Газетіміздің 90 жылдығына орай ауылдық тілшілер туралы да аздап сөз қозғасақ. Жасы 80 нен асса да әлі күнге редакцияға келіп, өзінің мақалалары мен ел аузынан атты жинақтарын ұсынатын Трудовик Болатқұлов ақсақал жақында тағы бір мәрте қонақ болып кетті. Өтеген ауылының тұрғыны, зейнеткер Трудовик атаның әлі де болса айтары көп, жазары мол.
Бүгінде алты баладан 14 немере, 2 шөбере сүйіп отырған ақсақал аудан тарихын жақсы біледі. Бала кезінен жазу-сызуға көңіл ауып тұратын азамат аудандық басылымда А.Андреев, М.Боқаев, В.Бочков, Қ.Әлімжан еңбек етіп жүрген кезден тығыз байланыста жұмыс істегенін айтады. Өзі колхозда жүргізуші, ферма меңгерушісі және өзге де түрлі қызметтер атқара жүріп қолы қалт етсе «Шамшыраққа» ел ауызынан, ауыл шаруашылығы және өзге де ауыл тынысынан түрлі мақалалар жіберіп отырған. Бұл үрдісті ақсақал зейнетке шыққан соң да тоқтатпай, әлі күнге редакциямен байланысын үзбей келеді.
«Ауылда әртүрлі қызметте 43 жыл еңбек еттім. «Шамшырақпен» байланысым ешқашан үзілген емес. Редакциямен әрдайым хат алмасып, ауылдан жіберген жаңалықтарым үнемі жарияланып тұрды. Бүгінде 90 жыл толып отырған «Қордай шамшырағы» газетінің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Қаламдарыңыз мұқалмасын, абырой- беделдеріңіз арта берсін деп тілеймін», — дейді ауылдық ардагер тілші.
Біз де өз тарапымыздан ақсақалға алғысымызды білдіре отырып, жазарыңыз таусылмасын, жүз жасаңыз деген тілегімізді жеткіземіз.
АУДАНДЫҚ БАСЫЛЫММЕН ҮНЕМІ БАЙЛАНЫСТА
Prev Post