Экономикаға кредит беруді шешу біржақты қаралатын мәселе емес. Бұл ретте Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тізе қосып жұмыс істеуі шарт. Дегенмен экономикаға несиені ұсынатын басты институт банктер болғандықтан, олармен тікелей жұмыс істейтін агенттік пікірін білу маңыздырақ. Қайткенмен, агенттік банктердің жай-күйін жақсы біледі, оларды қадағалап, тексереді, әрбір қаржы институтының әлеуетінен хабардар.
Әрине, бизнес субъектілеріне тиімді қаржы көзі қашанда қажет. Бірақ Ұлттық банк бірнеше ай қатарынан қатаң ақша-несие саясатын ұстанады. Бұл кәсіпкерлер үшін оңайға соқпайды. Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, ақша-несие саясатының қатаңдатылуына қарамастан, банктерде несие берудің оң серпіні байқалады. 2022 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша экономикаға 21,1 трлн теңге несие берілген. Оның ішінде, заңды тұлғаларға – 8 трлн теңге. Егер жеке кәсіпкерлерге берілген қарыздарды қоса есептейтін болсақ, биыл 9 айда бизнес еншісіне тиген қарыздың жалпы сомасы – 8,9 трлн теңге.
«Бизнеске кредит беру құрылымында шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген кредиттер басым, олар жыл басынан бері 6,8 пайызға, 5,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Осы жылдың 9 айында қарыз алушы саны 167 мыңнан 255 мыңға өскен. ШОБ кредиттері 2020 жылдан бастап оң серпінді көрсетіп отыр. Бұл көп жағдайда реттеушілік ынталандыру шараларымен және кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға және кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған кезде кепілдік алуға мүмкіндік беретін кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдаудың іске асырылып жатқан бағдарламаларына байланысты. Биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын 2023 жылдың соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылданып, осы бағдарлама бойынша банктерді қаржыландыру лимиттері кеңейтілді, субсидиялар деңгейі базалық мөлшерлемеге байланыстырылды», дейді М.Әбілқасымова.
Ірі бизнеске берілетін кредиттер 2,7 пайызға, 3,3 трлн теңгеге дейін өскен. ШОБ кредиттерімен салыстырғанда ірі бизнестің барынша баяу өсу қарқыны осы жылғы ірі өтеулермен, сондай-ақ стрестік активтерді төмендету жөніндегі жоспарлар шеңберінде қарыздарды есептен шығаруды жалғастырумен байланысты.
Экономикаға кредит беруге қолдау көрсету мақсатында агенттік реттеушілік сипаттағы жаңа ынталандыру шараларын қабылдаған.
«Банктер капиталының жеткілікті қоры – олардың несие ұсыну белсенділігін арттырудың аса маңызды факторы. Осыған байланысты агенттік ШОБ қарыздары бойынша тәуекел-саралау коэффициенттерін 50 пайызға дейін азайтты. Бұл аталған сегментке кредит беруді ұлғайтуға ықпал етеді. Банктердің өтімділігіне қысымды азайту және бизнеске кредит беру үшін қосымша қаражат бөлу мақсатында өтімділік пен қорландыру нормативтерінің мәндері 1-ден 0,8-ге дейін төмендетілді. Бизнес субъектілеріндегі, әсіресе ШОБ-тағы күрделі жағдайды және сапалы кепілдердің тапшылығын ескере отырып, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері, жабдық, дайын өнім және ТМҚ, болашақта МЖӘ шарттары мен off-take келісім¬шарттары бойынша келіп түсетін ақша қаражаты түріндегі кепілдер бойынша өтімділік коэффициенттерін арттыру арқылы банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптар жеңілдетілді», дейді.
Бұдан басқа, рейтингі жоғары қаржы институттарының кепілдіктері есебінен өтімді қамтамасыз ету тізбесі кеңейтілген. Біздің ынталандыру шараларымыз қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен экономиканың нақты секторына кредит берудің өсуін қолдау арасындағы теңгерімді қолдауға бағытталған. М.Әбілқасымованың сөзіне ден қойсақ, осыған дейін экономикаға несие ұсыну банк пен нақты секторларға тән құрылымдық қиындықтарға байланысты тежеліп келді.
«Бұл, ең алдымен, банктердегі пассивтердің әлсіз әртараптандырылуы және тұрақты ұзақ мерзімді қорлардың тапшылығы. Нақты сектор кәсіпорындарының шамадан тыс кредиттелуі, кепіл тетіктерінің және дәрменсіздікті реттеудің тиімділігін азайтатын заңнамалық кедергілер де басты себептер қатарында. Кредит берудің сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін баға және қаржы тұрақтылығын, фискалдық саясаттың теңгерімділігін, нақты сектор кәсіпорындары мен банктердің орнықтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ кепіл тетіктерінің және банкроттық институтының тиімділігін арттыруға бағытталған дәйекті және үйлестірілген макроэкономикалық саясатты іске асыру қажет», деп атап өтті агенттік төрағасы.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ