Кейде тұтас бір елдің тыныс-тіршілігін, белгілі бір өңірдің даму қарқынын немесе халықтың әл-ауқатын бір ғана санмен сипаттауға болады. Алайда сол санның артында қаншама адамның еңбегі, ізденісі, жауапкершілігі мен ұқыптылығы жатқанын көпшілік біле бермейді. Әрбір көрсеткіш белгілі бір саланың жетістігі мен өзгерісінің көрінісі.
Осындай маңызды деректерді жинақтап, саралап, ел дамуының нақты көрінісін қалыптастырып жүрген жандар – статистика саласының қызметкерлері. Елімізде, 8 қараша осы жауапты салада еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби мерекесі. Бір қарағанда, статистика тек сандар мен есептерден тұратын сала секілді көрінуі мүмкін. Бірақ оның маңызы әлдеқайда тереңде. Себебі бүгінгі жиналған мәлімет ертеңгі жоспардың негізіне айналып, қабылданатын шешімдердің дұрыстығына ықпал етеді. Сондықтан статистика мамандарының еңбегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалауда айрықша орын алады. Бұл салада жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені статистикалық ақпараттың дәлдігі мен шынайылығы – ең басты талап. Бір ғана көрсеткіштің артында кәсіпорындардың өндірістік қуаты, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, отбасылардың тұрмыс жағдайы, ауыл шаруашылығының әлеуеті немесе аудан экономикасының даму деңгейі тұруы мүмкін. Сондықтан мамандар әрбір мәліметке мұқият қарап, ақпараттарды салыстырып, тексеріп, жүйелеп отырады. Олардың күнделікті жұмысы көзге көріне бермегенімен, нәтижесі аудан мен өңірдің даму көрсеткіштерінен айқын байқалады. Осы бағытта Қордай ауданының статистика басқармасының ұжымы да маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Басқарма қызметінің негізгі мақсаты – ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақты әрі шынайы деректер негізінде көрсету, статистикалық ақпараттарды жинақтау, өңдеу және талдау. Мұнда әрбір мәліметтің маңыздылығы ескеріліп, аудан өмірінің түрлі салалары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Қордай ауданының статистика басқармасын 2023 жылдың маусымынан бастап Венера Темірова басқарып келеді. Басқармада сондай-ақ, бас маман Мадина Бедишева, жетекші мамандар Айгерім Ниязова, Гүлжан Намазбаева, Еман Шагалдиева және Әсел Сейдекеш еңбек етуде. Мамандардың күнделікті қызметі сан саланы қамтиды. Олар құрылымдық статистика, еңбек статистикасы, ауыл шаруашылығы, инвестиция, өнеркәсіп, сауда, баға, көлік және қызмет көрсету салалары бойынша статистикалық ақпараттарды жинап, талдау жұмыстарын жүргізеді. Аудан аумағындағы кәсіпорындар мен ұйымдардан келіп түсетін есептерді қабылдап, олардың дұрыстығы мен толықтығын тексереді. Жиналған деректерді сараптау арқылы аудан экономикасының даму қарқыны, өндіріс көлемі, инвестициялық белсенділік, еңбек нарығындағы өзгерістер және басқа да маңызды көрсеткіштер айқындалады.
Әсіресе ауыл шаруашылығы саласының маңызы зор Қордай ауданы үшін мұндай мәліметтердің орны бөлек. Өйткені аудан экономикасының бір бөлігі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Егін және мал шаруашылығының көрсеткіштері, өндірілген өнім көлемі, кәсіпорындардың қызметі мен инвестициялық үдерістер туралы нақты ақпараттар ауданның экономикалық әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Ал сауда, өнеркәсіп, көлік және қызмет көрсету салалары бойынша жүргізілетін талдау аудан тіршілігінің басқа да қырларын айқындай түседі.
«Статистика саласы үлкен жауапкершілікті, мұқияттылықты және кәсіби біліктілікті талап етеді. Біздің басқармада әр қызметкердің өзіндік міндеті мен атқаратын жұмысы бар. Бірі статистикалық мәліметтерді жинақтап, өңдеп, талдау жұмыстарын жүргізсе, енді бірі халық арасында сауалнамалар өткізіп, қажетті ақпараттарды жинайды. Осы жұмыстардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан әр маманның еңбегі ортақ нәтижеге тікелей әсер етеді. Біздің басты мақсатымыз – ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақты әрі шынайы деректер арқылы көрсету. Ол үшін кәсіпорындармен, мекемелермен және тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, статистикалық есептердің уақытылы әрі сапалы тапсырылуына мән береміз», — дейді басшы Венера Нұрмаханбетқызы.
Статистика саласының тағы бір маңызды бағыты – халықтың жұмыспен қамтылуы мен үй шаруашылықтарын зерттеу. Бұл бағытта сұхбат жүргізушілер Кенжегүл Тлеубай, Ләйлә Әбишева және Алтынкүл Тәжидинова еңбек етеді. Олардың жұмысы тікелей халықпен байланыс орнатуға, тұрғындардың еңбек қызметі мен үй шаруашылықтарының жағдайына қатысты мәліметтер жинауға негізделген. Сұхбат жүргізушілер тұрғындар арасында сауалнамалар өткізіп, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі, еңбек қызметі, күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен үй шаруашылықтарының ерекшеліктері туралы ақпарат жинайды. Бұл жұмыс үлкен әдептілікті, шыдамдылықты, тіл табыса білуді және жауапкершілікті қажет етеді. Себебі әрбір тұрғынның берген жауабы жалпы зерттеу нәтижесінің қалыптасуына әсер етеді. Халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандардың еңбегі арқылы қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерге баға беруге қажетті маңызды мәліметтер жинақталады. Шын мәнінде, статистика қызметкерлерінің жұмысы тек есеп қабылдап, сандарды тіркеумен шектелмейді. Олар – ауданның бүгінгі бейнесін қалыптастыратын, оның дамуындағы өзгерістерді деректер арқылы сөйлететін мамандар. Қай салада өсім бар, қай бағытта өзгеріс байқалады, қандай көрсеткіштер жақсарды, қай саланың әлеуеті артып келеді – мұның барлығы жүйелі статистикалық талдау арқылы көрініс табады. Бұл ретте, статистика мамандарының еңбегі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын зерделеуде ерекше маңызға ие.
Сандар сөйлегенде – шындық айқындалады. Ал сол сандардың астарындағы шындықты сөйлететін – статистика мамандарының тынымсыз еңбегі!
Әділет Құттыбай