Жасөспірімді тәрбиелеу – дайын рецепті жоқ күрделі міндет. Бұл жерде кейде талапшылдық, кейде төзімділік қажет болса, кейде баламен уақытында сөйлесіп, оны тыңдай білудің өзі жеткілікті.
Бұл туралы Фарида Садыққызы Нұрова жақсы біледі. Оның артында – ішкі істер органдарындағы көпжылдық еңбек жолы, мінезі қиын жасөспірімдермен жүргізілген жұмыс және мол өмірлік тәжірибе бар.
Фарида Садыққызы көпбалалы отбасы өскен. Үлкен ағалары әрдайым жанынан табылып, қолдау көрсетіп, қамқорлық таныта білді. Бәлкім, содан да болар, «түсіністік», «назар аудару» және «адамгершілік» ұғымдары оның бала күнінен бастап өмірлік ұстанымына айналды.
Мектепті бітірген соң ол педагогикалық институтқа түсті. Дегенмен, кәсіби тағдыры басқаша өріліп, ішкі істер органдарына қызметке келді. Оның алған педагогикалық білімі кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуде өте пайдалы болды.
Қызмет еткен жылдары ол түрлі мінездермен және өмірлік жағдайлармен кезікті. Осылайша, ол жасөспірімнің дөрекілігі мен тіл алмауының артында әрдайым ереже бұзуға деген ұмтылыс тұрмайтынына әрқашан көз жеткізіп отырды.
«Балалар қай кезеңде де бірдей. Көбінесе олардың тіл алмауы – бұл назардың жетіспеушілігінен туған жанайқай. Бала осылайша: «Маған көңіл бөліңіздерші, мені естіңіздерші, мені түсініңіздерші» деп айтқысы келеді, – дейді ардагер.
Отставкадағы полиция майоры Фарида Нұрова жасөспірімдермен жұмыс істеу тек кәсібилікті емес, сонымен бірге үлкен сабыр мен адами төзімділікті талап ететінін ерекше атап өтеді.
«Бөтен бала болмайды», – дейді ол.
Бұл сөздердің артында тек кәсіби сенім ғана емес, өз басынан өткерген тәжірибе де бар. Ол балалар үшін күнделікті жауапкершілік көтерудің не екенін өзі де жақсы біледі.
Ол жұбайының қайғылы қазасынан кейін ерте жесір қалды. Қолында – екі кішкентай қызы. Әрі жұмысты, әрі отбасын қатар алып жүруге тура келді: демалыс пен мереке күндері де өзге де қызметкерлермен бірдей қызмет атқарды. Түрлі қиындықтарға қарамастан, ол қыздарын өсіріп, екеуіне де жоғары білім берді.
Бүгінде қызмет еткен жылдарын еске алып, қазіргі балаларға қарап отырып, ардагер жаңа ұрпақты «нашарлап кетті» деп есептемейді.
«Мен қазіргі жастарға қарап, оларға таңғаламын әрі сүйсінемін. Олар өте ақылды, зерек, бәрін жылдам ұғып алады. Содан да болар, қазіргі балалар қиын дейтіндермен келіспеймін», – дейді ол.
Фарида Садыққызының пікірінше, жасөспірімдермен жұмыста басымдықтарды дұрыс белгілей білу маңызды. Меірімділік пен түсіністік талапшылдықты жоққа шығармайды. Кейде қаттылық танытып, шекараларды белгілеп, жасаған әрекеттің салдарын түсіндіру қажет. Бірақ катаңдық баланы қорламауы тиіс.
Ең бастысы – бейжай қарамау. Алдын алу жұмыстары, уақытылы жасалған әңгімелесу, отбасы, мектеп және айналадағы ересектер тарапынан көрсетілген назар көбіне үлкен мәселелердің алдын алуға көмектеседі. Кейде жасөспірімге өте аз нәрсе керек – оны тәртіп бұзушы ретiнде емес, көмекке мұқтаж адам ретінде тыңдап, түсінсе болғаны.
Қызмет еткен жылдары Фарида Нұрова түрлі жағдайларды бастан өткерді. Кей жерде қайсар мінез қажет болса, кейде жылы сөз бен аналық мейірімнің өзі жеткілікті еді. Оның кәсіби өмірінің басты сабағы да осы болар: тәрбиелемес бұрын, түсіну керек.
Өйткені әрбір жасөспірімнің артында өз өмірлік оқиғасы тұр. Ал оны ести білетін ересектің табу-табылмауына кейде ойлағаннан да көп нәрсе байланысты болады.
Шолпан САБАНОВА