Жуырда Қордай ГЭК колледжінде қазақ халқының ұлы тұлғасы, ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған әдеби музыкалық кеш болып өтті.
Колледж студенттері мен ұстаздары қатысқан шарада Қарлығаш Сегізбаеваның бастамасымен слайдтар көрсетіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Жиынға директордың орынбасары Эльмира Байғожаева, Фаризат Керімжанова ұстаздар Айнура Нуртаева, Любовь Карпова, Тамара Далбаева, тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Гулбану Бөлек қатысты. Кешті 1-курс студенттері Айдана Ералы мен Альбина Рахымбай жүргізді.
Айдана Ералы биылғы жылы халқымыздың көрнекті қайраткері Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейлі жыл екенін ерекше атап өтсе, Альбина Рахымбай ақынның адами қасиеттері жайында сөз ете келе, оның қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы екенін айтты. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914-1915 жылдан 1927-1928 жылға дейін пайдаланып келгені тілге тиек етілді. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының әліпбиімен ашып, ана тілін ұлт ұстазының тіл құралы арқылы оқып үйренгені жайында сөз қозғалды. Одан кейін студенттер ақын мысалдары желісі бойынша шағын қойылымдар қойды.
Жиын соңында Любовь Карпова А.Байтұрсынов – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, дарынды ақын, мысалшы, қазақ тілінің әліппесі мен оқулықтарының авторы, қазақ әдебиетінің даму тарихындағы биік белес болып қала бермек деді. Соңында кітап көрмесі жанынан библиографиялық шолу жасалынды.
Зинахан НАРТБАЕВА, Қордай ГЭК колледжінің кітапхана меңгерушісі