БАСШЫЛАР БАЙЛАНЫС АЯСЫНАН ТЫС ЖЕРДЕ

0

Биыл 90 жыл толып отырған «Қордай шамшырағы» аудан жаңалықтарының басты жаршысы, айнасы, көрінісі. Жүз жерден сайт ашып, әлеуметтік желідегі парақшаларда істелген еңбегіңді паш етсең де газетке беріліп, тасқа басылғандай тарихта қалмайды. Замана көшінен қалмаймыз деген жақсы үрдіс, алайда уақыттың өзі дәлелдегендей газеттің жөні бір бөлек.

Мұнымен не айтпағымыз бар. Соны түсіндіре кетсек. Жыл сайын ауданда қыруар жұмыстар қолға алынады. Ауыл шаруашылығынан бастап құрылыс, экономика, мәдениет, тағысын тағы… Он тоғыз ауылдық округі, қырық бір елді мекенінде орын алған жақсы жаңалықтар мен көкейтесті мәселелер аудандық газет беттерінде айшықталып жатқаны.Алайда, соңғы кездері ауылдардан хабар алу қиынның қиынына айналуда. Қазір сол хабар алмасудың аса дамыған заманы. Бірақ, ауылда болған кішкентай ғана жағымды жаңалығын, атқарған ісін ауыл әкімдері жасырып қалуға құмар. Осы тенденцияны түсіне алмадық. Бұрынырақ көшесінде көлденең жатқан тасты шетке ысырып тастаса соны таудай қылып жеткізетін ауыл басшыларына не болғанын түсіне алмай әлекпіз. Иә, рас, тілшілер қауымы ең бірінші өздері ұмтылып, әр ауылдан жаңалық іздеп, ізденіс үстінде болуы тиіс. Бірақ, сұраған дүниесіне жете алмай, қайта-қайта телефон шалып, әні береміз, міне аттандырамыз деген ақпараттары ақыры соңы жоқ болып шығады. Осында бір мысал айта кетсек. Өткен айда аудан әкімі Мәден Мұсаев ауылдық округтерді аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып шықты. Сонда таң қалғанымыз, әр ауылда біз күтпеген тың жаңалықтар орын алған. Осылар туралы «жұмған аузын ашпаған» ауыл әкімдеріне не болғанын түсіне алмадық. Әрине, барлық әкімдер осындай деп «көпшілікке топырақ шашудан» аулақпыз. Ішінде үнемі газетпен тығыз байланыста жүретін жандар жетерлік. Әрқайсының атын атап, түсін түстемей-ақ, бізбен байланысы барлар мен мүлдем «байланыс аясынан тыс жерде», «сен тимесең мен тиме бадырақ көз» болып жүргендер жайын айтып өтсек. Ауылында атқарылып жатқан әр мәселе туралы үнемі хабарлап, тіпті тілшілерді шақырып, жағымды дүниелерімен бөлісіп, сол арқылы өз жұмысын көрсетіп жүрген Қарасай, Сортөбе, Масаншы ауылдық округтерін ерекше атап өтуге болады. Жамбыл, Қақпатас, Бетқайнар, Сарыбұлақ, Степное ауылдық округтері әкімдерімен байланыс жасап, жаңалықтарға әупіріммен қол жеткізуге болады. Қалған аты аталмаған округтермен редакция арасындағы байланыс қазір тіпті жоқ. Оларға газет қандайда бір құрметті адам қайтыс болғанда көңіл айту үшін ғана қажет сияқты. Ол ауылдар туралы ақпаратты, атқарылып жатқан жұмыстарды аудан әкімдігінің бөлімдері арқылы ғана біле аламыз. Өз ауылында қолға алынған бір жұмысты не болмаса проблемалық мәселені ауыл әкімінен жақсы ешкім білмейді, түсіндіріп айта алмайтыны белгілі. Бірақ, хабарлауға, жақсы жаңалығымен бөлісуге асықпайтыны түсініксіз. Әлде, әлдекімнен, әлденеден жасқанама, ол жағын біле алмадық.
Осы орайда аудан әкімдігінің бөлімдері тарапынан да көп дүниені уақтында біле алмайтынымыз да өкінішті. Абаттандыру екі айлығы жайында күз бен көктем тура тірелгенде ғана газет естеріне түсетін ТКШ ЖК АЖ бөлімінен басқа дүниені сұрап алудың өзі оңай емес. Солар арқылы ауданда қыруар жұмыстар жасалып жатыр. «Ұра берсең киіз қазық та жерге кіреді» демекші, әйтеуір құрылыс бөлімінен тап-тұмдап ақпарат түседі. Ал, кәсіпкерлік бөлімі туралы айтудың өзі артық. Ауданда алып жобалар іске асып жатқаны туралы жақында «Аманат» партиясының аудандық филиалында бөлім басшысы берген есебінен білдік. Ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысына бағасын жақында аудан әкімі өзі-ақ берген. Ол жақсы баға болмаған еді.
Ең қызығы жұмыс ауданда қызып жатыр. Әр бөлімде, әр ауылда жетерлік. Соны неге жар салмасқа, сол арқылы елге өз еңбегіңді айтып, атқарып жатқан айтулы жұмыстарыңды неге паш етпеске? Оның несі айып? Биыл жыл басында аудан әкімі Мәден Мұсаев аудандық мәслихат депутаттарымен кездесуінде «Әр халық қалаулысы газетке өзі атқарған жұмыстары туралы беріп тұрғаны дұрыс болар еді, сол арқылы халық білер еді депутаттардың белсенділігін», — деп ұсыныс тастаған болатын. Содан газетіміздің әр санында әр депутаттың халықпен кездесуі, құрылыс нысандарын аралауы және өзге де жұмыстары жариялана бастады. Бірақ, ол да ұзаққа созылмады. Арты ұмыт болды.
Осында айта кетерлігі, қазіргі таңда тек хат арқылы жұмыс жасауға әбден бейімделген мекемелер мен әкімдіктерге біздердің тарапымыздан хатты борататын болсақ, оның өзінің жауап беру мерзімі бар. Ол мерзім міндетті түрде бұзылады. Ол жауапкершілік жүктейді. Сонымен қатар, ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы, оның ішінде 20 бап өрескел бұзылуы мүмкін. Бұл мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін қажет емес.
Бұдан не қорытынды шығаруға болады? Ешкімді жұмысың жоқ деуден аулақпыз. Ауданда ауқымды істер атқарылып жатыр. Соны неге уақытында көрсетуге болмайды? Қазір аудандық газетке шыққан жақсы бір жаңалық ол міндетті түрде облыстық, тіпті республикалық басылымдар мен телеарналарға шығады. Түрлі республикалық сайттарға беріледі. Бұл ауданда атқарылып жатқан көптеген оң тірліктің үлкен көрінісі болар еді. Осыған жауапты жандар мән берсе дейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.