КЕПІЛСІЗ КРЕДИТ: СЫЙАҚЫ МӨЛШЕРЛЕМЕСІН ТӨМЕНДЕТУ КІМГЕ ТИІМДІ?

0

Қазақстанда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 56-дан 40 пайызға дейін төмендету ұсынылды. Мұндай ұсынысты Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Алматыда өткен X Қаржыгерлер конгресінде мәлімдеді. 2011 жылдан бері елімізде ЖТСМ барлық банк займдары мен микронесиелер бойынша 56 пайыз болған еді. 2021 жылдың жазында кепілмен берілетін кредиттер үшін ЖТСМ 40 пайызға, ипотека бойынша 25 пайызға, 45 күн мерзімге 50 АЕК сомасына дейін ұсынылатын кепілді микронесие бойынша 30-дан 20 пайызға дейін төмендетілген болатын. Ал кепілсіз тұтынушылық несие және микроқаржы ұйымдарының несиелері 56 пайыз деңгейінде қала берді. Ү.Шаяхметова осы соңғы 56 пайызды да 40 пайыз қылуды ұсынып отыр.

«Экономикаға барлығы 21 трлн теңге кредит берілсе, соның 13 трлн теңгесі – тұтынушылық несиелер (ипотеканы қоса алғанда). 8 трлн теңге заңды тұлғаларға өндіріс үшін, экономиканы дамыту үшін берілген. Несиенің бұл түрінің әрдайым төмендеп келе жатқанын да айта кетейік. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі капиталды есептеу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар тиімді ставканы төмендету секілді басқа да құралдар бар екенін айтқым келеді. Қазір жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 пайызбен реттеледі, соны 40 пайызға дейін төмендету керек. Соның нәтижесінде, банктердің маржасы азаяды және бөлшек несие беру бұрынғыдай аса тиімді болмайды. Қазір көбі табысты қолма-қол алғысы келеді. Өйткені ақша карточкаға түссе, проблемалық займның бар болуы себепті, ақшасы ұсталып қалады. Екінші жағдай – импорттық тұтыну тауарларының несиесі. Телефон, басқа да құралдар. Біздің халық өзінің төлей алатын мүмкіндігінің шегінде несие алу керектігін біле бермейді. Мүмкін несие амнистиясы жарияланып қалар, не болмаса банк банкроттыққа ұшырар, сөйтіп қарызымыз кешіріліп кетер деп үміттенеді», деді банк басшысы Қазақстан Қаржыгерлер конгресінде сөйлеген сөзінде.
Ұлттық банк дерегі бойынша, қыркүйекте тұтынушылық несие қарқыны артты. Азаматтарға базалық ставканың қымбаттауы да кедергі болмай жатқан сияқты. Тұтынушылық несие жылдық мәнде 27,7 пайызға ұлғайып, 7,19 трлн теңге болды. Ипотекалық несие жылдық мәнде 47 пайызға көбейіп, 4,27 трлн теңгеге жетті.
«Халықтың несие жүктемесін азайту үшін бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Портфелде проблемалық займ саны да артып бара жатыр», деді ол.
Телеграмдағы Tengenomika каналының жазуынша, тұтынушылық займ сыйақысы бойынша тиімді ставканың төмендетілуі банктер мен өзге де қаржы институттарының маржасын шектеп, мұндай қарыздарды беруде демотивациялық әсер ететін болады.
«Қазіргі сыйақы ставкасымен банктер 30 пайыздан асатын кез келген тұтынушылық займнан табыс түсіреді. Шекті ставка енгізілгенге дейін микроқаржы ұйымдары аспандап кеткен сыйақымен несие бере алатын. Банктер қазір де тұтынушылық қарыз бойынша жылдық 56 пайызбен несие беру мүмкіндігіне ие. Тиімді ставканы 16 пайызға кеміту халықтың несие төлеу мүмкіндігін біршама жеңілдетеді. Бұл өте маңызды, өйткені мерзімі өткен және жұмыс істемейтін қарыздардың көрсеткіштеріне оң әсер етеді. Сондықтан ЖТСМ-ның 56-дан 40-қа дейін азаюы несиеге батқан халықтың проблемасын ішінара шешуге көмектесер еді деп ойлаймыз», дейді канал сарапшылары.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев те бұл идеяны қолдайды. Дегенмен қайшылықты пікірі бар екенін де жасырмайды.
«ЖТСМ-ны төмендету рас, банктердің несие беруге деген ынтасын төмендетеді. Демек, экономика тағы да баяулай түседі деген сөз. Екіншіден, несие бойынша банк тарапынан мақұлдаудың азаюы салдарынан лицензиясы жоқ ойыншылар көлеңкелі несие беру үрдісін өршітуі ықтимал», дейді ол.
Бұл көзқараспен RiskTakersKZ сарапшылары келісе қоймайды. Олардың сөзіне қарағанда, бізде тауарлар мен қызметтердің 55 пайыздан астамы несиеге импортталады. Яғни шеттен сатып аламыз. Сондықтан несие берудің азаюы экономиканы баяулата қоймайды.
«Экономика бойынша оқулықтардан білетініміздей, импорт өсімі қысқа мерзімді перспективада ішкі жалпы өнімді (ІЖӨ) төмендетеді. Қайталама әсерлерді ескере отырып, несие берудің төмендеуіне байланысты баяулау 0,1 пайыздық тармақтан аз болады. Алайда экономиканың баяулауы қатты білінбейді. Біздің бағалауымыз бойынша, тұтынушылық несиелер өсімі келер жылы да жалғасады. Ал банктерден несие ала алмаған адамдардың лицензиясыз ойыншыларды жағалауы туралы тәуекел қашанда бар және ондай тәуекел үнемі болған. Мысалы, қазірдің өзінде банктен тауы шағылып қайтқан тұтынушы микроқаржы ұйымдарына барады. Ал олардың тәуекел-тәбеті тым жоғары екенін бәріміз де білеміз. Бірақ онлайн несие беруге тыйым салу және төлем қабілеті төмен азаматтарға несие беру мүмкіндігін шектеу жайлы бастамалар көтеріле бастады», дейді RiskTakersKZ.
Әрине, банктердің бәрі бірдей ойламайды. Оларға ең бірінші кезекте табыс керек. Кепілсіз несие бойынша ЖТСМ-ны 40 пайызға дейін төмендетіп тастау нәпақасын тұтынушылық кредиттен айырып отырған қаржы институттарына ұнамауы мүмкін. Оның үстіне қазіргі қымбатшылық жағдайында несие көлемінің үлкен қарқынмен өсіп бара жатқанын да көріп отырмыз. Отандық тұтынушыларға ештеңе де шектеу бола алып жатқан жоқ. Базалық ставка – 16 пайыз. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, қатаң ақша-несие саясаты әрі қарай жалғаса береді. Демек, несие жақын арада арзандамайды деген сөз.
«Қазір команда біздің болжамдарымызды қайта жаңарту тұрғысында жұмыс істеп жатыр. Осы болжамдық раундтың қорытындысы бойынша деректер мен бірқатар макроэкономикалық факторға сүйене отырып, шешім қабылдаймыз. Қажеттілік туындаса, базалық мөлшерлемені тағы да көтеруге әзірміз. Ол шешімді 5 желтоқсанда жариялаймыз. Біз қашанда шешім қабылдарда негізгі макроэкономикалық параметрлер бойынша болжамдарды, инфляциялық күтулерді және басқа да факторларды назарға аламыз. Ақша-кредит жағдайларын күшейте отырып, біз келешек күнге көбірек мән береміз. Себебі қазіргі жоғары инфляциялық күтулер тұрақтап қалмауы керек», деді Ғ.Пірматов.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.