ТУҒАН ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

0

Жеңісхан Нәзікеұлы – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, кәсіби білім беруге және туған елінің дамуына арнаған ардақты азамат. Ол 1945 жылғы 24 ақпанда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қызылсай ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Бала тәрбиесіне ерекше мән берген ата-ананың тәлімін көріп өскен Жеңісхан Нәзікеұлының кейінгі өмір жолынан да ұстаздыққа, білімге деген адалдығы айқын көрінеді.

Ол Қордай ауылындағы Абай атындағы орта мектепті 1966 жылы тәмамдап, азаматтық міндетін өтеу үшін 1967-1970 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болып, Германия Демократиялық Республикасындағы Кеңес әскерлері тобында әскери борышын атқарды. Ел алдындағы азаматтық парызын өтеп келген соң, білімін жалғастырып, Қазақ ауылшаруашылығы институтының инженер-механик факультетіне оқуға түсіп, оны 1978 жылы аяқтады.

Жеңісхан Нәзікеұлының еңбек жолы 1970 жылы Красногор, қазіргі Сұлутөр ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеден басталды. Алғашында мастер, кейін мұғалім болып қызмет атқарып, 1972-1982 жылдары осы училищеде оқу ісінің меңгерушісі болды. Бұл кезең оның кәсіби маман әрі білікті ұстаз ретінде қалыптасуында ерекше орын алды.

1982-1989 жылдары Қордай аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметін атқарып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. 1989-1994 жылдары Қаракемер ауылдық Советінің әкімі әрі ауылдық Совет депутаты болып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге өз үлесін қосты. Ал 1994-2000 жылдары аудандық №10 автобазада инженер болып еңбек етті.

Алайда оның өмір жолындағы ең маңызды әрі жүрегіне жақын саланың бірі – кәсіптік білім беру еді. 2000 жылғы 18 тамыздан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Қордай аудандық оқу-өндірістік комбинатында оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Жеңісхан Нәзікеұлының 28 жылдық ұстаздық және ұйымдастырушылық еңбегінің нәтижесінде Қордай өңірінде 9000-ға жуық ауыл шаруашылығының механизатор-тракторист маманы даярланды. Бұл – жай ғана сан емес, ауданның ауыл шаруашылығы саласына еңбек еткен мыңдаған маманның тағдыры мен еңбегіне қосылған зор үлес.

Ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – шәкірттерінің жетістігі. Бүгінде оның алдын көрген шәкірттері Қордай ауданының ауыл шаруашылығында, түрлі кәсіптер мен өндіріс салаларында еңбек етіп жүр. Бірі механизатор болса, бірі тігіншілік пен шаштараздықты меңгеріп, елге қызмет етуде. Ұстаз үшін шәкіртінің өмірден өз орнын табуы – еңбегінің ақталғанының белгісі.

Жеңісхан Нәзікеұлы өзінің осы өмірлік ұстанымын ұлы Абайдың:

«Сен де – бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан!»

деген тағылымды сөзімен байланыстырады. Шынында да, ол өз «кірпішін» қоғамның қажетіне жарайтын мамандарды даярлау арқылы қалады. Оның бар ғұмыры – адал еңбек етудің, білім берудің, елге қызмет етудің өнегесі.

Еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Жеңісхан Нәзікеұлы 1977 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, 1980 жылы кәсіптік білім беру саласының үздігі медалімен, 1982 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған медальға ие болды. Ал 2005 жылдан бастап Қордай ауданының Құрметті азаматы атанды.

Бүгінде Жеңісхан Нәзікеұлы – бейнеттің зейнетін көріп отырған ардақты қария. Бірақ оның жүрегі әлі де шәкірттерімен бірге. Өзі білім берген азаматтардың көшеде кездесіп, амандасып, хал-жағдайын сұрап тұруы – ол үшін ең үлкен марапат.

«Мен осы үшін өзімді бақытты деп есептеймін» дейді ұстаз.

Бұл сөздің астарында тұтас бір ғұмырдың мәні жатыр. Өйткені адам өмірінің шынайы өлшемі – алған атақ-абыройында ғана емес, артында қалдырған ізінде, тәрбиелеген шәкіртінде, елге жасаған игілікті ісінде.

Назикеев Жеңісхан Нәзікеұлының ғибратты ғұмыры – адал еңбектің, ұстаздыққа деген сүйіспеншіліктің және туған елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болып, есімі Қордай елінің тарихында өзіне лайықты орнын ала берері сөзсіз.

Өмірлік жолдасы Назгүл Сейітбекова 40 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, білім саласына орасан зор үлес қосқан жан. Қордайдың қадірлі азаматтары 8 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың барлығын ұясы мен қиясына қондырып, олардан 17 немере мен 3 шөбере көріп отырған бақытты адамдар.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.