мемлекеттік қызметтерге де қол жеткізе алады», деді Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Мейірбек Мұқатов.
Соңғы жылдары байланыс сапасына үлкен көңіл бөлінуде. 2021 жылы 628 елді мекенде интернет сапасы жасқартылған, 2022 жылы 140 ауылда осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте азаматтар тарапынан байланыс сапасына ресми шағым түсетін болса, жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Заңбұзушылықтар расталған жағдайда операторларға айыппұл салынып, байланыс сапасын жөндеу туралы нұсқама беріледі. 2021 жылы 562 тексеру жасалып, жалпы сомасы 132 млн астам теңгеге айыппұл салынды.
Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы 5G технологиясының сынағы сәтті өтті.
ІТ-білімге бейімделген адами капиталды дамыту жүйесі – министрлік қызметіндегі маңызды бағыттардың біріне айналды. «ІТ-факультеттерді ІТ-компаниялардың қамқорлығына беру, «Виртуалды мұғалім» жобасын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 300 мың маман оқытылды. ІТ-мамандық бойынша білім алуға 100 ваучер бөлінді, әр ваучердің құны – 600 мың теңге. 2025 жылға қарай 20 мың ваучер беру жос¬пар¬ланған», деді Мейірбек Мұқатов.
Геодезия және картография саласында да қомақты жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта Қазақстан территориясы 100 пайызға цифрланған – 272 млн га жер ресурсы, соның ішінде 22 млн га егістік; 127,7 млн га жайылымдық жер (68%); 18,6 млн га орманды алқап.
Жердің цифрлық нұсқасын жасау барысында 1,1 млн га жайылымдық жер мен 19,6 млн га егіндік игерусіз жатқандығы, сондай-ақ 2 641 ағаш кесу полигоны, 6,5 млн га өртенген жер, 7,3 мың заңсыз қоқыс орны, кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру бойынша 21 оқиға, жерді заңсыз иелену бойынша 391 мың оқиға анықталған.
Жақсылық САҒАДАТ
Мал бағуды неге жеңілдетпеске?
Қазір елімізде мал шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер мал бақтыруға малшы таба алмай зар илейді. Қоғамның бір бөлігі «малшыға жалақыны дұрыс төлемейді» деп олардың өзін айыптайды.
Менің ойымша, ата кәсіп малшы еңбегінің обалы, ең алдымен, оны жеңілдету бағытында түк істей алмаған Қазақстан ғылымында жатыр. Мал шаруашылығы мен техника саласында аты дардай ғылым докторлары мен кандидаттары елімізде қаптап жүр. Бірақ Қазақстандағы малшы кәсібі заманға сай дами алмауда. Ал шетелдіктер туралы бұлай айта алмайсың. Оларда мал шаруашылығын автоматтандыру, роботтандыру мен механикаландыру ісі баяғыда жолға қойылған. Дамыған әрбір ел өз жерінің табиғатына сәйкес мал бағуға себі тиетін технологияларды жасап алған. Бұл технологиялардың бір ұшығы бізге де келіп жатыр. Дронмен мал іздеу, мотоциклмен мал қайыру секілді жаңалықтардың үрдіс алып келе жатқаны сезіледі. Бірақ бұл технологиялар таулы-тасты, сайын далалы қазақ жеріне толық сәйкес келе бермейтінін байқауға болады. Сонда Қазақстан ғылымы тым құрығанда малдың қиын ойып бере алатындай сенімді техниканы жасай алмай не бітіріп отыр? Байқап қарасаңыз, қазіргі нарық заманында қидың өзі әр нәрсеге қолданарлықтай бағалы шикізат көзі. Тек оны түрлендіру, осы іске аздап ғылым мен өнертапқыштықты араластыру арқылы құрылыс пен отын саласында жаңа заттар шығару ғана қолымыздан келмей отыр.
Неге бұлай? Басымыз істемей ме? Жоқ! Қазір Қазақстан шахматшылары мен математик жасөспірімдері мен балалары түрлі халықаралық додада жарып шығуда. Демек проблеманың түп төркіні ғылым мен ауыл шаруашылығын, әсіресе атакәсіп мал шаруашылығын ұйымдастыру ісінде тұр деген ойдамыз.
Осыдан біраз жыл бұрын Қайролла Исмағұлов деген өнертапқышпен кездесіп, әңгімелескен едім. Ол маған былай деді:
«Мен Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында малшы отбасында дүниеге келдім. Кеңес өкіметі кезінде заманға сай білім іздеп атакәсіпті ұстап қала алмадым. Сол кезде ел басқару ісіне араласа бастаған ағам Мырзаш Исмағұловтың ақылымен Ленинград қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде оқып, гидроакустик мамандығын алдым. Артынша әскерге шақырылып, Солтүстік теңіз флотының сүңгуір қайығында қызмет етіп, елге оралған соң ең алғашқы өнертабысымды өмірге әкелуге мына бір жағдай түрткі болды.
Әскерден елге келген соң біраз уақыт мамандығым бойынша жұмыс таба алмай, малдағы әкеме көмектесуіме тура келді. Сол жылдардағы шопан еңбегінің жағдайы түсінікті ғой, барлық жұмыс қолмен атқарылады. Қораның қиын ою да сондай шаруаның бірі. Бүкіл қораның әбден сүрленген күрек бойы қалыңдықтағы қиын аударып, тазалау екі адам үшін бірнеше күнге созылатын үлкен жұмыс. Мен сол жұмысты жасай жүріп, осыны техникамен атқарудың жолдары жоқ па екен деп көп бас қатырдым. Ақыры оның да жолын тапқандай болдым.
Ол кездері малшыларға құдықтан су тартатын «ЗИД» моторы берілетін. Сондай мотордың біреуі менің әкеме де бұйырыпты. Сол моторды қи оюға ыңғайладым. Әрине, ол үшін талай қағазды шимайлауға тура келді. Ленинградта кәсіптік-техникалық училищеде оқығанымның көп пайдасын сол кезде көрдім. Сөйтіп, әлгі мотормен қораның қиын екі сағаттың ішінде аударып тастадым. Менің бұл техникалық жаңалығымның бір кемшілігі – қораның іші мотордан шыққан көк түтінге толып кете береді де, адамның қолқасын қабады. Содан «Исмағұлдың баласы қи оятын мәшине ойлап тауыпты» деген хабар көп ұзамай малшылардың арасына тарап кетті. Көрші отырған қойшы-қолаң әдейілеп іздеп келіп көріп, таңғалғаны бар» деп еске алады Қайрекең.
Мұнан кейін Қ.Исмағұлов бір ауысымда халал жолмен 25 бас ірі қараны, 50 бас ұсақ малды сойып, ішек-қарнын тазалап, мүйіз бен тұяғын жекелеп алатын жылжымалы қасапхананы ойлап тауыпты. Мұндай қондырғылар Германияда, Ресейде бар екен. Бірақ олар өте қымбат, ал Қайролланікі олардан көп арзан.
Демек малшыға көмектесу үшін ең алдымен, Үкіметте ниет болуы керек. Осы саладағы ғылыми жобалар мен өнертабыстарға ауық-ауық байқаулар жариялаудың өзі көп мәселені шешкен болар еді. Бұдан басқа да жолы көп екені анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ